«Қоғамда осы қағиданы түбегейлі орнықтыру үшін барлық құзырлы орган арасында ортақ көзқарас пен ортақ ұстаным болуға тиіс. Бұл – ең алдымен, ешқандай құқықбұзушылыққа жол бермеу қағидасы, яғни кез келген заңсыздыққа қарсы тұру деген ұстаным. Сондықтан мемлекеттік органдардың осы бағыттағы жұмысын барынша қолдау қажет. Сонда ғана елімізде құқықбұзушылыққа, озбырлық пен зорлық-зомбылыққа қарсы сана-сезім қалыптасады, қоғамға жат кез келген әрекетке төзбеушілік пайда болады», – деді Мемлекет басшысы.
Профилактикалық әңгіме жүргізу рейді
Міне, осы «Заң және тәртіп» қағидасы аясында Қарағанды облысында жүздеген іс-шара өтті. Соның бірі – жүзден астам отбасына барып, профилактикалық әңгіме жүргізу рейді. Құқықбұзушылықтардың алдын алу және қиын өмірлік жағдайға тап болған азаматтарға қолдау көрсету мақсатында полицейлер, депутаттар, әкімдік өкілдері мен жастар белсенділері күш біріктірді. Іс-шара Қарағанды облысының полиция департаменті және прокуратурасының бастамасымен ұйымдастырылды.
Негізгі назар құқықбұзушылықтардың алдын алуға, есепте тұрған тұрғындарды тексеруге және әлеуметтік осал отбасылардың тұрмыс жағдайын бағалауға аударылды.
Қарағанды облысы ПД бастығының орынбасары Жасқайрат Қайыров міндеттерді айқындап, ведомствоаралық өзара іс-қимылдың маңыздылығын атап өтті.
– Биыл заңнамаға профилактикалық жұмысты күшейтуге бағытталған өзгерістер енгізілді. Қылмыстың алдын алу – тек полицияның ғана емес, барлық мемлекеттік орган мен азаматтық қоғам институттарының міндеті. Бұл рейд – осындай бірлескен жұмыстың айқын үлгісі. Алдағы уақытта бұл тәжірибе жалғасын табады, – деді ол.
Ведомствоаралық рейдке қатысушылар 20 топқа бөлініп, Қазыбек би және Әлихан Бөкейхан атындағы аудандарға бағыт алды. Қатысушылар есепте тұрған отбасыларға барып, әлеуметтік осал санаттағы тұрғындармен кездесті, тұрмыстық және құқықтық мәселелерді талқылады. Қажет болған жағдайда заң нормаларын түсіндіріп, бейінді қызметтерді тартты. Барлығы жүзден астам мекенжай тексерілді.
Әлихан Бөкейхан ауданындағы рейдтердің бірі жедел сигнал бойынша ұйымдастырылды: кәмелетке толмаған балаларды қараусыз қалдырған әйел туралы хабар түскен. Рейдтік топ оқиға орнына полицейлермен бірге барды. Ананың жеке басы анықталып, онымен профилактикалық әңгіме жүргізіліп, ескерту жасалды. Рейдке қатысушылардың бірі – қалалық мәслихат депутаты Равиль Садыков аталған отбасын патронажға алатынын және балаларды мектепке дейінгі мекемеге орналастыру мәселесін шешуге жәрдемдесуге дайын екенін мәлімдеді.
Мұндай формат алдағы уақытта да қолданылмақ. Себебі ол ведомстволар мен тұрғындар арасында тікелей байланыс орнатуға, мәселелерге жедел әрекет етуге және қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасыларға уақытылы көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
«Жастар және заң: дұрыс таңдау – жарқын болашақ»
Қарағанды қаласының Қазыбек би атындағы аудан прокуратурасы «Жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу айлығы» акциясы аясында «Жастар және заң: дұрыс таңдау – жарқын болашақ» тақырыбында интеллектуалдық квиз-ойын ұйымдастырды. Іс-шараға аудан мектептері мен колледждерінің оқушылары белсенді қатысты. Бағдарлама жастардың қатысуымен өткен әсерлі флешмобпен ашылып, қатысушыларға ерекше көңіл күй сыйлады. Квиз-ойынның басты мақсаты жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыру, заңға және құқықтық тәртіп қағидаттарына құрметпен қарау мәдениетін қалыптастыру, сондай-ақ кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу болды. Интеллектуалдық сайыс барысында қатысушылар заңнама, азаматтардың құқықтары мен міндеттері жөніндегі білімдерін сынға салды. Түрлі сұрақ пен тапсырмалар арқылы олар өз ойларын ортаға салып, құқықтық тақырыптарды тереңірек түсінуге мүмкіндік алды. Сонымен қатар іс-шара аясында күнделікті өмірде заң талаптарын сақтаудың маңыздылығы кеңінен талқыланды. «Заң және тәртіп» қағидаттарына негізделген саналы өмірлік ұстанымды қалыптастыру мәселесіне ерекше назар аударылды. Ұйымдастырушылар жастарды жауапкершілікке, заң талаптарын қатаң сақтауға және заңға бағынатын мінез-құлықты таңдауға шақырды. Іс-шара белсенді әрі танымдық форматта өтіп, жасөспірімдер арасында құқықтық мәдениетті дамытуға және азаматтық жауапкершілікті арттыруға өз үлесін қосты.
Құқықтық сауаттылық сабағы өтті
Қарағанды қаласындағы №19 мектепте полиция департаментінің бастамасымен құқықтық сауаттылық сабағы өтті. Жоғары сынып оқушыларымен облыстық полиция департаментінің бастығы Нығмет Исмагулов және қызмет басшылары кездесті. Іс-шара «Заң және тәртіп» идеологиясы мен «Қолжетімді полиция» бағдарламасы аясында ұйымдастырылды.

Кездесу басталар алдында Нығмет Исмагулов мектептің қауіпсіздік жүйесін тексерді. Оның ішінде бейнебақылау камераларының жұмысы және олардың Жедел басқару орталығымен ықпалдастырылуы қаралды. Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударылды.
Мектептің акт залында құқықтық сауаттылық сабағы өтті. Оған 8-11 сыныптардың 400-ден астам оқушысы жиналды. Полицейлер жасөспірімдер үшін өзекті тақырыптар – буллинг пен кибербуллинг, есірткі қылмыстары үшін жауапкершілік, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың қылмыстық жауапкершілігі туралы айтты.
– Заңды құрметтеу – бұл өз құқықтарыңды қорғау және өз іс-әрекеттерің үшін жауапкершілік алу. Сіздер – еліміздің болашағысыздар, ал оның өркендеуі сіздердің шешімдеріңізге байланысты, – деді Нығмет Исмагулов.
Департамент өкілдері мектеп оқушыларының сұрақтарына жауап беріп, өз қызметтерінен нақты мысалдар келтірді. Кездесу құқық пен жауапкершілік туралы білімді бекітуге арналған интерактивті викторинамен аяқталды.
Қауіпсіздік – ортақ жауапкершілік
Теміртау қаласында Қарағанды облысы полиция департаментінің бастығы Нығмет Исмагуловтың облыс тұрғындарына есептік кездесуі өтті. Ашық әрі мазмұнды форматта өткен жиында ведомство басшысы полиция қызметінің негізгі нәтижелерін қорытындылап, алдағы кезеңге арналған басым бағыттарды айқындап, тұрғындардың сұрақтарына жауап берді.
Кездесуді ашқан Нығмет Исмагулов ішкі істер органдары үшін басты міндет азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың өмірі мен денсаулығын, мүлкін қорғау екенін атап өтті.
– Бұл бағыттағы жұмыс Мемлекет басшысы айқындаған «Заң мен тәртіп» қағидаты негізінде жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша өңірде қылмыс деңгейі 5 пайызға төмендеді. Атап айтқанда, кісі өлтіру, тонау, ұрлық, бұзақылық және өзге де құқықбұзушылықтар саны азайды. Сонымен қатар қоғамдық орындар мен көшелерде жасалатын қылмыстардың қысқаруы тұрғындардың қауіпсіздік деңгейінің артқанын көрсетеді, – деді департамент басшысы.
Кездесу барысында интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл мәселесіне ерекше назар аударылды. Өткен жылы мұндай құқықбұзушылықтардың саны 2,5 мыңнан асты. Олардың алдын алу мақсатында «Антифрод-орталық» жұмысы жолға қойылып, заңсыз интернет-ресурстарды бұғаттау, алаяқтық қоңырауларды анықтау секілді заманауи тәсілдер енгізілді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде, 2026 жылдың бірінші тоқсанында интернет-алаяқтық 23 пайызға төмендеді. Есірткі қылмысына қарсы күрес бағытында бір жыл ішінде заңсыз айналымнан бір тоннадан астам есірткі тәркіленіп, бірнеше нарколаборатория жойылды. Бұл ретте синтетикалық есірткілердің таралуы алаңдаушылық туғызуда. Осыған байланысты жастар арасында алдын алу және түсіндіру жұмыстары күшейтілуде. Кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу да басты назарда. Өңірде жасөспірімдермен және қолайсыз отбасылармен жүйелі жұмыс жүргізіліп, балалардың түнгі уақытта ересектердің қарауынсыз жүруіне жол бермеу шаралары қабылдануда. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстар да жалғасуда. Есепті кезеңде 7,5 мыңнан астам қорғау нұсқамасы шығарылып, жәбірленушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік берілді. Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне тоқталған Нығмет Исмагулов өңірде 1300-ден астам жол-көлік оқиғасы тіркелгенін атап өтті. Осыған байланысты құқықбұзушылықтарды анықтау, сондай-ақ орташа жылдамдықты тіркеу жүйелерін енгізу бойынша жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде цифрлық технологиялардың маңызы артып келеді. Бүгінде облыс аумағында 86 мыңнан астам бейнебақылау камерасы жұмыс істейді. Олардың бір бөлігі жасанды интеллект элементтерімен жабдықталған, бұл құқықбұзушылықтардың алдын алуға және жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.
Кездесу қорытындысында ведомство басшысы қауіпсіздік тек полицияның емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі екенін атап өтіп, азаматтарға белсенді азаматтық ұстанымы үшін алғыс білдірді. Салтанатты жағдайда құқық қорғау органдарына көмек көрсеткен азаматтар марапатталды. Олардың қатарында 2 сәуір күні Абай қаласында жоғалған баланы тауып, оның табылуына елеулі үлес қосқан Әділжан Дауренбеков бар. «Біздің басты мақсатымыз – Қарағанды облысының әрбір тұрғыны өзін қауіпсіз сезінуі», – деп атап өтті Нығмет Исмагулов.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,
Қарағанды облысы
