Соңғы жылдардағы климаттық өзгерістер, әсіресе ұзаққа созылған құрғақшылық, зиянкестердің табиғи тепе-теңдігін бұзып, олардың жаппай көбеюіне қолайлы жағдай қалыптастырды. Осыған байланысты өңір билігі биылғы науқанды бұрынғыдан ерте бастап, ауқымды әрі жүйелі түрде ұйымдастыруға көшкен. Бұл мәселені облыс әкімі Нұралхан Көшеров жеке бақылауына алса, осы салаға жауапты орынбасары Нұрбол Тұрашбеков тікелей басы-қасында жүріп, ерекше назарға алған. Тіпті, орталық мемлекеттік органдардың да белсенді қатысуы, атап айтқанда, Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы Сәкен Қаныбеков бастаған мамандардың келуі, бұл мәселенің республикалық деңгейдегі маңызын көрсетеді.
Мамандар шегірткелердің көбеюіне әсер ететін негізгі факторлардың бірі климаттық жағдай екенін айтады. Құрғақ әрі ыстық ауа райы олардың жұмыртқасының сақталуына және дернәсілдердің тез жетілуіне мүмкіндік береді. Түркістан облысы – табиғи-климаттық тұрғыдан осындай қауіпке бейім аймақтардың бірі. Соның ішінде мароккалық шегіртке секілді аса қауіпті түрлердің таралуы ерекше алаңдаушылық туғызады. Бұл жағдай фитосанитариялық қауіпсіздікті тек ауыл шаруашылығы мәселесі ретінде емес, тұтас өңірдің азық-түлік қауіпсіздігі мен экономикалық тұрақтылығының негізі ретінде қарастыруды талап етеді.
Өңірдегі биылғы науқанның басты ерекшелігі – заманауи технологиялардың кеңінен енгізілуі. Дәстүрлі жерүсті бүрку әдістерімен қатар, дрондар мен авиация қолданылып жатыр. Әсіресе, АН-2 ұшақтарының тартылуы ірі аумақтарды қысқа мерзімде қамтуға мүмкіндік береді. Бұл тәсілдердің тиімділігі де айқын, жүргізілген химиялық өңдеудің биологиялық нәтижелілігі 85-95 пайызға дейін жеткен. Яғни, уақытылы әрі дәл жүргізілген шаралар зиянкестердің таралуын айтарлықтай тежей алады. Сонымен қатар техникалық жарақтандыру деңгейі де айтарлықтай артқан. 400-ден астам жер үсті бүріккіш, 1000-нан астам аспалы бүріккіш, дрондар мен авиация, ондаған су тасушы техника жұмылдырылып жатыр. Бұл – өңірдің төтенше жағдайларға дайындық деңгейін көрсететін маңызды индикатор. Биылғы жоспарға сәйкес, облыс аумағында 906 мың гектар жерге мониторинг жүргізу көзделген. Қазір оның 117 мың гектары зерттеліп, нәтижесінде 21 мың гектар аумақта шегіртке зиянкестерінің саны экономикалық зияндылық шегінен асқаны анықталған. Бұл деректер күрес шараларын нақты қауіп бар аймақтарға бағыттауға мүмкіндік беруде. Аталған жағдайға байланысты егістік алқаптарын қорғау және зиянкестердің таралуына жол бермеу мақсатында 19,6 мың гектар жерге химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілген. Өңдеу науқаны белгіленген кестеге сәйкес жедел әрі сапалы атқарылып жатыр. Күрес шараларына 253 бірлік жерүсті техникасы мен 45 су тасымалдаушы автокөлік үздіксіз жұмыс істеуде. Бұл ресурстардың үйлесімді пайдаланылуы зиянкестерді дер кезінде ауыздықтап, олардың кең таралуының алдын алуға мүмкіндік беріп отыр.
Күрес жұмыстарының тиімділігі көбіне ұйымдастыру сапасына байланысты. Осы тұрғыда Түркістан облысында жаңа басқару моделі енгізілген деуге болады. Зиянкестер таралған аумақтар 65 аймаққа бөлініп, әрқайсысына жеке жұмыс топтары бекітілген. Бұл тәсіл жауапкершілікті нақтылап, бақылауды күшейтеді, ресурстарды тиімді бөлуге мүмкіндік береді Жедел штабтың құрылуы және оның тікелей дала жағдайында орналасуы да шешім қабылдау жылдамдығын арттырады.
Маңыздысы, күрес тек химиялық өңдеумен шектелмейді. Агротехникалық әдістер де қатар қолданылып жатыр. Мысалы, жер жырту жұмыстары зиянкестердің жұмыртқаларын жою арқылы олардың санын 35-50 пайызға дейін азайта алады. Бұл – ұзақмерзімді әсері бар, экологиялық тұрғыдан қауіпсіз тәсіл. Яғни, қазіргі саясат тек «сөндіру» емес, алдын алу және табиғи реттеу тетіктерін де қамтиды. Шегірткеге қарсы күресте ең маңызды кезең – ерте анықтау. Осы мақсатта биыл 1 миллион гектарға жуық аумақта мониторинг жүргізу жоспарланған. Қазір оның бір бөлігі ғана зерттеліп, ондаған мың гектарда зиянкестердің қауіпті деңгейге жеткені анықталған. Бұл деректер күрес шараларын дәл бағыттауға мүмкіндік береді. Яғни, ресурстар «соқыр» емес, нақты қауіп бар аймақтарға жұмсалады.
Айта кетейік, науқанға 2 мыңнан астам адам жұмылдырылған. Олардың қатарында: фитосанитариялық инспекторлар, ғылыми-болжам орталығының мамандары, жергілікті әкімдік қызметкерлері және уақытша жұмысшылар бар. Мұнда дала жағдайында жұмыс істейтін мамандардың үйлесімді әрекеті нәтижеге тікелей әсер ететінін ескеруге де болады. Түркістан облысындағы шегірткеге қарсы күрес, бір жағынан, климаттық өзгерістер мен табиғи факторлар қауіп төндірсе, екінші жағынан, жаңа технологиялар мен басқару тәсілдері бұл қауіпке тиімді жауап беруге мүмкіндік беріп отыр. Егер қазіргі қарқын сақталып, барлық деңгейдегі үйлестіру күшейсе, өңір тек биылғы қауіптен аман шығып қана қоймай, болашақта мұндай қатерлерге төтеп беретін тұрақты жүйе қалыптастыра алады. Бұл науқанның басты сабағы фитосанитариялық қауіпсіздік кездейсоқ шаралармен емес, ғылыми негізделген, технологиялық және үйлесімді саясат арқылы ғана қамтамасыз етіледі. Жалпы алғанда, облыста шегіртке зиянкестеріне қарсы күрес жан-жақты күшейтіліп, ауыл шаруашылығы алқаптарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Нәтижесін алдағы күндері көретін боламыз.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Түркістан облысы
