Діни экстремизм бағытындағы «ұстаздардың» да гаджет экрандарының ар жағында отырғанын жоққа шығара алмаймыз. Жастар неліктен «Ұстаз» деген ұлы есімді басқаша түсіне бастады? Оны неліктен әлем желіден тауып жүр?
Ұстазды «подписчиктерімен» бағалайтын қоғам пайда болды. Ғаламторсыз бойына ас батпайтын жастар солардың арасынан өздеріне ұнағандарын «ұстаз» санап, табынып жүргендері де жетерлік. Бұрын ұлт ұстаздарының еңбектерін оқып-біліп, таным көкжиегін көркейткен жұрт біртуар перзенттерді өздеріне ұлық ұстаз ретінде көріп, «болмаған бөкейхановтар» мен «әлжуаз әуезовтерге» дес бермейтін. Қазір екпіндеген эгоның кесірі оған иек те қақтырмайды.
Интернетте діни бағытта уағыз жүргізетін тұлғаларды ұстаз санайтындарға не деріңді білмейді екенсің?! Жап-жас өскіннің ғаламтордағы бәзбіреулердің пікірлеріне құдайдай сеніп, соларды мұғалімнен артық қоятыны күн санап көбейіп келеді. Ұлт ағартушыларының еңбектеріне бас қатырмайтындардың педагог қызметіне салғарт қарайтыны анық.
Кезінде әлемнің «Екінші ұстазы» әл-Фараби туралы роман жазған Әнуар Әлімжанов қазақтың «ағартушы» деген ғажайып сөзін орыс тіліне аудару мүмкін емес екенін, «просветляющий, отбеливающий» деген сөзбе-сөз аудармасы мағынасын толыққанды бере алмайтынын жазғаны бар. Демек, «Ұстаз» ұғымының астары өте ауқымды.
Ежелгі Грекиядан шығып «бала жетектеуші» мағынасын беретін құлға айтылған «педагог» сөзі білімсіз, үйге және балаға деген шексіз адал, мектеп ішінде де, одан тыс жерде де баланы қорғау негізгі міндеті саналған қарулы адамдарға арналған. Шығу тарихы осындай жағдаятқа тиесілі педагог замана ағысында басқа маңызға ие болды. Қазақ халқы оның мәнін арттырып, әркімнің педагог болуға мүмкіндігі бар екендігін, ал олардың ішінен ұстаз болып шығудың кім көрінгенге бұйыра бермейтін бақ екенін айшықтап берді. Яғни, «Ұстаз», «Ағартушы» деген ұлық атаулар жайдан жай берілетін құрмет емес. Біз осы қастерлі ұғымның қасиетін тарих қойнауында қалдыруға еш бейіл болмасақ, мектептегі ең қадірлі мамандықтың енді қасиетін барынша оралтқанымыз жөн.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев педагогикалық мамандықтардың мәртебесін көтеруде алдымызға үлкен міндеттер қойып отыр. Ақпараттық технологиялар түрлі тәуекелдерді тосыннан туындатқан тұста, жасанды интеллект дәуірі күн сайын жаңалық әкеліп жатқан сәтте болашақ қоғам мүшелерін тәрбиелеп шығаратын ұлт тәрбиешілеріне артылатын жүк пен жауапкершілік орасан.
Ел Президентінің: «Мен Қазақстан ұстаздарының қажырлы еңбегін жоғары бағалаймын, сіздер жас буынға беріп жатқан білімнің күшіне сенемін. Шын мәнінде, ұстаздық – жай мамандық емес, бұл – ұлы миссия. Адам қандай жетістікке жетіп, биікке шықса да, ұстазының алдында өмір бойы шәкірт болып қалады. Қазақстанның жарқын болашағы Сіздердің табанды еңбектеріңізге тікелей байланысты. Себебі сіздер тұтас ұлтты оқытып, тәрбиелеп жатсыздар. Осы жауапкершілікті терең сезініп, қастерлі міндетті абыроймен атқара бересіздер деп сенемін. Сіздердің еңбектеріңіз ең жоғары құрметке лайық», – деуі бекер емес.
Мемлекет қазіргі уақытта жоғары білім мәселесіне, мамандық даярлау ісіне аса құнтты қарап отыр. Жасырары жоқ, Қазақстан жаңа даму кезеңіне қадам басты. Жаңа Конституцияда ғылым, білім және инновация ел дамуының басты стратегиялық бағыттары ретінде бекітіліп, мемлекеттік саясаттың басымдығына айналды. Сондықтан алдағы уақытта жоғары білім мен ғылым саласында үлкен өзгерістер орын алмақ.
Мемлекеттік саясаттың өзегінде азаматтардың зияткерлік әлеуетін дамыту, кәсіби құзыреттерін арттыру, зерттеушілік мәдениетін қалыптастыру және жаңа технологияларды игеру қабілетін күшейту мәселелері тұр. Президент тапсырмасына сәйкес, технологиялық өзгерістер мен саяси реформаларды жүзеге асыруда білім беру және кадрлар даярлау жүйесін трансформациялау жүзеге асырылмақ. Цифрландыру, жасанды интеллект жағдайында білім беру жүйесінің жаңа технологиялар мен заман талаптарына сай болуы шешуші факторға айналады.
Үкіметтік деңгейде кадрлық мәселелер бойынша отандық 73 мың кәсіпорынды қамтитын сауалнама жүргізіліп, уақыт талабына сай бәсекеге қабілетті мамандар даярлау жұмысы қолға алынды. 700-ге жуық білім беру бағдарламасы қысқартылып, оның орнына ақпараттық технология мен жасанды интеллектке негізделген 21 басым бағыт іске қосылмақ. Сонымен қатар 35 бағыт бойынша білім беру бағдарламалары жан-жақты жаңғыртудан өтіп, тәжірибеге бағдарланған оқытуға басымдық беріледі.
Алдағы уақытта педагогикалық білім беру саласы ерекше назарға алынады. Яғни, заманауи ұстазға жүктелер жауапкершілік айрықша. Олар білім беріп қана қоймай, рухани құндылықтар мен Әділетті Қазақстан идеологиясының, жаңа технологиялардың, оның ішінде жасанды интеллект, цифрлық ортадағы этика мен қауіпсіздіктің, экожүйенің жетекшісі болмақ.
Педагогика саласы күн өткен сайын ақпараттық прессингті бастан кешіріп отырғанын жоққа шығара алмаймыз. Сондықтан әріптестеріміз оған қандай жағдай болмасын дайын болып, кез келген жаңалықтың алдында тұруға бәс тігуде. Ақиқатын айтсақ, дүкенге баруға ерінетін жұрт көбейген заманда GatGPT-мен тапсырма орындайтын жастар саны артып барады. Шығармашылық тұрғыдан педагогтың табиғи қарым-қатынасы оны дамытатынын ескергіміз келмейді. Ертеңгі күні ChatGPT дайындаған медициналық «кітаппен» адам емдеуіміз де мүмкін деген ой келеді.

Жасанды интеллект қарыштап дамыған қазіргі уақытта жазудан, эсседен бас тартып, басқа алгоритм керек деп жүргендер де бар. Өз басым онымен келісе алмаймын. Расында, әркім ақпаратты әртүрлі қабылдайды, ал жазу – сұлулыққа іңкәрлік, тәртіп пен тазалық.
Иә, мектептер мен жоғары оқу орындарында визуалды құралдарға басымдық беріліп жүр. Презентациялар, инфографикалар, қысқа бейнематериалдар мен түрлі визуалды тапсырмалар оқу мазмұнын жеткізудің негізгі тәсілдеріне айналды. Мұндай әдістердің тиімді тұстары жеткілікті. Бүгінгі ұрпақ ақпаратты жылдам ұғынады, көрнекілік арқылы түсінуге бейім. Олар ұзақ мәтіннен гөрі қысқа әрі нақты мазмұнды жақсы қабылдайды. Дегенмен осы үрдістің біржақты дамуы бізді алаңдатуға тиіс. Өйткені жазудың орнын ешбір визуалды құрал толық алмастыра алмайды.
Жазу тек сауаттылықтың белгісі емес, ол – ойлаудың, талдаудың, дәлелдеудің, жүйелеудің негізгі құралы. Адам өз ойын қағазға түсірген сайын, өз ойымен жұмыс істейді. Әр сөйлемді құрастыру барысында дәлел іздейді, салыстырады, қорытынды жасайды. Осы үдеріс адамның сыни ойлау қабілетін қалыптастырады. Егер оқушы немесе студент тек көру арқылы қабылдауға үйренсе, ал жазып жеткізуге машықтанбаса, оның ойлау жүйесі үстірт қалыптасуы мүмкін. Мұндай жағдайда білім сырттай бар сияқты көрінеді, бірақ оның тереңдігі жеткіліксіз.
Әсіресе, эссе мен шығарма жазу – шығармашылықтың көрінісі. Жазу барысында білім алушы тек ақпаратты қайталап қана қоймайды, өз көзқарасын білдіреді. Өз тәжірибесін, дүниетанымын, ой-толғанысын сөз арқылы жеткізеді. Осы арқылы өз ойын жүйелеуге үйренеді. Шығарма жазбаған бала өз ойын ұзақ әрі нақты жеткізуге қиналуы мүмкін. Бұл оның болашақтағы кәсіби қызметіне де әсер етуі ықтимал. Ал жасанды интеллект мәтін құрастыра алады, бірақ ол адамның ішкі сезімін, өмірлік тәжірибесін алмастыра алмайды. Ол қуаныш пен сағынышты, алакөңіл мен үмітті адамның жүрегіндей сезінбейді. Қағазға түсіру арқылы адам өз жан дүниесімен жұмыс істейді. Егер бала дайын мәтінге үйренсе, ол ойланудан да, сезінуден де алыстай бастайды. Бұл – тұлғалық дамуға тікелей әсер ететін құбылыс. Сонымен қатар қате жіберсе, оны түзетуге тырысатын, мәтінді қайта қарап, өңдеуге үйрететін, тіл ұстартып, сауаттылыққа жетелейтін шығармашылық жұмыс білім алушыны жауапкершілікке жетелейді.
Жаһандық жасанды интеллект дәуірінде және жаңарған саяси реформалар кезеңінде педагогика саласына уақыттың талабы мен мемлекеттік саясаттың маңыздылығына сәйкес жауапкершілік те биіктей бермек. Ең алдымен, дүниежүзі бетпе-бет келіп отырған ЖИ дәуірінде өскелең ұрпаққа білім беру әдістемесі өзгеретіні анық. Кешегі төрткүл дүниенің сан түрлі деректерін жеткізетін «Ол кім, бұл не?» энциклопедиясының орнын әп-сәтте кез келген сұрағыңа жауап беретін ғаламтор мен жасанды интеллект басты. Соған сәйкес, ақпараттық қолжетімділік деңгейі артқанымен, оны синтездеу әркімнің өз еркіне байланысты. Бүгінгі баланың техниканы меңгеру шеберлігі әлдеқайда жоғары, кейбір ересектерден де асып түсері анық. Сондықтан мұғалім – баланың алдында барлық қырынан озық, үлгі тұтатын маман болуы қажет.
Қазіргі уақытта баланың білімге деген қызығушылығын арттыру, гаджеттегі қызылды-жасылды ойын-сауықтан алшақтата алатын әдістеме керек. Жасанды интеллект құралын жетік меңгерген, зияткерлік әлеуеті жоғары педагогтың бәсі жоғары, беделі биік боларын уақыттың өзі көрсетіп тұр. Яғни, бүгінгі ахуалға, тенденцияға бейімделе білу әрқашан маңызды.
Рас, мұғалім деген – мамандық, ұстаз деген – ұлылық. Аражігін айырар болсақ, ұстаз – адамның өміріне ұстын болатын, болмыс-бітімі, пайым-парасатымен баланың тұлға болып қалыптасуына септігі тиетін жан.
Әлеуметтік желі арқылы ақпаратты сіңіруге үйренген жұрт су сіңіргендей, хабарды құлақпен немесе көзбен қабылдауға дағдыланып барады. Ол үшін басқа біреу іздену керек, ең қажет дүниені қызқаша жүйелеп беру керек, бұл – даярға маяр. Ізденімпаз кешегі оқырман бүгінгі тыңдарман мен көрермен болуға көшті.
Білімге құштар, талдауды өзі жасауға тиіс қазақ оқырманынан тыңдарман мен көрерменді тудырудың тиімсіз жағдайы көп. Оны Мемлекет басшысы да дөп басып айтты. Жасанды интеллект құрал ғана болып қалуы керек. Президент тапсырмасына сәйкес, еліміздің ғасырға жуық тарихы бар тұңғыш университеті – Абай атындағы ҚазҰПУ жаңа оқу жылынан бастап педагогикалық мамандықтарды оқытуда аса қажетті тұңғыш жоба – Ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультетін ашуды жоспарлап отыр. Мақсат – «жаңа буын» аталатын «цифрлық педагогтарды» даярлау. Яғни, онда технология мақсат саналмайды, ақпараттық технология мен жасанды интеллект арқылы білім беруді күшейту жағы қарастырылады. Сондай-ақ педагогикалық білім беру жүйесіне цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні тиімді енгізе алатын, сыни ойлайтын, әдістемелік тұрғыдан мықты мұғалімдер мен зерттеушілерді сомдап шығару. Бұл факультет – технология арқылы сапалы оқыта алатын мұғалімдерді қалыптастыратын орталық болуға тиіс.
Педагогикалық бағытта әлемдік деңгейдегі көшбасшы университеттердің арасында 41-орынға тұрақтаған Абай университеті – құндылықтардан тұрғызылған мұнара емес, өткен тарихи жетістіктер мен жаңаша ойлауға трансформациялаудың арасындағы алтын көпір. Ұлттық болмысын берік ұстана отырып, шәкірттерге жаһандық жасанды интеллект қуаттарын игеру жолын ұсынбақ.
Түсінген жөн, жасанды интеллект мұғалімді алмастырмайды, ЖИ оны қара жұмыстан босатып, бірақ зор жауапкершілік жүктейді. Біздің мақсат – ЖИ-мен жекпе-жек ұйымдастырып, жеңу емес, оны басқаратын әрі дербес ойлауда талғамын жоғалтпайтын Ұстаз қалыптастыру. Өйткені жүрек пен сезім берілмейтін ЖИ-ді «мылтықсыз майданда» сапалы игеруге Абайша айтсақ, «толық ұстаздың» ғана қауқары жетеді.
Адам алгоритмі жасанды зердеге сауатты промт-жолдарды көрсете отырып, дирижерлік етуге ұмтыла бастады. Ол сапалы да сауатты, парасат-пайымы биік, ішкі мәдениеті жоғары, білімі мен білігі мол мұғалімнің ғана қолынан келері сөзсіз. Себебі кез келген түлға ұстаздың алдынан өтеді. Ал ондай жағдайда қоғам алгоритм тетіктерін игерген ұстазды ғаламтордың қалтарыс-бұлтарысынан емес, мектеп пен университеттен ғана іздейді.
Болат ТІЛЕП,
Абай атындағы ҚазҰПУ
Басқарма Төрағасы-Ректоры
