Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен ҚР Үкіметінің халықаралық қаржы ұйымдарымен ынтымақтастығы жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысы өтті.
Халықаралық қаржы  ұйымдарымен кеңес өтті
85
оқылды

Жиынға Дүние­жүзілік банк, Халықаралық валюта қоры, Еуропалық қайта құру және даму банкі, Азия даму банкі, Ислам даму банкі, Еуразиялық даму банкі, Шығыс көршілер мен Орталық Азия елдеріне несие беру жөніндегі инвестициялық банкі және басқа да ұйым өкілдері қатысты.

Еліміздің инфрақұрылымын салу және жаңғырту жөніндегі жобаларды жүзеге асыру барысы қаралды. Сондай-ақ макро­экономикалық тұрақтылықты нығайту, адами капиталды дамыту, өнімді инно­вациялар мен ЖИ технологияларын енгізу жөніндегі бастамаларға назар аударылды.

Жаңа Конституцияның қабылдануымен елімізде экономиканың серпінді өсуіне және азаматтардың өмір сапасын жақ­сартуға бағытталған дамудың жаңа кезеңі басталғаны атап өтілді. Өз кезегінде, құқықтық базаны жетілдіру еліміздің инвес­тициялық тартымдылығын артты­рып, жобаларды жүзеге асыруға қажетті кепілдіктерді қамтамасыз етеді.

Экономикалық саясат мәселесі бо­йын­ша Үкіметтің, Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің макроэкономикалық тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын жақсарту жөніндегі 2026-2028 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл бағдарламасын жүзеге асырудың маңыздылығы атап өтілді. 2025 жылдың қазан айынан бері жылдық инфляцияның баяулауы байқалды, бұл – жүзеге асырылып жатқан кешенді шаралардың нәтижесі. 

«Біз баға қысымын, инфляция деңгейін төмендету жөніндегі саясатты табанды түрде жалғастыруға ниеттіміз. Үкіметтің, Ұлттық банк және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің макроэкономика­лық тұрақтылықты қамтамасыз ету және халықтың әл-ауқатын жақсарту жөніндегі бірлескен бағдарламасы жүзеге асырылуда. Биыл біз азаматтардың нақты табысын кем дегенде 2-3%-ға арттыруды алдымызға мақсат етіп қойдық. Бұл – жүзеге асырылып отырған ауқымды жұмыс», – деп атап өтті Олжас Бектенов.

Дүниежүзілік банктің фискалдық сая­сат және экономикалық өсу бағытының өңірлік басшысы Антонио Нучифора мен Халықаралық валюта қорының Қазақ­стандағы миссиясының басшысы Амина Ларэш макроэкономикалық тұрақтылықты жалғастыру бойынша ұсыныстарын жет­кізді. Экономикалық өнімділікті арт­тыруды жалғастыруға және жеке сектордың тұрақты экономикалық өсудің драйвері ретіндегі рөлін кезең-кезеңімен нығайтуға басымдық берілді.

Бұл бағытта жүргізіліп жатқан жұ­мыстар туралы мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өкілдері пікір білдірді.

Президент кеңесшісі, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Әсет Ерғалиев мемлекеттің үлесін төмендету және нақты экономиканы несиелеудегі банк секторының рөлін күшейту жөніндегі жұмыстың маңызды­лығын атап өтті. Бұл мемлекеттік капитал мен жеке капитал арасындағы бәсекелес­тікті болдырмауға мүмкіндік береді. Азық-түлік инфляциясының деңгейін төмендету мәселесіне қатысты сауда нарықтарының тиімділігін одан әрі арттыруға, көтерме-тарату орталықтарының инфрақұрылымы мен логистиканы дамытуға, өндіріс көлемін ұлғайтуға және басқа да бағыттарға назар аударылды.

Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев пен Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы тұрақты өкілі Андрей Михнев экономиканың негізгі секторларында инновацияларды коммер­ция­ландыруды жеделдету және қолдау тетіктерін жетілдіру жөніндегі тәсілдерді атап өтті. Мәселен, экожүйені дамыту құралдары туралы нақтыланды, соның ішінде ЖИ, үлкен деректер мен аддитивті технологияларды дамыту арқылы бағдар­ламаларды және халықаралық өзара іс-қимылды кеңейту іс-шаралары бар.

Премьер-министр цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамытудың маңыз­дылығын атап өтті.

«Цифрландыру мен жасанды интеллек­тіні дамыту – негізгі ұлттық басымдықтар­дың бірі. 2026 жыл елімізде Цифрландыру жылы деп жарияланды, атап айтқанда, жасанды интеллектіні жаппай енгізу, цифрлық сервистерден интеллектуалды мемлекеттік платформаларға көшу және экономиканың барлық секторында деректерге негізделген тәсілдерді кеңінен енгізуге басымдық берілуде. Біз бұл ба­ғытта озық қарқынмен ілгерілеуіміз ке­рек», – деп атап өткен Олжас Бектенов ХҚҰ өкілдерін ЖИ саласындағы белсенді ынтымақтастыққа шақырды.

Еуропалық қайта құру және даму банкінің қолдауымен «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаң­ғырту» ұлттық жобасы аясында жүзеге асы­рылатын Ақтөбе қаласында кәріздік тазарту құрылыстарын салу және ре­конструкциялау жобасына қатысты қарыз со­масының азаюына байланысты борыш­тық жүктемені оңтайландыру нәтижелері қаралды.

Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шархан жүргізілген рә­сімдердің қорытындысы бойынша жұмыс көлемін қысқартпай жоба параметрлерін оңтайландыруға қол жеткізілгенін баян­дады. Мәселен, қол қойылған EPC-ке­лісім­­шарт несиелік келісімнің бастапқы сомасынан шамамен 7,9 млрд теңгеге төмен. Халықаралық серіктестің ұстаны­мын ЕҚДБ-ның Орталық Азия және Моңғолия бойынша басқарушы директоры Хусейн Озхан жеткізді. 

Отырыста Үйлестіру кеңесінің құрамын кеңейту мәселесі қаралды. Еуразиялық тұрақтандыру және даму қорының кеңес құрамына кіруі туралы ұсынысқа қолдау көрсетілді. Сондай-ақ Үкіметтің халық­аралық қаржы ұйымдарымен өзара іс-қимылының тиімділігін арттыру мақса­тында биылғы ақпан айынан бастап кеңестің шешімдерін барлық мемлекеттік орган мен ұйым орындауға міндетті екенін атап өткен жөн. 

Жиын соңында Премьер-министр Олжас Бектенов Үкіметтің халықаралық қаржы ұйымдарымен белсенді өзара іс-қимылының маңыздылығына назар ауда­рып, тиісті мемлекеттік органдарға оты­рыста айтылған ұсыныстарды зерделеуді тапсырды.

М.ТӨЛЕУ