Елдің басты астықты аймағы – Ақмола даласы тағы бір жауапты маусымның табалдырығында тұр. Диқан үшін көктемнің әр күні – жылға азық.
Ырыздықтың тамыры – жер, тірегі – еңбек
98
оқылды

Сондықтан өңір шаруалары биыл да уақытпен жарысып, тәуекел мен тәжірибені таразыға салып, ырыздықтың қамына ерте бастан кірісіп кетті. Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының алдын ала болжамы бойынша, 2026 жылы егіс алқабы 5,6 млн гектарға жеткізілмек. Бұл – былтырғымен салыстыр­ғанда, айтарлықтай өсім бар екенін айғақтайды. Яғни, дала төсіндегі қауырт еңбек көлемі ұлғайып, жауапкершілік жүгі де еселене түспек...

Майлы дақылдарға бетбұрыс

Жалпы, кейінгі екі жылда өңірде ауыл шаруашылығы құрылымын әртараптанды­руға айрықша мән беріліп келеді. Әсіресе, табысы жоғары майлы дақылдарға бетбұрыс бары байқалады. Биыл олардың көлемі 578,7 мың гектарға жетіп, алдағы уақытта 600 мың гектарға жеткізу міндеті қойылып отыр. Бұл нарық талабына бейімделудің нақты көрінісі екені сөзсіз. Себебі әлемдік сұраныс өзгеріп жатқан кезеңде диқандардың тек дәстүрлі дәнді дақылдарға сүйеніп қалуы, экономикалық тұрғыдан үлкен тәуекел болмақ.

Алайда бұл үрдістің екінші жағы да бар. Дәнді дақылдар көлемінің 49 мың гектарға қысқаруы – астықты аймақ үшін аса ойланарлық мәселе. Астық тек өнім емес, елдің азық-түлік қауіпсіздігінің де тірегі емес пе? Сондықтан теңгерім сақталғаны да жөн сияқты.

Облыстық ауыл шаруашылығы бас­қармасының мәліметінше, өңірде мал шаруа­шылығын дамыту жоспары биыл аса ауқым­ды. Бірақ бұл бағыттағы ең әлсіз тұс – мал азығы. Биыл 377,9 мың гектарға мал азығы дақылдары егіледі деп жоспар­ланғанымен, іс жүзінде мұның әлі жеткі­ліксіздігі байқалған. 

Мәселен, бірқатар ауданда өсім байқал­ғанымен, Ерейментау, Целиноград, Жар­қайың аудандарында мал азығын дайындау, керісінше қысқарып кеткен. Бұл страте­гиялық қателік болып қалмай ма? Себебі мал басын көбейтеміз дей отырып, оның жем-шөбін ұмыт қалдыру – болашақтағы дағдарыстың алғышарты сияқты.

Сондықтан облыс деңгейінде бұл көр­сет­кішті кемінде 260 мың гектарға жеткізу міндеті қойылып отыр. Бұл – жай ұсыныс емес, нақты талап.

«Екінші нан» неге ескерусіз қалды?

Картоп – халықтың күнделікті дас­тар­қанынан түспейтін негізгі өнімдердің бірі екені даусыз. Соған қарамастан, биыл бірқатар ауданда оның да егіс көлемі біршама қысқарып қалғаны байқалады. Жалпы, 74,8 гектардан астам картоп алқабы қысқарып қалған. Диқан қауымының «екінші нанды» бұлайша азайтуына не себепкер болғаны түсініксіз шешім сияқты. Себебі картопқа деген сұраныс аймақта ешқашан төмендеген емес. Керісінше, ішкі нарықты толық қамту мен бағаны тұрақтандыру үшін бұл дақылға басымдық берілуге тиіс еді. Демек, жергілікті деңгейде жоспарлау мен нарық сұранысын ескеру арасында алшақтық бары анық аңғарылады. 

Аймақта  жусан мен арамшөп басып игерілмей қалған  жер мәселесі аса күрделі. Прокуратура мен құқық қорғау органдарының тексерістерінің нәтижесінде, өңірде 74,4 мың гектар егістік жер әлі де болса мүлде игерілмей бос жатқан болып шықты. Кей аудандарда бұл көрсеткіш тіпті жоғары: Ерейментауда – 77,5 мың гектар, Біржан сал ауданында 36,5 мың гектарға жетіп жығылған. Бұл – жай ғана статистика емес, пайдаланылмай жатқан мүмкіндік екені айтпаса да түсінікті. 

Өкінішке қарай, жердің мемлекеттің ең құнды ресурсы екені күні бүгінге дейін елеусіз қалып келе жатқаны алаңдатады. Ал оның тиімді игерілмей келе жатқаны бас­қару жүйесіндегі түзетуді қажет ететін ол­қылықтың әлі де басым екенін айғақтай түседі.

Зеренді ауданындағы шаруашылық басшысы Құлан Болатовтың сөзі салада­ғы шынайы жағдайдың айна-қатесіз көрсе­тіп берді.

– Қажетті ақпаратты табу қиын. Ғылыми ұсыныстарға қол жеткізу оңай емес. Біз көбіне тәжірибеге сүйенеміз, бірақ қазіргі жағдайда нақты ғылыми негіз ауадай қажет болып тұр, – дейді дақылды өсіруде біршама қиындыққа тап болған шаруа.

Бұл – тек бір шаруаның ғана пікірі емес, бүкіл саланың да ортақ мәселесі екені күн­де­лікті өмірде жиі көрініс табады. Ма­ман­дардың пікірінше, бұрнағы жылдардағыдай емес, ғылым мен өндіріс арасындағы ал­шақтық тым ұлғайып кеткен. Бұл жойыл­майынша, ауыл шаруашылығының тиімділігі толық артпайды.

Кадр тапшылығы – шешімін күткен түйін

Түгін тартсаң, майы шығатын аса құнар­лы жер болғанымен, аймақ диқандарын аса қатты алаңдататын тағы бір өзекті мә­селе – білікті мамандардың жетіспеуі. Әсіресе, техниканың тілін білетін әрі еш қиындықсыз тізгіндей алатын кадрлар жоқ.

– Бұл – жыл сайын қайталанатын проб­лема. Шешімі де белгілі. Аграрлық және техникалық бағыттағы колледж түлек­терін ауылға тарту қажет. Ол үшін нақты ынталандыру тетіктерін енгізу керек. Бірақ бұл бағытта жүйелі жұмыс әлі де жеткіліксіз болып отыр, – дейді Атбасар ауданы Есен­гелді ауданынан диқан Нұрбай Жүсіпов.

Дегенмен «ауызды қу шөппен сүртуге» де болмайды. Олай деуге себеп –биылғы жылы ауыл шаруашылығын қолдауға 1 трлн теңге бөлінуі жоспарланыпты. Оның ішінде 85,5 млрд теңге көлемінде субсидия қарастырылған. Облыстық ауыл шаруашы­лығы және жер қатынастары басқармасының дерегінше, бүгінде 63,9%-ы төленіп үлгерген.

Аймақтағы диқан қауымына бұл – бұрын-соңды болмаған қолдау. Сонымен қатар жеңілдетілген лизинг «Кең дала-2» бағдар­ламасы арқылы да қаржыландыру жалға­сып келеді. Алайда қаржының болуы түпкілікті нәтиженің кепілі емес. Қаражат тиімді иге­рілмесе, ол тек сан күйінде қала­тынын ауыл­дағы шаруалардың тәжірибесі әлдеқа­шан көрсетіп қойған.

Саланың алға басқан қадамын кері шегеріп тұрған түйткілдің бірі –аймақтағы кейбір шаруашылықтардың қаржылық міндеттемелерін орындамауы аса алаң­да­тарлық күйге жеткен. Миллиардтаған тең­ге қайтарылмай отыр. Бұл – бүкіл жү­йенің тұрақтылығына да аса елеулі қауіп төндірмек.

Техникалық жаңару мен дайындық деңгейі

Облыстық ауыл шаруашылығы басқар­масының мәліметінше, биыл егіс науқанына 12,5 мың трактор, 16,6 мың сепкіш, 1,5 мың жоғары өнімді кешен қатысады. 

– Техниканың дайындық деңгейі са­қадай-сай деуге болады. Қазірдің өзінде шамамен 95 пайызға жеткен. Алдағы күндері толықтай әзір болмақ. Кейінгі жылдары өңірдегі диқан қауымының техника паркі айтарлықтай жаңарды. Бұл өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қа­тар 76,7 мың тонна жеңілдетілген жанар-жағар май бөлінген. Бірақ мұнда да тәуекел бар: операторлар уақытында келісімшарт жа­самаса, жанармай көлемі қысқаруы мүмкін, – дейді Ақмола облысы ауыл ша­руашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов.

– Саладағы кейінгі деректерге жүгінсек, өңірде 1,2 млн гектар жер жыртылып, ылғал жабу жұмыстары дер кезінде жүргізілген. 539,8 мың тонна тұқым толық дайындалған. Аймақта 39 тұқым шаруашылығы үздіксіз жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар минералды тыңайтқыштар көлемі де едәуір артып, биыл 433,5 мың тоннаға жетпек. Бұл был­тырғымен салыстырғанда, айтарлықтай өсім барын көрсетеді. Яғни, агротехника­лық дайындық жоғары деңгейде. Ендігі мәселе – осы мүмкіндікті тиімді пайдалану болмақ.

Қауіп те жоқ емес

Жер ырыздығын арттыруға ұмтылған диқан қауым маңдай терін сыпырып тастап, мол өнім алуға тырысқанымен, түрлі кедергіден де көз ашпай тұр. Әсіресе, дәнді-дақылдардың басты жауы шегіртке дауы биыл да өңір диқандарын біраз әбігерге салмақ. Құзырлы басқарма дерегінше, биыл 91,1 мың гектар алқап шегірткеге қарсы өңдеуден өтпек. Сонымен қатар италиялық прусқа қарсы 42,1 мың гектар дәрілеу көзделіп отыр. Бұл табиғи қауіптерге қарсы алдын ала жасалған маңызды қадам екені сөзсіз. Себебі, бір ғана зиянкес бүкіл еңбекті біржола жоққа шығаруы  мүмкін.

P.S.                                                     

Ақмола өңірінің ауыл шаруашылығы тәжі­рибесі қалыптасқан, әлеуеті зор сала екені даусыз. Бірақ бүгінгі талап бұрын­ғы­дан өзгеше. Өйткені, ендігі кезекте егінді егу және  өнім алу жеткіліксіз. Яғни, тиім­­ділікке барынша ұмтылып, ғылым, бас­қару мәдениеті және жауапкершілік жүгін сезіне алу қажет. Жер – жомарт. Бірақ ол тек тілін тапқанға ғана ырыздық беретінін ұмытпайық.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы