Таза табиғат, жасыл орман, саф ауа, сыңғырлаған мөлдір бұлақ – адамзат тіршілігінің қайнар көзі. Қоршаған ортаның тазалығы – адам денсаулығы мен өмір салтына тікелей әсер ететін негізгі фактор. Сондықтан табиғатты қорғау, оны сақтау – адамзатқа ортақ міндет.
«Таза Қазақстан» – тартымды болашақ
95
оқылды

Дүниежүзілік метеорология­лық ұйым (ДМҰ) жариялаған соң­­ғы баяндамаға сәйкес, Жер шары­ның климаты бүгінде бақы­лау тарихындағы ең тұрақсыз әрі қауіпті кезеңдердің біріне жет­кен. Ұйым деректеріне сүйенсек, 2015-2025 жылдар аралығы адам­зат тарихындағы ең ыстық ке­зең­дердің бірі ретінде тіркелген. Мә­селен, өткен жылы әлемдік орта­ша температура индустрияға дейінгі дәуірмен салыстырғанда, шамамен 1,43°C-қа жоғары бол­ған. Ғалым­дар­дың айтуынша, мұхиттар жа­һан­дық жылынуды бәсеңдетуде маңызды рөл атқара­ды. Кейінгі жиырма жылда олар артық жылу­дың 90 пайыздан ас­та­мын сіңір­іп, жердің шамадан тыс қызуын тежеп келді. Алайда 2025 жылы мұхитта­ғы жылу дең­гейі рекордтық көр­сеткішке жет­іп, жылыну қарқыны бұрынғыдан екі есеге жуық артқан. Соның сал­­дары­нан мұздықтар жылдам еріп, теңіз деңгейі 1993 жылдан бері шамамен 11 санти­метрге кө­терілген. Мамандардың пікірін­ше, бұл үрдіс тіпті парниктік газ­дар азайған күннің өзінде жүз­д­­­е­ген жылға созылуы мүмкін. Жер шарының мұндай экология­лық ахуалы еліміз үшін де өзекті мәсе­ле саналады. Ресми ақпарат­қа сәй­кес, климаттың жаһандық өз­геру әсерінен кейінгі онжыл­дық­­та Қазақстанда  ауа темпера­турасы орташа есеппен 1-2°C-қа жоғарыл­аған. Бұл, әсіресе, ауыл шаруа­шы­лығына және су ресурс­тарына кері әсер етуде. Сондық­тан дархан да­ла­мыз бен асқар таулары­мызды, өзен-көліміз бен ну орманы­­мызды сақтап қалу әрбір азаматқа жүктелетін үлкен жауап­кершілік десек болады.

Жаһандық үрдіспен үндес қадам

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қазіргі күні баршамыз үшін ортақ міндетке айналған «Таза Қазақ­стан» экологиялық акциясы жа­һан­дық үрдістермен үндес маң­ыз­ды қадам екені сөзсіз. Рес­публика аумағын түгел қамтып, табиғатқа жанашырлықтан бас­тап, экологиялық мәдениет пен сана қалыптастыруда аталған ұлт­тық жобаның маңызды рөлі бар. Бұл – тек бірреттік шара емес, Табиғат-Ананы қорғауға арнал­ған ұзақмерзімді үрдіс. 2024 жыл­дың қазан айында Президент тап­сырмасын орындау мақса­тында 2024-2029 жылдарға арнал­ған «Таза Қазақстан» экология­лық мә­дениетті дамытудың» тұжыр­ым­да­масын бекіту туралы Үкімет қаулысы қабылданды. Бұл құжат қо­ғамда экологиялық құн­дылық­тар қалыптастыру сала­сындағы мемлекеттік саясаттың страте­гия­лық бағытын айқын­дайды.  Соны­мен қатар азамат­тар­дың табиғатты қорғау және табиғи рес­урс­тарды ұқыпты пай­далану жөніндегі міндеттері енді Конс­титуциямен қорғалады және ол тұр­ақты даму қағидат­тарына сай келеді. Қазақстанның страте­гия­лық зерттеулер инс­титуты Эко­но­микалық саясатты талдау бөлі­мінің бас сарапшысы Әсел Әб­ен­нің пікірінше, жаңа Конститу­цияда экологиялық жауапкерші­ліктің бекітілуі эко­номикалық тұр­ақ­тылығын ны­ғай­тады. Соны­­­мен қатар аталған бастама Қа­зақ­станның халықара­лық мін­детте­ме­лерімен, соның ішінде Paris Agreement аясындағы кли­маттық келісім­дермен үйле­седі. Бұл 2060 жылға қарай көмір­тегі бейтарап­ты­ғына қол жеткізу жөн­ін­дегі ұл­т­тық мақсаттарға да сәйкес келеді.

Демек, биыл «Таза Қазақстан» рес­публикалық экологиялық ак­циясы жаңа деңгейде жалғасады. Себебі Президент тарапынан бұл бастама бірреттік науқан емес, елдің даму философиясына ай­нал­мақ. «Астана Тазалық» ЖШС бас директордың орынбасары Аль­б­ерт Есалиевтің айтуынша, «Таза Қазақстан» қағидаты жаңа қоғамдық құндылықтардың, сон­ың ішінде Конституциялық дең­гейдегі идеологиялық өзектің бірі­не айналуға тиіс деген түсін­ікті қалыптастырады. Яғни, сөз тек аумақты тазалау туралы емес – бұл заңға құрмет, тәртіп, жауапкершілік және қоғам мә­дениетін қалыптастыру туралы.

– «Астана Тазалық» үшін бұл бағыт өте маңызды. Себебі біз күн­делікті тазалықты қамтамасыз етумен қатар, осы мәдениетті қал­ыптастырудың алдыңғы ше­бінде жұмыс істеп келеміз. Сон­дықтан биыл негізгі акцент – тұр­ғындарды жүйелі түрде тарту, цифрлық бақылауды күшейту және тазалықты өмір салтына ай­налдыру. Негізінен, «Астана Тазалық» тек санитарлық таза­лық­пен ғана емес,  қоғамның са­на­сын тазалыққа үйрету, таза­лық­қа баулу қағидасын да қолға алды. Аумақтарды тазалау, қоқыс шығару, жолдарды күтіп ұстау секілді үздіксіз жұмыстармен қатар, «Астана Тазалық» ұжымы түрлі ақпараттық, мағыналық мәні бар видеоролик түсіріп, экоакциялар ұйымдастырады, – деді Альберт Есалиев.

Жұмылған еңбек рекорды

«Таза Қазақстан» экология­лық акциясы басталғалы бері елі­міздің түкпір-түкпірінде сен­біліктер ұйымдастырылып, көше­­лер мен аулалар, саябақтар мен қоғамдық орындар тазар­тылуда. Сонымен қатар аталған жоба жалпыұлттық сипатқа ай­на­ла отырып, мемлекеттік меке­ме­лерді, білім беру ұйымдарын, кәсіпкерлер мен еріктілерді бір­ік­тіріп, ортақ іске жұмылдыруда. Ұлттық жоба аясында «Таза кәсіп – таза аймақ» – таза өндіріс құру, «Киелі мекен» – табиғи және қасиетті жерлерді қорғау, «Таза өлке» – аумақтарды көпші­лік­пен тазалау, «Мөлдір бұлақ» – бұлақтар мен су айдындарының тазалығын сақтау секілді түгел ел аумағын қамту бойынша ауқым­ды іс-шара жүзеге асырылып жатыр. Ресми ақпарат бойынша «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталғаннан бері бүкіл респуб­лика бойынша 1,1 мың эко­логия­лық акция өткізілді, оған 10,4 млн-нан астам адам, оның ішінде 586 мың ерікті қатысты.

Ал 2025 жылдың 9 айында ұйым­дастырылған экологиялық акцияларға 5,4 млн астам адам қатысып, 966 мың гектарға жуық аумақтан 729 мың тоннадан ас­там қоқыс шығарылып, ел аумағы 2,4 млн түп ағашпен толыққан. Сондай-ақ былтыр аумақты таза­лау жұмыстарына бір уақытта шыққан республика көлемінде адам саны бойынша алғаш рет ел рекорды орнатылып, жетістік елі­міздің КИНЭС рекордтар кітабына енгізілді. Нақты айтар болсақ, 2025 жылы 11 қазанда республика бойынша экология­лық акциясына 610 мыңнан ас­там адам қатысып, жұмылған ең­бек нәтижесінде 90 мың гек­тарға жуық территория тазар­тыл­ған және аумақ ерекшелігіне қа­рай таңдалған – алма, қара мой­ыл, тал және ирга секілді же­міс ағаштарымен қатар, 180 мың­ жасыл желек отырғызылған. Экологиялық акция қыс мезгі­лін­де де дәстүрлі түрде жалғасын тауып, аумақтарды қардан, мұз­дан тазартуға бағытталады. Бұл тұрғыда Астана қаласының жол­дары мен көшелерін қардан таза­лау жұмыстары ауқымды масш­таб­қа шығады. Жалпы, 2025 жылы елордада 800-ден астам эко­­логиялық іс-шара өткізілсе, оған 627 мыңнан астам қала тұр­ғы­ны қатысқан. Нәтижесінде, шамамен 120 мың тонна қоқыс шығарылып, аула аумақтары, парк және скверлер, тарихи-мә­дени нысандар тазаланды. Қала­ның негізгі санитарлық тазалық бағыттары бойынша 100%-дық қамту қамтамасыз етілді. Мәсе­лен, Альберт Есалиевтің есебін­ше, «Астана Тазалық» ЖШС қыс­қы кезеңде қаладан 2,2 млн текше метрден астам қар шығар­ыл­ған. Қаланы ақ қар, көк мұз­дан тазалау жұмыстарына және күн­делікті жұмысқа 600-ден астам техника, 700-ден астам жұмысшы жұмылдырылған. Ақпан мен наурыздың басындағы қарлы жау­ын кезінде жұмыс­шыларға біраз салмақ түсіп, қазірдің өзін­де шамамен 200-ге жуық қызмет­кер түнгі ауысымда жұмыс істей­ді. 

Әсіресе, жоба аясында ерікті жастардың белсенділігі ерекше көзге түседі. JASYL EL жастар ең­бек жасақтары республикалық штабының басшысы Нұрасыл Бекматовтың мәліметінше, 2025 жылы JASYL EL арқылы 35,9 мың жас маусымдық жұмыспен қам­тылған. Ал жалпыұлттық жоба жүзеге асырыла бастаған уа­қыт аралығында жастар еңбек жасақтары 2,5 мыңнан астам іс-шара ұйымдастырып, 50 мыңға жуық ағаш отырғызған және 46 мың тоннадан астам қоқыс шы­ғар­ған. Сондай-ақ Нұрасыл Бек­матов, Kazinform агенттігіне берген сұхбатында, «Таза Қазақ­стан» жобасының тиімді жүзеге асуы ашықтық пен жүйелі бақы­лауға тікелей байланысты екенін атап өтеді.

– Бұл бағытта орталық және жергілікті атқарушы органдармен қатар, қоғамдық ұйымдар мен жастар қозғалыстары да белсенді қатысып келеді. Әрбір іс-шара бойынша нақты есеп жүргізіліп, оның нәтижесі қоғамға ашық түр­де ұсынылады. Әлеуметтік желі­лер мен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тұрақты ақ­парат беріліп отырады. Бұл қо­ғам­ның сенімін арттырып, аза­маттарды жобаға белсенді қа­ты­суға ынталандырады, – деді ол.

Цифрлы технология: қайта өңдеудің игілігі

Кейінгі жылдары елімізде қайта өңделетін қалдықтардың үлесі біртіндеп артып келеді. Бір­қатар өңірде қоқысты сұрыптау жүйесі енгізіліп, жаңа қайта өң­деу кәсіпорындары іске қосылу­да. Бұл да «Таза Қазақстан» ұлт­тық жоба­сының игілігі екені анық. Қалдық­тар мен қоқыс­тар­ды жинау және қайта өңдеу, сұ­р­ыптау саласында жаңа техноло­гиялар іске қосылды. Бұл – қоқыс полигондарына тасталатын қал­дықтарды едәуір азайтып, елдің экологиясы мен экономикасына ай­тарлықтай оң ықпалын тигіз­бек. 

Ресми деректер бойынша, елі­мізде жыл сайын 4,5 млн тон­надан астам коммуналдық қал­дық шығады. Оларды қайта өңдеу деңгейі 2024 жылы 25,8%-ға жеткен. Экология және табиғи ресурстар министрлігінің есебін­ше, қалдықтарды тазалау үшін 67 жоба жүзеге асырылып, 346 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген. Қоғамдық қалдықтарды сұрыптау барысында ел аумағына 100-ден астам фандоматтар қойылған. Ал қоқыстарды сұрыптау үшін Ас­тана, Алматы, Өскемен және Ақтөбе қалаларындағы 129 мек­тепке мыңнан аса экобокс орна­тылды. Экобокстарға адамдар түрлі қоқысты бөліп сала алады. Қазір «Таза Қазақстан» эко­жоба аясында заманауи техно­ло­гия­лар­ды экологиялық сын-қа­тер­­лер­ге жедел қолдану жүйесі де жеті­ліп келеді. Елімізде 2024 жыл­­дан бастап @TazaQazBot теле­­грам-боты жұмыс істейді, оның көмегімен азаматтар өз елді мекендерінде экология және аб­ат­тандыру саласындағы мәсе­ле­лер туралы хабарлай алады. Ма­ман­дардың сөзінше, пайда­лану­шыларға ыңғайлы болу үшін бот өтініштерді 21 санат бойынша бөледі, сондай-ақ сұрауларды авто­­матты түрде тиісті қызмет­терге жібереді. Бұл мәселелерді жою үдерісін жедел­детуге және биліктің халықпен өзара іс-қи­мы­лы­ның ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді.

Ең бастысы, экологиялық қоз­ғалысқа кез келген адам қос­ы­ла алады. Сенбіліктерге қаты­су, қоқыстарды сұрыптау, ағаш отыр­ғызу, бұлақ көзін тазарту, балаларды экологиялық әдеттер­ге үйрету – мұның бәрі еліміздің таза, қауіпсіз және жасыл бола­ша­ғына қосылған зор үлес.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ