Айыппұл төлеу, төлемеу әр фрилансердің келісімшартына байланысты шешіледі, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Соңғы жылдары бір айлыққа қараған жұмысынан шығып, фрилансерлікке ауысып жатқан жандар аз емес. Алайда «ешкімге тәуелді емессіңдер» десе де, кенеттен жұмыс беруші келісімшартты бұзып, олардың ақысыз қалып жататыны тағы бар. Сондайда «тапсырыс беруші кез келген уақытта фрилансермен келісімшартты бұза ала ма, оған айыппұл төлей ме?» деген оқырманның сұрағына заңгер Тілеужан Кішкенебаев жауап берді.
Оның айтуынша, бұл мәселеде тапсырыс беруші мен фрилансердің арадағы келісімшартқа байланысты шешіледі.
– Егер әлдебіреу фрилансер ретінде жұмыс істесе, әдетте азаматтық-құқықтық келісімшартқа отырады. Осы келісімшартта жұмыстың барысы, әр пункті орындау межесі, талабы көрсетілуі тиіс. Соған сай бекітілген жұмыстың орындалмаған мөлшері, оған салынатын айыппұл нақты көрсетілсе, жұмыс беруші төлеуі мүмкін. Бірақ көп жағдайда келісімшарттарда анық-қанығы көрсетіле бермейді. Сондықтан әдетте айыппұл төленбейді, тек істелген жұмыс үшін ақы төленеді.
Жалпы, келісімшартта қандай келісім жасалды, соны ұстанады. Жұмыс онлайн ба, әлде офлайн ба, тапсырыс берушінің талабы қандай деген мәселені бүге-шүгесіне дейін қарау керек. Егер фрилансер жұмысты тиісті деңгейде атқармаса, оның талабына сай келмесе, жұмыс беруші келісімшартты бұза алады. Сол себепті бұл мәселе әр фрилансердің келісімшартына байланысты қаралады, – деді ол.
