Биылғы жылдың маусымнан тамызға дейінгі кезеңінде "Алматы – Балқаш – Алматы" бағыты бойынша тікелей әуе рейсі іске қосылады, – деп хабарлайды Aikyn.kz Қарағанды облысының әкімдігіне сілтеме жасап. Ұшуларды аптасына бес рет SCAT Airlines әуе компаниясы орындайды. Бағытта 50 жолаушыға дейін сыятын CRJ 200 әуекемелері пайдаланылады.
Бір бағыттағы әуе билеттерінің құны – 16 мың теңге.

Сонымен қатар осы кезеңде "Астана – Балқаш – Астана" бағыты бойынша күн сайынғы әуе қатынасы жолға қойылады. Тасымалдаушы ретінде Qazaq Air әуе компаниясы қызмет көрсетеді. Бұл бағытта 78-ден 86 жолаушыға дейін сыйымдылығы бар Bombardier Q-400 ұшақтары қолданылады.
Бір бағытқа билет бағасы 16 000 теңгені құрайды. Аталған екі бағыт та мемлекет тарапынан субсидияланады.
Жаңа әуе рейстерін іске қосу өңірдің көлік қолжетімділігін едәуір арттырып, Балқаштың туристік әлеуетін жандандыруға серпін береді. Сонымен қатар бұл бастама өңірге келушілер ағынын көбейтіп, инвестициялық тартымдылығын күшейтуге ықпал етеді.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.
