Премьер-министр Олжас Бектенов орталық мемлекеттік органдардың, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің және «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басшыларының қатысуымен Экономиканы монополиясыздандыру жөніндегі комиссияның отырысын өткізді.
Экономиканы монополиясыздандыру жайында отырыс өтті
97
оқылды

Онда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономиканы одан арғы ырықтандыру және бәсекелестікті дамыту, оның ішінде тауар және цифрлық нарықтардағы кедергілерді жою, денсаулық сақтау, байланыс, электр энергетикасы, табиғи монополиялар қызметтері саласындағы реттеуді жетілдіру бойынша қойған міндеттерін жүзеге асыру мәселесіне ерекше назар аударылды.

Комиссия Мемлекет басшысының «Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығының орындалу барысын қарады. Басым бағыттардың бірі – дәрі-дәрмектерді нарыққа шығару мерзімін 3-5 жылдан 100 жұмыс күніне дейін қысқарту. Денсаулық сақтау мин­истрлігі препараттарды тіркеу мен сарап­тамадан өткізудің негізгі кезеңдерін бір­ік­тіретін «бірыңғай терезе» қағидаты бойынша композиттік мемлекеттік қыз­метті енгізуде. Халықтың инновациялық медицинаға кең ауқымда қол жеткізуін және технологиялар трансфертін қамта­масыз ету мақсатында комиссия түпкілікті цифрландыру жүргізу және сатып алудың барлық негізгі тізбелеріне дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды қатар енгізу мәселесін қарады.

Деректерді Сәйкестендіру кодтарының базасына енгізу үшін қажетті мобильді құры­л­ғыларды верификациялау мәселесіне де назар аударылды. Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев «Телекоммуникациялар нарығын және де­рек­терді өңдеу орталықтарын дамыту туралы» заң жобасы шеңберінде жүргізіліп жатқан институционалды жұмыстар тура­лы баяндады. Верификация рәсімін заңнама арқылы нақты бекіту тіркеу жүйе­сінің орнықтылығын және цифрлық инфрақұрылымның тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.

Одан бөлек, электрондық құжат айна­лымы жүйелері нарығын дамыту және цифрлық секторда бәсекелестік ортаны қалыптастыру бойынша да атқарылып жатқан жұмыстар туралы хабарланды.

Инвестиция тарту, жаңа қуаттарды іске қосу және тарифтік жүктемені теңес­тіру үшін енгізілген Электр энергиясын бірыңғай сатып алушының жұмысына қатысты сұрақтар, сондай-ақ теміржолдағы кіреберіс жолдар саласындағы проблемалық мәселелерді жою жайы талқыланды.

Экономиканы ырықтандыру шаралары бойынша Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр, Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық эконо­мика министрі Серік Жұманғарин, Энер­гетика министрі Ерлан Ақкенженов,  Өнер­­кәсіп және құрылыс министрі Ер­сайын Нағаспаев, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов және басқа да қатысушылар пікір білдірді.

Отырыс қорытындысы бойынша Пре­мьер-министр Олжас Бектенов мем­лекеттік органдар мен ведомстволарға бірқатар тапсырма берді:

Қаржы министрлігі: мүдделі мемле­кеттік органдармен бірлесіп, сондай-ақ Қордың еншілес (тәуелді) компаниялары мен холдингтерін ескеріп, оны мерзімді өзектендіру жөніндегі нормативтік талапты белгілей отырып, Мемлекеттік мүлік тізілімін жаңартсын.

Ұлттық экономика министрлігі: БҚДА және мемлекеттік органдармен бір­лесе отырып, монополиялық нарық­тарды қос­пағанда, бағалар мен тарифтерді қал­ыптастыру еркіндігін шектейтін нор­ма­­ларды алып тастау жөнінде ұсыныстар енгізсін; жекешелендіру объектілері бойын­ша инвестициялық тартымдылығын арттыру мақсатында Жол карталарын бекітсін; Энергетика министрлігімен бір­­ле­сіп, ырықтандыру туралы Жарлықты ескере отырып, электр энергиясы мен ком­­муналдық қызметтерге қайталама суб­сидиялаудың күшін жою мерзімдерін синхрондау.

Денсаулық сақтау министрлігі: Бір­ыңғай дистрибьютордің сатып алу тізі­міне және амбулаториялық дәрі-дәр­мекпен қам­т­амасыз ету жүйесіне дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарды енгізу про­­цестерін цифрландыруды жед­ел­д­ету.

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі: мобильді құрылғыларды верификациялау бойынша заңнамалық өзгерістер қабылдасын. БҚДА-мен бір­лесіп, электрондық құжат айналымына қатысушыларды іріктеу рәсімдерін жетіл­діру жұмыстарын жалғастырсын.

Ұлттық экономика министрлігі: табиғи монополия субъектілерін дербес айқындау үшін заңнамалық түзетулер қабылдасын.

«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ БҚДА-мен бірлесіп, қорды сатып алу шеңберінде тәсілдерді жетілдіру жұмыстарын әрі қа­рай жалғастырсын.

М.ТӨЛЕУ