Ана тіліміздің ғылымдағы әлеуеті – оның басқа тілдерді түсіндіру қабілетімен де өлшенсе керек. Шығыстану айдынында жаңадан пайда болған Дастан Ақаштың «Корей тілі» атты авторлық жеке еңбегі – бұған дейінгі өзге тілдің «көзімен» қарап келген танымымызға жасалған үлкен бетбұрыс, - деп хабарлайды Aikyn.kz.
Ашығын айту керек, тіл саласында әлі де іргелі даму мен жаңашыл бетбұрыстар тапшы. Біз ұзақ уақыт бойы әлемді өзге тілдің терезесінен танып келдік. Әсіресе, күрделі шығыс тілдерін меңгеруде орыс немесе ағылшын тілінің қызметіне жүгіну – бұлжымас қағида іспетті көрінетін. Алайда қазақ тілі мен корей тілінің түпкі табиғатындағы ұқсастықтар, бұл тілді тікелей ана тілімізде түсіндіруді әлдеқайда жеңіл әрі тиімді етеді.
Шығыстанушы-ғалым Дастан Ақаштың қаламынан туған тұңғыш жеке авторлық оқу құралы нақ осы интеллектуалдық тәуелділіктің жібін біржолата үзді. Бұл – біреудің дайын әдістемесін қазақшаға аударып көрсету емес, маманның өз ана тіліне деген сүйіспеншілігі мен кәсіби білігінің айқын дәлелі. Оқулық қазақ тіл үйренушілерінің лингвистикалық ойлау жүйесін ескере отырып, бастапқы деңгейден бастап жүйелі үйрететін төл туынды болып табылады. Бұл жұмыс – ешбір шетелдік маманға, оқу орындарының қолдауына тәуелді болмай, маманның жеке ізденісімен жүзеге асқан, отандық шығыстану мектебінің жетістігі.
Оқулықтың салмағы автордың кәсіби болмысымен де тереңдей түскен. Оңтүстік Кореяның маңдайалды Сеул ұлттық университетінде білім алған Дастан Ақаш корей тілін тек грамматикалық құрылым ретінде емес, тірі қарым-қатынас пен кәсіби құрал ретінде ұсынады. Оның үстіне, еліміздегі беделді «Фолиант» баспасымен бірлескен жобаның техникалық сапасы мен безендірілуі де басылымның деңгейін көтеріп тұр.

Дастан Ақаш бұған дейін де аталмыш баспамен бірнеше сәтті жобаны жүзеге асырған. Мәселен, 2015 жылы корей ертегілері тұңғыш рет қазақ тіліне аударылып, оның тұсаукесеріне Корея Республикасының экс-елшісі Пек Джу Хен мырзаның арнайы қатысқанын қазақ баспасөзі ұмытқан жоқ.
Дастан Ақаш есімі қазақ оқырманына жақсы таныс. Бұған дейін жарық көрген «Корей ертегілерінің» үш томдығы, «Корей-қазақ, қазақ-корей сөздігі» мен «Корей жерінде табылған алтын семсер қазақ даласында жасалған» деген зерттеулері оның бұл салаға үлкен дайындықпен келгенін дәлелдейді. Жазушылар одағы мен Журналистер одағының мүшесі, қоғамдық қызметте де белсенді тұлға – ол ғылым мен руханиятты кәсіби білікпен ұштастыра білген маман.
Сондықтан да бұл оқулық жай ғана нұсқаулық немесе университеттерге арналған кезекті басылым емес, корей мәдениетін тануға айқара ашылған есік іспетті. Оқу құралы тек білім ордаларына ғана емес, қазақ кітап нарығында тілді өз бетінше үйренушілерге де таптырмас кітап болмақ.
Сәуір айының 22-26 күндері Астанада өтетін «IX Astana Eurasian Book Fair – 2026» халықаралық көрмесінде тұсауы кесілетін бұл еңбек – қазақ тілінің ғылыми кеңістікте қолданылуын дамытуға қосқан жас ғалымның маңызды жетістігі. Бұл – қазақ пен корей тілдерінің арасындағы кедергілерді бұзған ғылыми еңбек, жеке автор ретінде ерен еңбектенген тұлғаның бағындырған биік белесінің бірі.
