Сарапшылардың айтуынша, жасанды интеллект алдағы 15-20 жыл ішінде көптеген аналитикалық және есептік сипаттағы міндеттерді автоматтандыру арқылы еңбек нарығының құрылымына елеулі өзгерістер енгізуі мүмкін, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияланды» деп жариялаған болатын. Осы орайда Астанада «Жасанды интеллект пен цифрландыру дәуіріндегі жаңа дағдылар мен сын-қатерлер» тақырыбы талқыланды. Іс-шараға Мәжіліс депутаттары, мемлекеттік органдар өкілдері, «Жастар Рухы» жастар қанатының мүшелері, сарапшылар, IT-мамандар және қоғам белсенділері қатысты.

Жиынды ашқан Мәжіліс депутаты, Жастарды қолдау жөніндегі республикалық кеңес төрағасы Нартай Сәрсенғалиев жасанды интеллект пен цифрландыру технологиялары қоғамның барлық саласына әсер етіп, еңбек нарығын, білім беру жүйесін, мемлекеттік басқаруды және күнделікті өмір салтын түбегейлі өзгертіп, бұл өзгерістер жаңа мүмкіндіктермен қатар жаңа талаптар мен сын-қатерлерді де қатар алып келеді деп алаңдаулы.
«Цифрландыру дәуірі жаңа мүмкіндіктермен қатар белгілі бір қиындықтарды да қатар алып келуде. Соның ең маңыздысы - еңбек нарығындағы құрылымдық өзгерістер. Қазіргі таңда бірқатар мамандықтар өзгеріске ұшырап, олардың орнына жаңа кәсіп түрлері қалыптасып жатыр. Сарапшылардың пікірінше, алдағы 15–20 жылда жасанды интеллект аналитикалық және есепке негізделген көптеген міндеттерді автоматтандырып, еңбек нарығының құрылымына айтарлықтай ықпал етуі мүмкін. Сонымен қатар ЖИ пен цифрландыру бағытындағы жұмыстармен бірқатар жүйелі мәселелердің сақталып отырғанын да атап өткен жөн. Ең алдымен, цифрлық инфрақұрылым сапасы мен оған тең қолжетімділік мәселесі өзекті болып отыр. Әсіресе өңірлер арасындағы цифрлық алшақтықты азайту, жоғары жылдамдықты интернетпен қамту және цифрлық сервистердің сапасын арттыру бағытындағы жұмыстарды күшейту қажет», – деді ол.

Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Бахтияр Жазықпаев жасанды интеллект қазірдің өзінде шынайы өмірдің бір бөлігіне айналып, еңбек нарығын өзгертуде дейді.
«ЖИ әсерінен қазіргі таңда жұмыстың мазмұны өзгеруде. Қажетті дағдыларға қойылатын талаптар өзгеруде. Жаңа мамандықтар пайда болуда. Бұл – қазірдің өзінде басталған ауқымды трансформация. Біздің міндет – осы өзгерістерді басқару. Министрлік Қазақстанның бүкіл еңбек нарығына жан-жақты талдау жүргізді. 2035 жылға қарай келесідей өзгерістер күтіледі: 14 мамандық жойылуы мүмкін. Қазіргі таңда бұл жұмыс орындарында 49 мың адам жұмыс істейді, бұл еңбек нарығының 0,5%-ы. Сондай-ақ, 46 мамандық сақталады, бірақ жұмысшылар саны қысқарады. Ал, тәуекел тобына кіретіндердің жартысынан астамы жастарға тиесілі. Бүгінде 9 миллион жұмыспен қамтылған азаматтың 39%-ы, яғни 3,5 миллионы – жастар. Олардың ішінде 21 мыңнан астамы жойылу қаупі бар мамандықтарда жұмыс істейді, тағы шамамен 200 мыңы жасанды интеллект әсерінен қысқаруы күтілетін салаларда еңбек етеді»,- деп тоқталды вице-министр.
Ал, Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглова жастардың жаңа технологияларға қызығушылығы жоғарылауда, бұл қоғам мен мемлекет ретінде цифрлық дағдыларды белсенді дамыту және білім беру жүйесін жаңа технологиялық шындықтарға бейімдеу қажеттілігі туындағанын айтты.
«Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Цифрлық жастар картасы» жобасын іске асыруда. Жоба жастар арасындағы әлеуметтік тәуекелдерді ерте анықтауға арналған бірыңғай цифрлық талдау құралы болып табылады. Аталған жүйе дәстүрлі статистикалық есепке алудан гөрі жастардың әлеуметтік жағдайын цифрлық индикаторлар арқылы жедел бағалауға мүмкіндік береді. Бұл осал топтарды дер кезінде анықтап қана қоймай, өңірлік айырмашылықтарды да бақылауға жол ашады және соның негізінде нақты әрі тиімді басқарушылық шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді. Жобаның әдіснамасы жастар даму индексіне негізделген. Ол 6 негізгі бағыт пен 32 көрсеткішті қамтиды. Сондай-ақ әлеуметтік тұрақтылықты бағалайтын скорингтік модель арқылы жастар A-дан D-ға дейінгі санаттарға бөлінеді»,- дейді Динара Ринатқызы.
Кеңес отырысы кезінде Yandex Kazakhstan компаниясының GR директоры Мейірбек Мұқатов, IT-аналитик Тимур Бектұр және «Астана» халықаралық қаржы орталығы әкімшілігі» АҚ IT жобалар басқармасының басшысы Айбат Мұхамметжан цифрландыру мен жасанды интеллекттің еңбек нарығына әсері, жаңа дағдылардың маңызы және кадрларды даярлау жүйесін жаңғырту қажеттілігі жөнінде пікір білдірді. Олар технологиялық өзгерістер жағдайында бейімделу, цифрлық сауаттылықты арттыру маңызды екенін атап өтті.

Отырыс соңында кеңес төрағасы Нартай Сәрсенғалиев жасанды интеллект дәуірінде жастарды жаңа цифрлық дағдылармен қамту, сапалы білім беру және тұрақты жұмыс орындарына бейімдеу бағытындағы жұмыстарды күшейту қажеттігін атап өтті.
