Эпилепсия – бұл жас таңдап-талғамайтын созылмалы неврологиялық сырқат. Бүгінде жер бетіндегі әрбір елуінші адам эпилепсиямен ауырады. Елімізде де бұл аурудың қарқыны кейінгі 10 жылда үдеп барады, мысалы 2019 жылғы статистикаға қарасақ, 45 мың адам эпилепсияға шалдыққан, 2025 жылы 95 мыңға жеткен. Оның 40 пайызы – балалар. Мамандар науқас саны бұдан да көп болуы мүмкін дейді.
Аурудың асқынуына себеп көп
Мамандар дерттің пайда болуын негізгі екі кезеңге жіктейді. Алғашқысы – 10 жасқа дейінгі балаларда анықталуы, яғни бұл кезеңде генетикалық факторлар, инфекциялар немесе босану кезіндегі жарақаттар себеп болады. Одан кейінгісі – адамның 50 жастан асып, егде тартқан шақта кездесуі. Бұл кезеңде ауруға көбіне-көп ми жарақаттары, инсульт, менингит секілді түрлі ауру себеп болады. Ұстаманың пайда болуына ұйқының сапасыздығы, алкоголь өнімдеріне, есірткіге тәуелділік те әсер етеді. Дегенмен де эпилептологтардың айтуынша, жағдайдың 50 пайызында дерттің түпкі себебі белгісіз болып қалады. Невролог, эпилептолог, нейрофизиолог дәрігер, Ұлттық нейрохирургия орталығының профессоры Гаухар Ибатованың эпилепсияның себептері мен негізгі емдеу әдістері жайында әңгіме құрған едік. Жалпы, эпилепсияның дамуына түрлі фактор әсер етеді.
– Аурудың себебі көп болғандықтан да, эпилепсияны полиэтиологиялық ауруға жатқызамыз. Эпилепсияның туабітті және жүре пайда болған түрі бар. Туабітті ақаулардың өзінің тұқым қуалау арқылы берілетін түрі бар, ананың ішінде жатқанда болған генетикалық мутацияның әсерінен де болуы мүмкін. Ерте және ауыр босану да әсер етеді, мұндай кезде сәбидің миына қан құйылатын жағдайлар да кездеседі, соның әсерінен де ауру дамиды, – дейді эпилептолог.
Оның айтуынша, бала іште жатқанда-ақ 6 аптадан бастап әр триместр сайын сәби миының даму сатыларына көңіл болу керек. Сол кезде ананың бойындағы ауыр өзгерістер сәби миының ақаумен дамуына әкелуі әбден мүмкін. Балаларда минингит, нейроинфекция, менингоэнцефалит сынды аурулардың ауыр асқынуынан соң пайда болатын эпилепсия түрі де жиі кездеседі.
Қоғам науқастарды шеттетеді
Қоғамда эпилепсияға шалдыққан жандар дискриминацияға ұшырап, қысым көретіні жасырын емес. Сол себепті де эпилепсиямен ауыратын жандар ауруханаға барудан, медициналық көмек алудан да бас тартып жатады. Жұрттың науқастарды «дәріге өмір бойы тәуелді», «қоғамға жарамсыз», тіпті «психикалық науқастар» деп айыптап, байыпқа барып түсінбейтіні қынжылтады. Бұрын бұл аурудың интелекттің төмендеуіне әсер етеді деген болжамдар болды, қазір ғалымдардың зерттеуі бұл болжамды жоққа шығарды. Егер пациенттер уақытылы ем алатын болса, ел қатарлы сапалы өмір сүре алады, жұмыс істеп, отбасын құрып, дені сау ұрпақ жалғастыруына болады. Тарихқа көз салсақ, Юлий Цезарь, Александр Македонский, Нострадамус, Данте Алигьери, Иван Грозный, Наполеон Бонапарт, Федор Достоевский, Альфред Нобель, Винсент ван Гог сынды тұлғалардың да эпилепсиямен ауырғаны жөнінде деректер бар.
– Бұл салада еңбек етіп, жағдайды көзбен көріп жүргендіктен, эпилепсиямен ауыратындардың саны осынша деп нақты, сенімді түрде де айта алмаймыз. Көптеген науқас өзінің эпилепсиямен ауыратынын жасырғысы келеді, қызметіне, оқуына зиян тигізеді деп қауіптенеді. Елімізде эпилепсия диагнозы бар адамдарды жұмысқа алмайды, көп адам денсаулығындағы ерекшелікті жасыруға тырысады, дәрігерге барып қаралмайды. Тек мүмкіндігі барлар жекеменшік медициналық орталықтарға барып ем алады, жалпы есепке тұрғысы келмейді, дәрі-дәрмегін өздері сатып алады, – дейді Гаухар Ибатова.
Көптеген елде эпилепсиямен ауыратын адамдарға, егер ауру ремиссия кезеңінде болса, көлік жүргізуге мүмкіндік беретін заңдар бар. Сонымен қатар бірқатар елде адамдарды жұмысқа орналастыру кезінде кемсітуге тыйым салатын заңнамалық актілер бар. Өкінішке қарай, елдегі заң бойынша қызметкердің жұмыс уақытында денсаулығына басшысы жауапты болатындықтан, мамандар қандай да бір ерекшелігі бар жандарға мүмкіндік беруден, жауапкершілік алудан қорқады.
Эпилепсияны бұғаттаудың жолы
Жыл сайын ауру қарқыны ұлғайып бара жатыр, алайда бұл мәселені реттеуге бағытталған арнайы эпилептологиялық орталық санаулы-ақ. Мысалы, Президент іс басқармасы жанындағы Медициналық орталығының ауруханасы жанында құрылған Эпилептология орталығы – эпилептолог, невролог, нейрохиург, функционалдық диагностика дәрігерлері, ядролық медицина және клиникалық фармакологтар секілді мульдисциплинарлық мамандар тобы жұмыс істейтін еліміздегі жалғыз орталық. Сонымен қатар эпилепсияны ең алғаш рет хирургиялық жолмен емдеуді бастаған – Астанадағы Ұлттық нейрохирургия орталығы. Орталық мамандары Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен Францияға, Германияға барып, тағылымдамадан өтіп, тәжірибе жинауға мүмкіндік алған. Мысалы, дәрігерлер тобы Франциядағы әйгілі эпилептолог-хирургтардың жанында тәлім алып, Ресейдегі клиникалардан да тәжірибесін шыңдаған. Елімізде эпилепсияға арналған ең алғашқы операция 2010 жылы жасалады, содан бері орталықта 400-ден аса пациент операциядан өткен. Оның 50-60 пайызға жуығы балалардың үлесіне тиесілі.
– Негізінен, ауру көп жағдайда бала кезден дамып анықталады. Егер ауру ерте басталса, операцияны мейлінше уақыт өткізбей жасаған жөн, сонда ғана нәтиже жоғары болады. Операция қажет болып, бірақ уақыт жоғалтып алған жағдайда ауру ошағы миға түгелдей жайылып, жарақат ұлғая бастайды. Бұл кезде жасаған операцияның пайдасы 40-50 пайыз ғана болуы мүмкін. Сол себепті дер кезінде әрекет ету керек, алайда эпилепсияның барлық түріне операция жасауға келмейді. Мысалы, генетикалық, мутациялық, тұқым қуалайтын түрлеріне операция сәйкес келе бермейді, – дейді Гаухар Ибатова.
Маманның сөзінше, дәрілік ем көмектеспеген жағдайда хирургиялық әдіс қолданылады, бірақ 10 пациент эпилепсиямен ауыратын болса, 2-3 пациентке ғана операция жасауға мүмкіндік болуы ықтимал. Мидағы ауру ошағын хирургиялық жолмен алып тастау үшін нақты көрсеткіштер мен талаптарға сай болуға тиіс. Эпилепсияны емдеудің тағы бір заманауи балама әдісі – VNS терапиясы. Бұл әдіс – дәрі-дәрмекпен емделмейтін эпилепсияны емдеуде, нейростимулятор қою арқылы жасалатын тиімді әдістің бірі. Нейростимулятор мидың электрлік белсенділігін тұрақтандырып, ұстаманың жиілігін мейлінше азайтады.
– Операцияға сай келмеген кезеңде осы мүмкіндікті қарастыруға болады, бұл 100 пайыз ұстаманы тоқтатады деп айта алмаймын, дегенмен кейбір пациенттерде ұстама тоқтап, жойылып кеткен жағдайлар бар. Бұл терапияның да пайдасы бар, себебі күніне 20-30 рет ұстамасы пайда болатын емделушілер кездеседі. Олардың өмірін жеңілдету үшін осы аппаратты қойсақ, күніне емес, аптасында ғана бірнеше рет ұстама болуы мүмкін. Пациенттің жағдайы қаншалықты жақсаратынын, өмір сапасы артатынын түсінген боларсыз, – деп түйіндеді эпилептолог.
Сапалы дәрі-дәрмек жеткіліксіз
Әлемде эпилепсияны емдеуге қажет 35-тен аста дәрі-дәрмек бар болса, елімізде соның тек 13 түрі тіркелген. Сол себепті де бізде ұстаманы тоқтату көрсеткіші 70%-дан төмен болып отыр.
– Елімізде тіркеуден өткен 10-13 түрлі ғана дәрі бар. Әлемде небір жақсы көмектесетін препараттар бар, өкініштісі, елімізде олар жоқ. Бізге әкелінетін препараттардың көбі дженерик болып келеді, яғни халықаралық стандарттарға сай дәрілердің аналогы ретінде жүреді. Әрине, оларды жаман деп айтпаймыз, ауруды басып, көмектесетін сапалылары да бар. Бастысы, бәрі де стандартқа сай келеді, әр пациенттің жеке ерекшелігіне, эпилепсияның формасына, ұстаманың түріне байланысты препаратты жеке ұсынамыз. Бір ескеретіні, эпилепсияның структуралық фокальды жағдайында, яғни мидағы түрлі жарақат, ісік, ақаулардан туындаған ошақты ұстамаларды емдеуде дженерик препарат толығымен көмектесе алмайды, – дейді Г.Ибатова.
Дәрігер тәжірибесіндегі жағдайларды баяндай келе, кей пациенттердің оң нәтижеге жетуі үшін шетелдік дәрілерді өз бетінше іздеп-тауып, сатып алып ішетінін де жасырмады. Қаржылай мүмкіндігі бар жандар шетелден дәрісін өзі алдыра алады екен. Ал мемлекеттік тіркеуден өткен 13 түрлі дәрі емделушілге тегін беріледі.
– Еліміз препараттармен қамтамасыз етуге мейлінше тырысады, қазір «СК-Фармация» компаниясы емханаларды дәрі-дәрмекпен жабдықтап отыр. Пациенттердің өзі дәріханалардан тегін аламыз деп айтып отырады, мұның өзі – үлкен көмек. Бұл препаратты пациенттер үзбай сағатымен ішу керек. Бір күн ішпей қоюға болмайды, препараттар да арзан емес. Тұрақты сатып алса, әжептәуір ақшаны талап етеді. Алайда көп препарат бізде жоқ, болашақта болады деген үмітім бар. Шетелдік кейбір препараттар одан да жақсы нәтиже берер еді, – дейді маман.
Бүгінде медицинаның күн сайын дамып келе жатқанын ескерсек, эпилепсияны жеңілдететін өзге де әдістер бар. Мәселен, кето-диета әдісін дәрігермен ақылдаса отыра қолдануға болады. Пациент көмірсудан толықтай бас тартқанда, мидың қызметі реттеле бастайды. Кетодиета да – медицина ғылымының бір саласы. Демек, эпилепсия да емделетін ауру.
Айсұлу СЪЕЗХАН
