Қарағанды қаласында ерлер мен әйелдер арасында қоян-қолтық ұрыстың «Жекпе-жек» және «Өзін-өзі қорғау» түрлері бойынша Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. 300-ден астам үміткер бақ сынаған сайыста Ұлттық ұланның «Burkit TEAM» спорт командасының спортшылары 4 алтын, 2 күміс, 1 қола иеленді.
Ерлер арасында абсолютті салмақ дәрежесінде 5572 әскери бөлімінің қызметшісі Али Мұсақұлов чемпион атанса, абсолютті салмақта әйелдер арасында сайысқан 5547 әскери бөлімінің әскери қызметшісі қатардағы Гүлназ Мұрат күміс иеленді.
Сонымен қатар қыздар арасында 58 келі салмақта сынға түскен 5572 әскери бөлімінің әскери қызметшісі Әйгерім Төрехан жеңіс тұғырынан көрінді. Осы жеңісінен кейін ол жекпе-жек ұрыстан еліміздің төрт дүркін чемпионы атанды.

67 келіде өнер көрсеткен 5518 әскери бөлімінің әскери қызметші Манарбек Асембай екінші орыннан көрінсе, 80 келіде кілемге шыққан 3502 әскери бөлімінің әскери қызметшісі Дархан Дәулет алтыннан алқа тағынды. 97 келіде сынға түскен 5572 әскери бөлімінің қызметшісі Абылай Шәкірбеков те ел чемпионы атанды. Бұдан бөлек, абсолютті 73 келі салмаққа дейінгілер арасында күш сынасқан Ұлттық ұлан академиясының курсанты Байбол Қуанышов қола жүлдеге қол жеткізді.
Айта кетейік, біріншілікте жеңіске жеткен ұландықтар 2026 жылы өтетін Азия чемпионатында ел намысын қорғайды.


