Қазақстанда талапкерлерді іріктеу жүйесін жетілдіру мақсатында Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) форматына бірқатар өзгеріс енгізу жоспарланып отыр. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәлімдеді.
ҰБТ жүйесін жаңғыртуға жасалған маңызды қадам
85
оқылды

Министрдің айтуынша, адами капи­талға инвестиция жасау – мем­лекеттік саясаттың басты бас­ым­дық­тарының бірі. Бұл бағыт Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп отырған реформалардың негізін құрайды. Бүгінде әлем елдері білім беру жүйе­сін жаңғыртып, жаңа модельдер мен цифр­лық шешім­дерді енгізуде.

«Қазір білім беру саласы тек білім берумен шектелмей, нақты дағ­дыларды меңгерген, еңбек на­ры­ғына бейімделген маман­дарды даярлауға бағытталуға тиіс. Бұл – сапалы жаңа кезеңге көшу», – деді Аида Балаева.

Осыған байланысты талапкер­лерді іріктеу жүйесінде, әсіресе педа­гоги­калық мамандықтарға қа­былдау кезінде жаңа тәсілдер енгіз­і­­лмек. Атап айт­қанда, тесті­леу­мен қатар арнайы емти­хандар­ды қам­титын гибридті бағалау фор­масы қол­данылады. Бұл тәсіл та­лап­кер­лердің тек пәндік білімін ғана емес, сонымен бірге сыни ой­лау, талдау және коммуника­ция­лық дағ­ды­ларын бағалауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар келесі жылдан бастап педагогикалық бағыттарға түсу кезінде ҰБТ нәтижелерімен қатар ауызша емтихандар да ескерілмек. Бұл емтихандарда талап­керлердің оқуға дайындығы мен кәсіби бейімділігіне ерекше назар аударылады.

Министр сондай-ақ ҰБТ-ны бір рет тапсыру форматына көшіру ұсынылып отырғанын атап өтті. Оның сөзінше, бұл шешім грант конкурсына қатысу кезінде әділ әрі объективті бағалауды қамтама­сыз етуге бағытталған. Ал талап­керлер­дің дайындық деңгейін тек­серу үшін сынақ тестілеу жүйесі сақталады.

Бұдан бөлек, жоғары оқу орын­дарына Foundation бағдар­ламалары арқылы шартты қабыл­дау тәжірибесінен бас тарту жос­пар­ланып отыр. Себебі мұндай жүйемен қабылданған студент­тердің едәуір бөлігі оқу барысында қажетті шекті балды жинай ал­майды.

«ҰБТ жүйесін өзгерту – тесті­леуден бас тарту емес. Бұл – дар­ынды талап­керлерді анықтап, әділ іріктеуге бағыт­талған маңызды қадам», – деп қоры­тындылады Аида Балаева.

Жалпы, ұсынылып отырған өз­герістер білім беру сапасын арт­тырып, елдің ұзақмерзімді дамуы­на негіз болады деп күтілуде.

Айгүл СЕЙІЛ