Мемлекет басшысы жиында биылғы жыл Қызылорда облысы үшін маңызды бастамалардың тоғысқан кезеңі болатынын жеткізді. Атап айтқанда, жыл еншісінде өңірде жаңа заманауи кітапхана мен драма театр құрылысы жоспарланып отырғанын жариялады. Өз кезегінде бұл жобалардың әрбірі аймақтың мәдени-рухани дамуына тың серпін беретінін ерекше атап өтті.
Жалпы, Сыр өңірінде кітапхана салу бастамасы жоғары мәнге ие. Жаңа құтхана тек кітап сақтайтын орын емес, білім мен мәдениеттің, цифрлық технологиялар мен инновациялардың орталығына айналдыруға бағытталып отырған бірегей жоба саналады. Өйткені жаңа кітапхана ғимаратын заманауи инфрақұрылыммен жабдықталған көпфункционалды орталыққа айналдыру көзделген.
Аймақтық айшықты келбетіне айналатын жаңа кітапхана ғимараты өңірдің ірі зияткерлік орталығы болады деп күтілуде. Жалпы аумағы 13 мың шаршы метрді құрайтын нысанда миллионнан астам кітап қоры сақталатын болады. Оған жыл сайын 300 мыңға жуық оқырман келіп, білім нәрімен сусындайды деп жоспарланған. Заманауи құтханада ашық оқу залдары, медиа-зертхана, подкаст студиясы және цифрлық ресурстармен жұмыс істеуге арналған арнайы кеңістіктер қарастырылатын болады.
Негізі, Қызылорда облысының кітапхана саласында соңғы жылдары қарқынды даму үдерісі байқалады. Бүгінде өңірдегі 209 мемлекеттік кітапхана халыққа заман талабына сай қызмет көрсетіп келеді. Бұл жөнінде Әбділда Тәжібаев атындағы Қызылорда облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы басшысының міндетін атқарушы Айгүл Жанғабыловадан сұрап білдік.
«Аймақта кітап оқу мәдениетін қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Халықтың кітап оқуға деген қызығушылығының артып келе жатқаны байқалады. Мұны кейінгі кездегі оң көрсеткіштен байқауға болады. Атап айтқанда, өткен жылдың қорытындысы бойынша кітапханалар 266 103 оқырманды қамтыған. Сондай-ақ былтыр облыс кітапханаларында 10 818 мәдени іс-шара ұйымдастырылып, оған 257 557 адам қатысты. Бұл іс-шаралар оқырман санын арттырып қана қоймай, рухани құндылықтарды дәріптеуге де үлкен үлес қосып отыр», – дейді бұл жөнінде Айгүл Есенқызы.
Кітапхана басшылығының мәлімдеуінше, облыста жастарды кітапханаға тарту мақсатында жаңа форматтағы жүйелі бастамаларға бетбұрыс жасала бастады. Оның ішінде кітапханалардан коворкинг орталықтарын ашу ісінде ілгерілеушілік бар. Нәтижесінде, аймақтағы 89 кітапханада коворкинг орталығы жанданып, жастардың білім алып, шығармашылықпен айналысуына мүмкіндік беретін заманауи алаңға айналдырыпты.
Өткен жылы Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы ғимаратына ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізілген. Соның негізінде оқу залы, өнер залы, мерзімді басылымдар бөлімі, коворкинг орталығы мен электронды оқу залы жаңартылып, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы жағдай жасалды. Мұны кітапхананы заманауи талаптарға сай бейімдеудің нақты көрінісі деуге болады.
«Аймағымызда ашылған «Руханият» орталықтары да кітапхана қызметінің жүйесіне жаңа серпін беріп отыр. Әсіресе, аудандарда ашылған орталықтарда түрлі мәдени-танымдық шара өткізіліп тұрады. Оған келушілер саны да жыл санап артып келеді. Осы орайда облысқа қарасты Сырдария ауданындағы Нағи Ілиясов және Бесарық ауылдық кітапханалары жергілікті кәсіпкерлердің қолдауымен толықтай жаңғыртылғанын да ерекше атап өтер едім. Биылғы өңірде өткен Ұлттық құрылтай барысында Мемлекет басшысы Қызылордада заманауи кітапхана салу қажеттігін атап өткені көпке мәлім. Бұл бастама сала мамандарына жігер сыйлады. Жаңа орталық еліміздің мәдени-рухани дамуына тың серпін беретініне зор сеніммен қараймыз», – дейді облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы басшысының міндетін атқарушы.
Өңірде кітапхана ісін дамыту арқылы білім беру, мәдениет, ақпарат және демалыс орталығын қалыптастыру жоспары бар. Бұл бағытта кітапханалар дәстүрлі кітап мәдениеті мен заманауи цифрлық технологияларды қатар үйлестіріп келеді.
Биылғы 2026 жыл Президенттің пәрменімен «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялағаны мәлім. Бұл кітапхана саласына да жаңа міндеттер жүктеп отырғаны аңғарылады. Яғни, кітапханашылар атаулы жыл аясында жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдаланып, оқырмандарға қызмет көрсетуді жетілдіре бастаған. Нақты айтқанда, цифрландыру бағытында облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында 74 компьютер жергілікті желіге қосылып, интернет 100 мбит/сек жылдамдықта жұмыс жасап тұр. Соның негізінде, электронды каталогтағы кітап саны 403 091 данаға жетсе, оның ішінде қазақ тіліндегі кітап қорының үлесі айтарлықтай басым.
Сонымен қатар бүгінгі күнге дейін кітапханада 9399 кітап (1 858 119 бет) цифрлық форматқа көшірілген. Сол сияқты сирек қордағы 917 кітап пен облыстық газеттердің жүздеген топтамасы да цифрландырылғанын айтады.
Кітапхана басшысы сала мамандарының жетістіктерімен де мақтанатынын жеткізді. Бұл тұрғыда өткен жылы кітапханашылар республикалық және облыстық байқауларда жүлделі орындарға ие болып, кәсіби біліктіліктерін жоғары деңгейде таныта білгенін ерекше атап өтті.
Жалпы, Сыр өңіріндегі дәстүр мен жаңашылдықты ұштастырған руханият ордаларында атқарылған жұмыстардың ауқымы кең. Алдағы уақытта заманауи талаптарға сай салынатын жаңа кітапхана аймақтың зияткерлік әлеуетін нығайтып, цифрландыру мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін одан әрі кеңінен пайдалануға оң ықпал боларына сенім зор.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы
