Айтыскерге айтылған бұл теңеу қарсыласын сөзбен тығырыққа тірейтін өткірлігі мен кез келген уәжге берер жауабының мергендігін білдірсе керек. Сөздің киесін сезініп, жүйесін таба білетін түркістандық арқалы айтыскермен сұхбат құрған едік. Ол айтыстағы жауапкершілік, қарсыласпен сөз қағыстыру мәдениеті, үлкен буынмен айтысудың өзіндік әдебі жайында кеңінен әңгімеледі.
– Бекарыс, айтыс өнерінде атыңыз озып, мәреден үнемі алда көрініп жүрсіз. Әріптестеріңіз «Айтыстың киллері» деп ат қойғанын да жақсы білеміз. Өткен шаққа қайта оралсақ, айтыстың алғаш табалдырығын аттаған сәттеріңіз есіңізде ме?
– Бұл әңгімені әр сұхбатымда айтып келемін. Көпшілікке таныс жайт деп ойлаймын. Негізі, айтыскер ақын болу бала күнгі арманым болған емес. Кейде өмірде кездейсоқ жағдайлар адам тағдырын мүлде басқа арнаға бұрып жібереді ғой. Алтыншы сыныпта оқып жүргенімде мектепішілік айтыс өтетін болды. Әр сыныптан бір оқушы қатысуға тиіс. Бірақ ол кезде айналамызда айтысқа түсетін, домбыра ұстап, суырып салатын бірде-бір оқушы жоқ. Айтыскерлерді тек теледидардан ғана көретінбіз. Сыныптың топбасшысы болғандықтан, жауапкершілік маған жүктелді. Сол сәтте анам қолдау білдіріп, өлең жазып берді. Өзі де өнерге жақын, суырыпсалма қабілеті бар жан еді. Кейбір оқушыларға мұғалімдері көмектесіп, әйтеуір сол жолы сынып намысын қорғап шықтық. Сөйтіп, тек сыныпты құтқару үшін басталған бұл қадам кейін менің өмірлік бағытыма айналды. Аудандық айтыстарға қатыса бастадым. Қатар құрбыларымның өнерін көріп, қызығушылығым одан сайын артты. Оның үстіне, айтыстың қыр-сырын үйрететін ұстаздар жолығып, өнердің ішкі әлемін, эстетикалық ләззатын сезіндіре бастады. Содан кейін бұл өнерге деген құмарлық оянып, ақындық жолға қалай түскенімді өзім де аңғармай қалдым.
– Ақындық жол осылай басталған екен. Ал ең алғашқы қарсыласыңыз кім болды?
– Ең алғашқы айтысым әлі күнге дейін көз алдымнан кетпейді. Ол шағын ғана сыныпта өткен айтыс еді. Қарсыласым – қатарлас сыныптағы Меруерт деген қыз. Ол кезде айтыстың табиғатын, салмағын толық түсіне қоймаған баламын. Бар ойым – жаттап алған өлеңімді ұмытып қалмай, аман-есен айтып шығу ғана болды. Залда қанша адам отырғанын да, олардың кім екенін де аңғармаппын. Тек қарсыласымның Меруерт екенін білемін. Дайындап келген шумақтарымды айтып шықтым. Сыныптастарым әр тармақ сайын қол соғып, демеп отырды. Бір жағынан, сол қолдауға қуандым, екінші жағынан, өлеңімді ұмытып қалмайын деп іштей қатты толқыдым. Сол сәт жадымда мәңгі сақталып қалды.
Жалпы, айтыста оңай сәт болмайды. Өйткені оның бәрі «экспромт», бәрі аяқ астынан туындайды. Сол жерде сенің білімің де, ақындық шеберлігің де, тапқырлығың да, уәж айта білуің де сынға түседі. Кейде алдын ала ойлап, жоспарлап барған дүниеңнің біреуі де кәдеге аспай қалуы мүмкін. Айтыс үстінде тосын жағдай туып, сөз басқа арнаға ауысып кетеді. Тіпті, қарсыласыңа қарата айтпақ болған ойыңды қазылар алқасы бөліп: «Сендердің әзілдесе алатындарыңды білеміз. Бірақ ел сендерден басқа мәселе күтеді», – деп, мүлде жаңа тақырып тастауы да мүмкін. Сондықтан айтыстың жеңіл тұсы жоқ.
Дегенмен ең жауапты сәт – елдің сөзін сөйлейтін, жұрттың намысы сынға түсетін кез. Ақынның мойнына артылатын жүк те, аманат та – елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтау. Егер өз басыңа қатысты сөзден тосылып қалсаң, ол мін саған ғана тиеді. Ал еліңнің сөзін қорғай алмай қалсаң, онда салмақ тұтас жұртыңның абыройына түседі. Сондықтан ең бастысы – еліңнің есесін жібермеу, елдің намысын қорғап қалу. Мен үшін айтыстағы ең ауыр да, ең жауапты сәт – осы.
– Тәушен Әбуова, Манап Көкенов, Әселхан Қалыбекова, Ақмарал Леубаева, Маржан Есжанова... Түркістан облысының айтыс көшін сүйреген кіл мықтылар еді. Көпшілігінің көзін көріп, тәлімін алған шығарсыз. Аға-апалардың ішінде кімді ұстаз санайсыз?
– Айтысқа қолымнан жетелеп алып шыққан адамды ұстаз дейтін болсақ, ол – анам Ұлбазар Сейдахметова. Алғашқы өлеңімді де, алғашқы айтысымды да тұтас жазып беріп, тіпті мақамына дейін тауып берген – сол кісі. Жадында сақталған ән-жырды, бойындағы табиғи өнердің арқасында бізге үйретіп, өнерге баулыды. Анам кәсіби өнер адамы болған жоқ, қарапайым еңбек иесі еді. Соған қарамастан газет-журналды, кітапты көп оқитын, көзі ашық, көкірегі ояу жан болды. Үнемі ғибратты әңгімелер айтып, бізді рухани тұрғыда тәрбиелеп отырды. Теледидардан терме немесе дәстүрлі ән берілсе, арнайы отырғызып қойып тыңдататын. Тек тыңдатып қана қоймай, оның мәнін, әсерін түсіндіріп беретін. Кейін аудандық айтыстарға қатыса бастағанымызда, Қаныбек ағамыз бен Әселхан апайымыз жиырма-отыз баланы жинап, партаға отырғызып қойып, айтыстың қыр-сырын үйретті. Мен әлі күнге дейін айтып жүремін: Қазақстандағы тұңғыш ақындар мектебі 1988 жылы Отырар ауданында ашылған. Әл-Фараби атындағы Мәдениет сарайына аптасына екі-үш рет жиналып, бізге сағаттап дәріс өтетін. Сол себепті Қанекең мен Әселхан апайды өзімнің негізгі ұстаздарым деп есептеймін.

– Бірде Әсия Беркеновамен айтысыңызда: «Базардан келе жатып жолықтың-ау, базарға бара жатқан ұлыңменен» деген сөзіңіз есте қалыпты. Атынан ат үркетін аға-апалармен айтысқанда қобалжыған, жүрексінген тұстар болды ма?
– Әрине, жасың жас, өзің әлі мектепте оқып жүрген кезің. Ал қарсы алдыңда Қазақстанның халық ақыны, тіпті Қырғызстанға танымал ақын тұрса, еріксіз қобалжисың, жүрексінесің, толқисың. Бірақ шегінерге жол жоқ. «Шешінген судан тайынбас» дегендей, тәуекелге бел буасың. Басқа амал болмайды – бойыңдағы бар біліміңді, бар қабілетіңді салуға тура келеді. Атақты, абыройлы тұлғалармен айтысқанда, олардың мәртебесін, ел алдындағы беделін ескермеу мүмкін емес. Сол құрметті сақтай отырып, өз сөзіңді өткізуге, өз ұпайыңды түгелдеуге тырысасың. Ең бастысы – сол сәтте жол табу. Жалпы, әр айтыстың өз жауапкершілігі бар. Бірақ өзіңнен әлдеқайда жасы үлкен, атақ-абыройы асқан, халыққа сүйкімді аға-апалармен айтысудың жөні мүлде бөлек. Ондайда сөздің салмағы да, әдебі де, өлшемі де өзгеше болады.
– Айтыс ақындарының жазба поэзияға қарағанда артықшылығы неде?
– Мұнда ақындардың артықшылығы немесе кемшілігі туралы сөз қозғау дұрыс емес. Өйткені бұл – екі бөлек әлем, екі түрлі бағыт. Әрқайсысының өзіне тән жанрлық ерекшелігі, өзіндік табиғаты бар. Оны бір өзеннің қос арнасына теңеуге болады: екеуі де өз жолымен, өз ағысымен қатар ағып жатады. Бірін екіншісінен жоғары қоюға немесе артық-кем деп бағалауға негіз жоқ. Сондықтан мұндай құбылыстарды салыстырудан гөрі, олардың ішкі жанрлық ерекшеліктерін саралап, әрқайсысын өз болмысымен таныған әлдеқайда дұрыс.
– Есімі танылған адамдардың (әсіресе, айтыста танылғандар) саясатқа араласқанын құп көресіз бе?
– Иә, құп көремін. Бірақ кез келген адамның қолынан саясат келе бермейді. Өте атақты, елге сыйлы азамат болуы мүмкін, алайда саясат – өз алдына бөлек әлем. Оның өз тәртібі, өз ережесі, өзіне тән қыр-сыры бар. Кейде ел ішінде абыройы асқан адамның билікке барып, сол беделімен-ақ нәтижелі жұмыс істеп кетеді деп ойлау – жаңсақ түсінік. Өйткені мемлекеттік қызметтің де, қоғамдық қызметтің де өзіндік жүйесі, талаптары қалыптасқан. Әрине, біз елге танымал тұлғаларға арқа сүйейміз, олардың биікте жүргенін қалаймыз. Бірақ ең бастысы – сол қызметке істің көзін білетін, жүйесін меңгерген, елге нақты пайда әкеле алатын азаматтардың келгені дұрыс.
– Саясат демекші, қызметте жүрген ақынның айтысқа шығуына кедергілер көп бола ма?
– Қазіргі ақындардың дені белгілі бір қызметте жүр десек, артық айтқандық емес. Әрқайсысының үлкенді-кішілі міндеті бар. Ал ауқымды, жауапты қызметте жүргенде, айтысқа шығу түгілі, оны ойлауға да мұрша болмайтын сәттер жиі кездеседі. Мұны өз басымнан өткердім. Түркістан облысында білім бөлімін басқарған жылдары айтысқа қатысу былай тұрсын, қарамағымдағы жүздеген мекемені толық аралап үлгеру де оңай болмады. Ондай жағдайда айтысты ойлау мүмкін емес. Сондықтан жауапкершілігі жоғары қызметке келген адам үшін айтысқа уақыт табу қиын. Ал егер қызметтің ауқымы мүмкіндік беріп, арасында сұранып барып, айтысқа қатысуға жағдай жасалса, ондай ақындар өнер мен қызметті қатар алып жүре алады. Бүгінде сондай үйлесімді тапқан ақындар да аз емес.
– «Заманбек өзін-өзі қалай атса, Жошыны ақсақ құлан солай тепкен» деген айтыстағы жауабыңыз көпшілікке кең таралып кетті. «Айтыстың киллері» деп осындай өткір сөз, ұтымды жауаптарыңыздан кейін айтылып жүр ме?
– Біз жалпы ақындарға, өнер адамдарына олардың бойындағы ерекшелігіне қарай ат қойып, айдар тағуды жақсы көретін халықпыз ғой. Егер ол, шын мәнінде, жарасып тұрса, оның да жөні бар деп ойлаймын. «Айтыстың киллері» деген тіркесті өз басым алғаш рет Шорабек ағамыздың аузынан естідім. Жаңылмасам, 2000 жылы Алматыда өткен айтыста айтылған еді. Сол айтыста бір шумағының соңғы жолында қолданған болатын. Содан бері бұл атау ел аузында қалып, белгілі бір сипатқа айналып кеткендей.

– «Балуанға оң-солы бірдей» демекші, ақын да қарсыласты солай қабылдай ма? Мүмкін кейде қарсылас тура келмейтін тұсы болатын шығар.
– Бұл сөздің айтысқа қаншалықты үйлесетінін нақты айта алмаймын. Өйткені әр ақынның өзіне тән ерекшелігі бар. Айтыс та бір жағынан күрес секілді – қарсыласың да саған дайындалып келеді, өзіне тиімді әдісін іздейді, сөзін солай құрайды. Сондықтан қарсыластың деңгейіне, ақындық қуатына қарай сен де сөзіңді сайлайсың. Әр айтыс – бөлек әлем, бөлек жауапкершілік. Өз басым «оңы да бір, солы да бір» деген ұстанымда емеспін. Ең бастысы, әр айтысқа барынша жауапкершілікпен қарап, сол додада абыроймен шығуды ғана мақсат етеміз.
– Айтыс ақынының сахнадағы ғұмыры ұзақ болмайтын секілді. Жазба поэзияға баруға үркектейсіз бе? Жалпы, айтыс ақындары сахнадан кеткен соң немен айналысады?
– Ақынның сахнадағы ғұмыры, ең алдымен, Алланың қалауына байланысты. Одан кейін оның шығармашылық қуатына келіп тіреледі. Ал қалған себептер әркімде әртүрлі. Жеке бастың жағдайы, отбасы, өмірлік таңдау – бәрі әсер етуі мүмкін. Кейбірі жаңа бағыт іздеп, басқа арнаға бет бұрады. Жалпы, сахнадан қанша ақын кетсе, әрқайсысының өз себебі бар. Бірақ айтыстың тарихына көз жүгіртсек, өмірінің соңына дейін осы өнерден қол үзбей өткен ақындар да аз емес. Мысалы, Тұрар Байсариев, Әселхан Қалыбекова сынды тұлғалар айтысқа ғұмырын арнаған жандардың қатарында.
– Кейінгі жылдары айтыста Түркістан облысынан шыққан ақындар азайып кетті. Бірлі-жарым болмаса, жаңа есімдер көп айтыла бермейді. Мектеп үзіліп қалған жоқ па?
– Түркістан облысынан шыққан ақындар азайған жоқ, керісінше көбейді деуге болады. Қазіргі айтыстарға көз жүгіртсек, былтыр бір жылдың өзінде 64 республикалық айтыс ұйымдастырылған. Соның бәрінде болмаса да, көбінде кем дегенде екі-үш ақын біздің облыс атынан қатысып жүр. Түркістан облысы қайта құрылғаннан кейін кейінгі 2-3 жыл ішінде «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілер» халықаралық одағының облыстық филиалы ашылып, өз алдына жұмысын жолға қойды. Оны айтыскер ақын Тұрар Тілеулиев басқарады. Қазір осы филиал құрамында оншақты айтыскер ақын бар. Сонымен қатар өнер мектептерінде өсіп келе жатқан жас буын да қалыптасып келеді.
Облыстық Мәдениет басқармасы мен әкімдік тарапынан да айтыс өнеріне қолдау көрсетіліп жатыр. Ақындарға арнайы ұлттық киім тігіліп, шығармашылық ұжым ретінде қалыптасуына жағдай жасалған. Бұл қолдаудың нақты нәтижесі де бар. Кейінгі екі жылда өткен республикалық командалық айтыста Түркістан облысының ақындары бірінші орын иеленді. Ал «Асыл домбыра» республикалық командалық айтысында финалға дейін жетіп, екінші орын алды. Бұл құрамда Өмірбақан Жақыпбек, Аян Ниязбек, Ахметрасул Баянбай, Дәурен Ақсақалов, Қажымұқан Абзалов сынды мықты ақындар өнер көрсетті. Бұдан бөлек, жыршы, термеші, күйші өнерпаздарымыз да түрлі республикалық айтыстарға қатысып жүр. Жалпы алғанда, бұл бағытта Түркістан облысы ешкімге есесін жіберіп отырған жоқ.
– Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен
Гүлзина БЕКТАС,
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ
