Жиынға Дүниежүзілік банк, Халықаралық валюта қоры, Еуропалық қайта құру және даму банкі, Азия даму банкі, Ислам даму банкі, Еуразиялық даму банкі, Шығыс көршілер мен Орталық Азия елдеріне несие беру жөніндегі инвестициялық банкі және басқа да ұйым өкілдері қатысты.
Еліміздің инфрақұрылымын салу және жаңғырту жөніндегі жобаларды жүзеге асыру барысы қаралды. Сондай-ақ макроэкономикалық тұрақтылықты нығайту, адами капиталды дамыту, өнімді инновациялар мен ЖИ технологияларын енгізу жөніндегі бастамаларға назар аударылды.
Жаңа Конституцияның қабылдануымен елімізде экономиканың серпінді өсуіне және азаматтардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған дамудың жаңа кезеңі басталғаны атап өтілді. Өз кезегінде, құқықтық базаны жетілдіру еліміздің инвестициялық тартымдылығын арттырып, жобаларды жүзеге асыруға қажетті кепілдіктерді қамтамасыз етеді.
Экономикалық саясат мәселесі бойынша Үкіметтің, Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің макроэкономикалық тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын жақсарту жөніндегі 2026-2028 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл бағдарламасын жүзеге асырудың маңыздылығы атап өтілді. 2025 жылдың қазан айынан бері жылдық инфляцияның баяулауы байқалды, бұл – жүзеге асырылып жатқан кешенді шаралардың нәтижесі.
«Біз баға қысымын, инфляция деңгейін төмендету жөніндегі саясатты табанды түрде жалғастыруға ниеттіміз. Үкіметтің, Ұлттық банк және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету және халықтың әл-ауқатын жақсарту жөніндегі бірлескен бағдарламасы жүзеге асырылуда. Биыл біз азаматтардың нақты табысын кем дегенде 2-3%-ға арттыруды алдымызға мақсат етіп қойдық. Бұл – жүзеге асырылып отырған ауқымды жұмыс», – деп атап өтті Олжас Бектенов.
Дүниежүзілік банктің фискалдық саясат және экономикалық өсу бағытының өңірлік басшысы Антонио Нучифора мен Халықаралық валюта қорының Қазақстандағы миссиясының басшысы Амина Ларэш макроэкономикалық тұрақтылықты жалғастыру бойынша ұсыныстарын жеткізді. Экономикалық өнімділікті арттыруды жалғастыруға және жеке сектордың тұрақты экономикалық өсудің драйвері ретіндегі рөлін кезең-кезеңімен нығайтуға басымдық берілді.
Бұл бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өкілдері пікір білдірді.
Президент кеңесшісі, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Әсет Ерғалиев мемлекеттің үлесін төмендету және нақты экономиканы несиелеудегі банк секторының рөлін күшейту жөніндегі жұмыстың маңыздылығын атап өтті. Бұл мемлекеттік капитал мен жеке капитал арасындағы бәсекелестікті болдырмауға мүмкіндік береді. Азық-түлік инфляциясының деңгейін төмендету мәселесіне қатысты сауда нарықтарының тиімділігін одан әрі арттыруға, көтерме-тарату орталықтарының инфрақұрылымы мен логистиканы дамытуға, өндіріс көлемін ұлғайтуға және басқа да бағыттарға назар аударылды.
Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев пен Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы тұрақты өкілі Андрей Михнев экономиканың негізгі секторларында инновацияларды коммерцияландыруды жеделдету және қолдау тетіктерін жетілдіру жөніндегі тәсілдерді атап өтті. Мәселен, экожүйені дамыту құралдары туралы нақтыланды, соның ішінде ЖИ, үлкен деректер мен аддитивті технологияларды дамыту арқылы бағдарламаларды және халықаралық өзара іс-қимылды кеңейту іс-шаралары бар.
Премьер-министр цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамытудың маңыздылығын атап өтті.
«Цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту – негізгі ұлттық басымдықтардың бірі. 2026 жыл елімізде Цифрландыру жылы деп жарияланды, атап айтқанда, жасанды интеллектіні жаппай енгізу, цифрлық сервистерден интеллектуалды мемлекеттік платформаларға көшу және экономиканың барлық секторында деректерге негізделген тәсілдерді кеңінен енгізуге басымдық берілуде. Біз бұл бағытта озық қарқынмен ілгерілеуіміз керек», – деп атап өткен Олжас Бектенов ХҚҰ өкілдерін ЖИ саласындағы белсенді ынтымақтастыққа шақырды.
Еуропалық қайта құру және даму банкінің қолдауымен «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жүзеге асырылатын Ақтөбе қаласында кәріздік тазарту құрылыстарын салу және реконструкциялау жобасына қатысты қарыз сомасының азаюына байланысты борыштық жүктемені оңтайландыру нәтижелері қаралды.
Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шархан жүргізілген рәсімдердің қорытындысы бойынша жұмыс көлемін қысқартпай жоба параметрлерін оңтайландыруға қол жеткізілгенін баяндады. Мәселен, қол қойылған EPC-келісімшарт несиелік келісімнің бастапқы сомасынан шамамен 7,9 млрд теңгеге төмен. Халықаралық серіктестің ұстанымын ЕҚДБ-ның Орталық Азия және Моңғолия бойынша басқарушы директоры Хусейн Озхан жеткізді.
Отырыста Үйлестіру кеңесінің құрамын кеңейту мәселесі қаралды. Еуразиялық тұрақтандыру және даму қорының кеңес құрамына кіруі туралы ұсынысқа қолдау көрсетілді. Сондай-ақ Үкіметтің халықаралық қаржы ұйымдарымен өзара іс-қимылының тиімділігін арттыру мақсатында биылғы ақпан айынан бастап кеңестің шешімдерін барлық мемлекеттік орган мен ұйым орындауға міндетті екенін атап өткен жөн.
Жиын соңында Премьер-министр Олжас Бектенов Үкіметтің халықаралық қаржы ұйымдарымен белсенді өзара іс-қимылының маңыздылығына назар аударып, тиісті мемлекеттік органдарға отырыста айтылған ұсыныстарды зерделеуді тапсырды.
М.ТӨЛЕУ