Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының еліміздің көлік-транзиттік әлеуетін дамыту бағытындағы тапсырмаларын орындау жөнінде кеңес өткізді.
Көлік-транзиттік әлеуетті дамыту жөнінде кеңес өтті
106
оқылды

Жиында инфрақұрылымды жаң­ғырту, цифрлық шешімдер енгізу және саланың ел экономикасындағы үлесін арттыру бойынша қойылған міндеттердің сапасы мен мерзімінде орындалуына назар аударылды.

Көлік министрлігінің деректеріне сәй­кес, 2025 жылдың қорытындысы бойын­ша көлік және қоймалау сала­сын­дағы жалпы өнім көлемі 12,2 трлн теңгені құ­рады. Биылғы қаңтар-наурыз айла­рын­да саланың өсімі 12,8%-ға жетті.

Былтыр автокөлікпен ел ішінде 353 млн тонна жүк тасымалданды, «Қалбатау – Майқапшағай», «Талдықорған – Өске­мен», «Атырау – Астрахан» және «Қара­ған­ды – Алматы» бағыттары бойынша жал­пы ұзындығы 2 мың шақырым бола­тын 4 ірі жобаның жұмысы аяқталды. Қа­зіргі уақытта «Ақтөбе – Қызылорда», «Бей­неу – Сексеуіл», «Орталық – Батыс», «Қа­рағанды – Жезқазған» және Сарыа­ғаш айналма жолы бағыттарын қам­ти­тын транзиттік дәліздерді дамыту жұмыс­тары жүргізілуде. Жалпы, жол жөндеу жұмыс­та­рының қамту көлемі 13 мың ша­қы­рым­ға жеткізілді.

ЕАЭО ішкі шекараларындағы авто­кө­лік өткізу пункттерін жаңғырту аясын­да былтыр 2 учаскеде жұмыс аяқталды. Қа­зір 37 нысан құрылыс жұмыстарымен қам­тылған, оларды толық аяқтау 2027 жыл­ға жоспарланған.

Премьер-министр өткізу пункттерін­дегі жаңғырту жұмыстарының баяу жүр­гі­зіліп жатқанын сынға алып, қарқынның жоқ­тығын алға тартты. Барлық опера­ция­­лық процесті жеделдету тапсы­рылды.

Транзиттік әлеуетті кешенді дамыту ая­сында теміржол көлігін дамыту мә­се­ле­лері қаралды. «Қазақстан темір жолы» ҰК деректеріне сәйкес, 2025 жылдың қорытындысы бойынша транзиттік та­сы­малдау көлемі 33 млн тоннаға жетті, бұл 2024 жылғы деңгейден 20%-ға жо­ғары. Транзиттік тасымал үлесі жалпы кө­лем­нің 10%-ын құрады. 2026 жылғы қаң­тар-наурыз айларында транзит тағы 14%-ға өсіп, 8 млн тоннадан 9 млн тон­наға дейін жетті, бұл ретте контейнерлік тасымал 6%-ға ұлғайды.

Кеңесте Транскаспий халықаралық кө­лік бағытын (ТХКБ) дамытуға назар ау­дарылды. ТХКБ бойынша жеткізу мер­зімдерін қысқарту, «Алтынкөл – Поти/Батуми» бағытында өтпелі тарифтер енгізу, Әзербайжан мен Грузиядағы серік­тестермен цифрлық жүйелерді ин­тег­рациялау жұмыстары жүргізілуде. Қазір жалпы ұзындығы 3,9 мың ша­қырым теміржолда ірі инфра­құры­лым­­дық жобалар жүзеге асырылуда, оның ішінде «Мойынты – Қызылжар» жә­не «Бақты – Аягөз» желілерін салу, сон­дай-ақ «Алтынкөл – Жетіген», «Шал­қар – Бейнеу», «Бейнеу – Маңғыстау» және басқа да бағыттар учаскесін жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.

Олжас Бектенов «Бақты – Аягөз» те­мір­жол желісінің құрылысы бойынша ре­сурстардың жеткіліксіз жұмылдырыл­ға­нын атап өтті. Нысандағы техника мен жұ­­мыс күшінің жеткіліксіздігі жобаны жү­­зеге асыруға кедергі келтіріп отырғаны ба­са айтылды. Тиісті шаралар қабылдау тап­сырылды.

Сонымен қатар әлеуетті ашу мақса­тын­да мемлекетаралық түйісу пунктте­рі­нің өткізу қабілетін жылына 100 млн тоннаға дейін кеңейту қажеттігі атап өтіл­ді. Бұл халықаралық тасымалдауға сер­пін беріп, өткізу пункттері арқылы өту тәр­тібін жеңілдетеді.

Премьер-министр теміржол вокзал­дарын жаңғырту жұмыстарының баяу қар­қынын сынға алып, биыл барлық құ­ры­л­ыс-монтаж жұмысын аяқтауды тап­сырды.

Ал теңіз инфрақұрылымын дамыту бойынша Ақтау және Құрық порттарын пайдалана отырып тасымалды жандан­дыра түсу жөніндегі жұмыстар туралы баяндалды. Осы жылы Ақтау портында су түбін 1,3 млн текше метрге дейін те­рең­­­дету жұмыстарын жүргізудің маңыз­дылығы атап өтілді.

Премьер-министр «Ақтау – Баку» ба­ғы­тындағы қатынасқа пайдалану үшін қарастырылған 6 контейнер тасығыш кемені сатып алу рәсімдері кешіктіріліп жатқанына назар аударды. Жаңа көлік­терді аталған бағытқа шығару жұмысын жеделдету тапсырылды.

Азаматтық авиация саласына келсек, 2025 жылдың қорытындысы бойынша мұн­да 20,8 млн жолаушы тасымалданды, әуежайларда 31,8 млн адамға қызмет көр­сетілді, олардың ішінде Астана (9,2 млн адам) және Алматы (12 млн адам) әуе­жайлары бар. 2028 жылға дейін 11 инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыру көзделген, оған 4 жаңа әуежай, 2 ұшу-қону жолағы, сондай-ақ 5 қаладағы ин-ф­рақұрылымды жаңғырту жұмыстары кіреді. Биыл халықаралық маршруттық желіні 30 елде 135 маршрутқа дейін кеңей­ту жоспарланып отыр (2024 жылы – 115 маршрут).

Жиында Президент тапсырмасы бойын­ша қабылданған шаралар нәти­жесінде қазақстандық әуе компаниялар үшін отандық авиаотын құнының төмен­детілгені баяндалды. Бүгінде еліміздің әуежайларында бір тонна отынның бағасы шамамен $800 тұрады, бұл оны көрші елдермен салыстырғанда,тартым­ды ете түседі. Қабылданған кешенді ша­ра­лардың нәтижесінде Қазақстан әуе­жай­ларына жаңа шетелдік компаниялар келе бастады, олардың ішінде Centrum Air (Өзбекстан), Shiraq Avia (Армения), Martinair (Нидерланд), One Air (Ұлыб­ри­та­ния), Atlas Air (АҚШ), MNG Airlines (Түркия) және тағы да басқалары бар.

Сондай-ақ «KTZ Air Cargo» АҚ жүк авиа­компаниясының маршруттық желі­сін дамыту жөніндегі жұмыс жоспарлары­на да назар аударылды. Компания елдің көлік жүйесінің тұрақтылығын арттыру­ды мақсат етеді.

Премьер-министр шағын авиация­ның әуе кемелерін сатып алу бойынша да кемшіліктер бар екенін атап өтті. Осын­­дай ұшақтар қажет авиакомпания­лар­ды қаржыландыру тетіктерін пысық­тау тапсырылды.

Кеңесте саланы цифрландыру мәсе­ле­лері де қаралды. Қазіргі уақытта көлік қа­тынасы әлемнің 42 елімен жүзеге асы­рылуда, тасымалдауға арналған шетелдік рұқ­сат бланкілерінің саны 2022 жылмен са­лыстырғанда, 3 есеге өскен. Бұл проце­дура­ны жеңілдету және жеделдету үшін бланкілерді беру процесі электронды форматқа ауыстырылды. CarGoRuqsat жүйе­сі енгізілді, Қытаймен шексіз алмасу қам­тамасыз етілді, шетелдік рұқсат блан­кілерінің 70%-ы цифрландырылды. 2026 жылдың наурызында Түркі мемлекеттері ұйымы (ТМҰ) елдерімен e-Permit пилот­тық жобасы іске қосылды, сондай-ақ ха­лықаралық тасымалдарға арналған e-CMR пилоттық жобасы жүзеге асырыла басталды. Қабылданған шаралар рәсім­дер­дің ашықтығын арттыруға, мерзім­дерін қысқартуға және әкімшілік шы­ғын­дарды азайтуға бағытталған.

Премьер-министр халықаралық се­рік­тестермен шетелдік рұқсат бланкілерін берудің цифрлық форматына көшу жұ­мыс­тарын жалғастыруды тапсырды.

«Президентіміз транзит еліміздің бас­ты бәсекелестік артықшылықтарының бірі екенін әрдайым айтып келеді. Деген­мен тапсырмалардың орындалуына сын-ескертпелер бар, толық қамту мен жедел­дік жетіспейді. Мен динамиканы тікелей өзім қадағалайтын боламын. Біздің мін­­детіміз – жұмыстың барлық бағыт­ы бойынша күш жұмылдыру», – деп атап өтті жиын соңында Олжас Бектенов.

М.ТӨЛЕУ