80 жылдан астам тарихы бар Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті – Қазақстан мен Орталық Азиядағы қыз балаларға арналған бірегей білім ордасы. Университет заманауи талаптарға сай халықаралық байланыстарын кеңейтіп, педагогикалық білім мен ғылымның іргелі орталығына айналып келеді.
Бүгінде QyzPU әлемнің 23 еліндегі 80-нен астам жоғары оқу орнымен, оның ішінде Қытай, АҚШ, Ұлыбритания, Оңтүстік Корея, Түркия, Ресей және бірқатар Еуропа елдерінің жетекші университеттерімен стратегиялық серіктестік орнатқан.
Жуырда университет делегациясы Қытай астанасы Бейжің қаласында өткен China Study Abroad Forum (CSAF 2026) халықаралық форумы мен China International Education Exhibition Tour 2026 (CIEET 2026) білім беру көрмесіне қатысты. Іс-шара барысында шетелдік әріптестермен тәжірибе алмасып, ынтымақтастықты дамыту бағытында келіссөздер жүргізілді.
Халықаралық көрмеге Қазақстан делегациясын бастап барған Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова CIEET 2026 көрмесінің ұлттық жоғары білім беру жүйесін халықаралық деңгейде ілгерілетуге, білім беру қызметтерінің экспорттық әлеуетін арттыруға және академиялық әріптестікті кеңейтуге ықпал ететінін атап өтті.
Әлемнің түрлі елінен 200-ден астам университет пен Қазақстаннан 30-ға жуық жоғары оқу орны қатысқан көрмеде QyzPU-дың білім беру бағдарламалары, ғылыми әлеуеті және университеттің ерекшеліктері жан-жақты таныстырылды. Сонымен қатар Қытай жоғары оқу орындарымен тәжірибе алмасып, ынтымақтастықтың жаңа бағыттары талқыланды.
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма төрағасы – ректор Бейбіткүл Кәрімова бастаған делегация Бейжің тіл және мәдениет университетінің президенті Дуань Пэнмен кездесіп, білім, ғылым және мәдениет салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейту жолдарын қарастырды.
Кездесу барысында «2+2» қос диплом бағдарламасын іске асыру, академиялық алмасуды дамыту және мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту мәселелері талқыланды. Сондай-ақ Beijing Language and Culture University-дің қытай тілі, лингвистика және әдебиет саласындағы жетекші ғылыми орталықтардың бірі екені атап өтілді.
Сонымен қатар QyzPU делегациясы Бейжіңдегі Capital Normal University басшылығымен кездесіп, ынтымақтастық бағыттарын қарастырды. Тараптар бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеу, студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығын дамыту, педагогика саласындағы ортақ ғылыми зерттеулер жүргізу және біліктілікті арттыру курстарын ұйымдастыру мәселелерін талқылады.
Кездесу қорытындысы бойынша, академиялық ашықтық пен инновациялық дамуға негізделген ұзақмерзімді серіктестік орнату туралы келісімге қол жеткізілді. Capital Normal University – Қытай Халық Республикасы Білім министрлігі мен Бейжің муниципалды үкіметінің қолдауына ие, Double First Class University Plan бағдарламасына енген жетекші оқу орындарының бірі.
Аталған ынтымақтастық бірлескен білім беру бағдарламаларын жүзеге асыруға, ғылыми зерттеулерді дамытуға және академиялық алмасуды кеңейтуге мүмкіндік береді. Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті – сапалы білім берумен қатар, ұлттық тәрбиеге негізделген рухани-мәдени ортаны қалыптастырып отырған білім ордасы.
«Білімді қыздар – білімді ұлт» қағидасын ұстанған QyzPU алдағы уақытта да білікті педагог мамандар даярлап, жаңа белестерді бағындыра бермек.
Айгүл СЕЙІЛ
