Қазір халықаралық олимпиадаларда топ жарып, үздіктер қатарынан көрініп жүрген білімді оқушылар саны артып келеді. Соның бірі «Ғылымдағы балалар» жобасы аясында жақында Бейжіңде өткен 45-ші Ғылым және технология байқауынан екі бірдей оқушымыз бірінші орынмен елге оралды.
Кейінгі жылдары білімдегі мұндай жағымды жаңалықтарды жиі естіп жүрміз. Мәселен, былтыр халықаралық олимпиадаға қатысқан әр екінші оқушы жүлдемен оралған. Сөйтіп, жалпы есепте 1 006 медаль жеңіп алып, халықаралық аренада рекордтық жылды орнатты. Ал енді тақырыбымызға тұздық болып отырған су жаңа олимпиада жеңімпаздарына оралайық. Олар «Алматы дарыны» орталығының оқушылары – Әмірәлі Кибаров пен Әлімжан Әділдабек. Екі өрен де 10 елдің жас ғалымдарынан оқ бойы озық шығып, жобаларын сәтті қорғап, бірінші орынға қол жеткізді. Байқау екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде жобалар байқаудың ғылыми бағыттарына, сәйкестігіне қарай іріктелді. Екінші кезеңге қатысу үшін Қазақстан, Италия, Чехия, Түркия, Малайзия, Оңтүстік Африка, Нигерия, Тайланд және Ресей командалары, сондай-ақ Қытай бойынша мектеп оқушыларының ең үздік ғылыми жобалары іріктелді. Әмірәлі химия санаты бойынша жеңімпаз атанса, Әлімжан ботаника (тіршілік туралы ғылымдар) санатындағы жобалардың ішінде үздікке лайық болды.
– Менің жұмысым жабайы орхидеяларды зерттеуге және оларды дұрыс көшіріп отырғызу арқылы жақсы жерсіндіру жолдарын анықтауға арналған. Зерттеу жұмысына шамамен 2 жыл уақыт жұмсадым. Жұмыс барысында кәдімгі көшіріп отырғызу кезінде саңырауқұлақ жіпшелерін (микориза) қолдану арқылы өсімдіктердің 100% тіршілік етуіне қол жеткізуге болатынын дәлелдедім. Болашақта биотехнолог мамандығында білім алып, өсімдіктер негізінде медициналық препараттар әзірлеумен айналысуды жоспарлап отырмын, – дейді Әлімжан.
Болашақта дәрігер болуды армандайтын Әмірәлі Кибаров бұл байқауға шамамен алты айға жуық дайындалған. Оның ғылыми жобасы гибридті суперконденсаторларға арналған көміртекті материал жасауға бағытталған.
«Қарапайым тілмен айтқанда, энергияны жинақтап, сақтауға тиімді материал әзірлеумен айналыстым. Жобамның ерекшелігі – бұл материалды күріш қауызынан, яғни қарапайым ауыл шаруашылығы қалдығынан алуым. Бұл әзірлемені тек ғылыми тұрғыдан қызықты етіп қана қоймай, сонымен қатар практикалық тұрғыдан да тиімді етеді, өйткені ол қолжетімді әрі арзан шикізатқа негізделген. Зерттеу нәтижесінде менің материалым коммерциялық YP80F материалымен салыстырғанда жоғары көрсеткіштер көрсетті, бұл оның болашақта қолданылуы үшін аса маңызды. Жоба барысында күріш қауызынан гибридті суперконденсаторларға арналған көміртекті материал әзірлей алдым. Оның басты артықшылығы – өндірісінің арзандығы, себебі ол қалдықтан жасалады. Мен үшін бұл –маңызды ғылыми нәтиже, өйткені жоба практикалық пайда мен ресурстарды тиімді пайдалану идеясын ұштастырады.
Болашақта дәрігер болуды армандаймын. Әсіресе стоматология саласы, оның ішінде имплантология бағыты ерекше қызықтырады. Мен адамдарды емдеп қана қоймай, олардың өмір сапасын жақсартуға, денсаулығын, сенімін және күлкісін қайта қалпына келтіруге мүмкіндік беретін мамандықты таңдағым келеді. Бұл мен үшін жай ғана кәсіп емес, үздіксіз дамуға және қоғамға пайда тигізуге жол ашатын өмірлік бағыт», – деді ол.

Беделді байқауға балаларды «Ғылымдағы балалар» – «Дети в науке» жобасының негізін қалаушы, педагог-ғалым Ләззат Абайқызы алып барған.
«Ұшақта келе жатқанда оқушылар менен бұл марапаттың Қазақстанда қандай маңызы бар екенін сұрады. Олар грант иегері бола ала ма немесе «Болашақ» шәкіртақысына үміткер бола ма, қызықтыратын сұрақтары – осы. Бұл сұрақты жыл сайын халықаралық ғылыми жарыстардың жеңімпаздары да қояды. Бірақ жауап әлі жоқ. Ғылыми кадр жетіспейді деп академия ылғи айтады. Ертеңгі ғалымдар қазір мектеп қабырғасында отыр емес пе?!», – дейді Л. Абайқызы.
Әртүрлі халықаралық деңгейдегі байқауда жеңіске жететін болашақ ғалымдарды дайындайтын жобаның негізі қаланғанына 10 жылға жуық уақыт болды. Негізін қалаған Ләззат Құсайынованың айтуынша, жоба ғылымды насихаттау, жастарды ғылыми салаға тарту мақсатында ғылыми білім беруді дамыту, сондай-ақ қазақстандық оқушыларды шетелдегі халықаралық конкурстарға даярлауды (Индонезия, Қытай, Оңтүстік Корея, Малайзия, Тунис және т.б.) көздейді. Және мектеп оқушыларының халықаралық ғылыми байқауларға қатысуы ұйымдастырылады.
«Болашақ ғылыми кадрлар бүгін мектеп партасында отырған балалардың арасынан шығатыны анық. Осыны ескеріп, біз «Ғылымдағы балалар» жобасы аясында түрлі іс-шараны тұрақты түрде өткізіп келеміз. Соның бірі – ғылыми лагерь. Бұл лагерьге келген балалардың басым бөлігі ғылымға қызығады, болашақта ғалым болуды армандайды. Жалпы, ғылым саласындағы іс-шаралардың ішінде ғылыми сауаттылықты арттыру, ғылыми білімді кеңінен тарату және ғылымды насихаттаудың орны ерекше деп санаймын. Тек білім беріп қана қоймай, жастардың интеллектуалдық және шығармашылық еңбегін қолдап, оны құрметтей білу маңызды. Сонда ғана олар өз әлеуетін толық жүзеге асыра алады. Ғылыми сауаттылықпен бірге академиялық адалдық қағидаларын қалыптастыруға да ерекше көңіл бөлу қажет. Себебі осы екі ұстанымсыз сапалы ғылым қалыптаспайды. Ал сапалы ғылым ғана нақты нәтиже беріп, қоғамның дамуына үлес қоса алады», – дейді педагог-ғалым.
Бүгінде «Ғылымдағы балалар» жобасы қарқын алып, жыл сайын жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Тәлімгерлер әр баланың дарынын байқап, оған дұрыс бағыт сілтеуге ерекше мән береді. Биыл жоба аясында тағы бір қуанышты жаңалық бар. Енді халықаралық ғылыми байқауларда топ жарған оқушылар жоғары оқу орындарының грантына ие болып қана қоймай, ақшалай марапаттарға да қол жеткізеді. Бұл – жас зерттеушілер үшін үлкен мотивация. Әрине, «Ғылымдағы балалар» жобасындағы оқушының әрқайсысы болашақта ғалым болып кетпейтін шығар. Алайда олар алған білім мен тәжірибе кез келген салада қажет болары анық.
Сымбат БЕГІМБАЙ
