Кейінгі уақытта тіпті әлеуметтік желіде Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың орта білім беру саласына қатысты мәлімдемелері күн сайын бірінен соң бірі саңырауқұлақтай қаптап кетті. Оқулықтар жаңартылады, педагогтардан біліктілік тест алынып тасталады, аттестация жүйесі өзгереді, мектеп директорларын тағайындау өзгереді, мектептерде «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы енгізілуде дегендей жаңалық көп. Дегенмен түсінгеніміз, енді ОЗП тесті толықтай алып тасталды, авторлық және әдістемелік, портфолио жинау болмайды, ұстаз және eGov жүйесі ашылады, жаңа ереже алдағы уақытта шығады.
Бірақ министр білім жүйесіне енгізілетін өзгерістер туралы педагогикалық ортада сараптап, талқылап, ортақ шешім қабылдап, бекітілгеннен кейін жалпақ жұртқа жариялауына болмай ма? Мәселен, 7 сәуірде Жұлдыз Досбергенқызы іңірде әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы «Қазақстанда мұғалімдерге арналған ОЗП тесті толықтай алып тасталды. Бұл уақытша емес, тұрақты шешім болып саналады. Енді жұмыс істеп жүрген мұғалімдер бұл тестіні тапсырмайды» деп мәлімдеді. Жаңалық көпшілік ұстаздар тарапынан екіұшты қабылданды. Қолдағандардың да, қарсы болғандардың да қатары қалың көрінді.
Педагогтардың сөзінше, өзгерістер дәл аттестация аяқталар сәтте және қандай өзгеріс болмасын алдын ала талқыланбай, жоспарсыз енгізілгені үлкен мәселе туғызды. Кезінде педагогикалық біліктілік тестін енгізген экс-министр Асхат Аймағамбетов журналистердің сұрағына жауап беріп, тестілеудің толығымен алынып тасталғанынан хабарсыз екенін айтқан.
«Біріншіден, ол бұйрық нақты шықты ма, шықпады ма, мен білмеймін. Нені тоқтатып жатыр, қалай тоқтатып жатыр, білмедім. Тестілеуді кезінде біз жайдан-жай енгізген жоқпыз ғой? Өкінішке қарай, проблемалар болды, мысалы, университетті бітірген соң педагог тест тапсырып, сертификатын алуды міндеттеуді енгіздік. Бастапқы жылдары осы тесті енгізген соң төрт жыл бойы, әсіресе математиктердің басым бөлігі сол тестен өте алмағандары болды. Соған байланысты біз сол жылы 36 университеттің лицензиясын қайтарып алған болатынбыз. Ал жалпы, аттестация мәселесіне келер болсақ, дұрыс, бұл жүйені жаңартқан дұрыс. Мен өзім авторлық бағдарлама талабын түсінбеймін. Егер бұл талап шебер мұғалімге болса, түсінікті. Ал модератор мен сарапшыдан оны неге талап етеді? Осыны алып тастау туралы естідім. Мұнымен келісемін. Ал тестілеуді толығымен алып тастау туралы естімедім. Бұл жерде нақты зерттеулер болуы керек», – деді Асхат Аймағамбетов.
Қарсы топ әлеуметтік желілерде «Тестілеу артық жүктеме емес, өйткені ол бес жылда бір-ақ рет өткізіледі. Бұл – кәсіби деңгейді бағалау мен білім беру сапасын сақтаудың тиімді құралы. Жемқорлық алдында шарасыздық танытып, тестілеу мен авторлық бағдарламаны алып тастау тиімді ме?!» десе, қолдаушылар «Сіз тек тестті тоқтатқан жоқсыз, сіз тест орталығының жемқорлығын, мұғалімдердің «стресін» тоқтаттыңыз. Енді ваучер деген тиімсіз, жүйесіз, өтірік банк не акционерлік қоғамның былықтарын тоқтатсаңыз, нұр үстіне нұр болар еді» деп жазды. Пікірлер тізбегін оқып отырып, ұстаздар үшін міндеттелген ОЗП тестін тапсыру жүйесі қолданысқа енгізілген уақыттан бері бір жүйеге түспегенін аңғаруға болады.
Ең бастысы – сапалы білім және білікті кадр
Жалпы, кейінгі 30 жыл ішінде білім саласында жасалған реформалар санын саусақпен санап шығу мүмкін емес. Ресми ақпарат көздеріндегі деректерге сүйенсек, 2000-2017 жылдар аралығының өзінде білім беру стандарты 7 рет өзгеріп, әр өзгерту сайын оқулықтар жаңартылған екен. 2017-2022 жылдары «Білім» туралы заңға 29 рет өзгертулер мен толықтырулар енгізіліпті.
– Шынында да, тәуелсіздік алғалы бері ең көп реформа жасалған сала – білім. Оның да себептері бар шығар. Біздің осы мерзім аралықтарында тапқанымыздан жоғалтқанымыз көп болды. Алайда кеңестік одақ құрамынан шыққаннан кейін біздің алдымызда білім саласы бойынша қай жолды таңдау қажеттігі туралы маңызды міндет тұрды. Ол үшін әр мемлекеттің білім беру жүйесін сараладық. Сонымен, біз түптеп келгенде, болон білім беру жүйесін таңдадық. Бұл әлемдік білімдердің үдерісі дегенді білдіреді. Яғни, бір мемлекеттен алған дипломыңыз басқа мемлекетте жарамды болады деген сөз. Алайда бізге келіп жеткен мәліметтер бойынша, шетелде біздің дипломымызды қайтадан дәлелдеуді қажет етеді екен. Тіпті, өз елімізде де дипломы бар, сапасыз кадрлар көп даярланып кетті. Осыған байланысты болон білім беру жүйесін әлі де жетілдіру мәселесінің өзекті күйде қалып отырғанын аңғарамыз, – деді экс-сенатор Мұрат Бақтиярұлы.
М.Бақтиярұлының айтуынша, түйінді түйткілге назар аударсақ, қазірге дейін жоғары оқу орындарында педагог мамандары ақылы негізде де даярланады. Яғни, мектепте төменгі бағаға оқыған бала жоғары оқу орнында ақылы білім алып, мектепте мұғалім болуы кейінгі жылдарда білім сапасының нашарлауының нақты себебі болуы мүмкін. Сондықтан педагогикалық біліктілік тестін алып тастауға болмайды.
– Жаңа министр келгелі де жарты жылдан асты. Бұл кісі де білім саласын жақсарту үшін талпыныстар жасап жатыр. Дегенмен осы саланың маманы ретінде менің айтатыным, еліміздегі 8000-ға жуық мектеп сынақ алаңы емес қой, кез келген реформа жасардың алдында көптеген сараптама өтуі керек, тәжірибе жинақталуы керек. Содан кейін ғана өзгеріс жасалуы керек. Мен біліктілік тест тапсыруды құптаймын. Өйткені университет бітірген маман мектепке келер алдында тесттен өткені дұрыс, оны министр қалдырдым деп отыр. Бірақ әрбір 4-5 жыл сайын мұғалімдер өзінің пәні бойынша тест тапсыруы керек. Бұл – бүкіләлемдік үрдіс, ұстаз өз пәнін қалай білетінін нақтылап отырған дұрыс. Бүгінде өз пәнін жетік білетін мамандар аз екені рас. Мен кезінде Парламентте 2-3 рет депутаттық сауал ретінде педагогикалық және медициналық мамандарды ақылы негізде оқытуды тоқтату туралы мәселе көтергенмін. Оларды кәдімгі нақты біліміне қарай саусақпен санап отырып, жоғары оқу орындарында арнайы дайындау керек, – деді Мұрат Бақтиярұлы.
Ал экс-сенатор Динар Нүкетаева реформалардың жиі өзгеруі мұғалімдерге де, оқушыларға да белгілі бір деңгейде қиындық туғызатынын айтты.
– Реформалар тұрақтылықпен, жүйелілікпен және педагогтардың пікірін ескере отырып жүзеге асырылуға тиіс деп санаймын. Аттестация мен бағалау жүйесі мұғалімдердің кәсіби өсуіне ынталандыратын маңызды құралдардың бірі болып келді. Осыған байланысты мұндай өзгерістер балама, заманауи және әділ бағалау жүйесімен қатар жүруі қажет деп ойлаймын. Мысалы, мұғалімнің жұмыс нәтижесін оқушы жетістігі, сабақ сапасы, кәсіби даму белсенділігі арқылы кешенді бағалау тиімдірек болуы мүмкін. Ең бастысы – білім сапасын төмендетпей, мұғалім мәртебесін арттыратын теңгерімді жүйе қалыптастыру, – деді Д. Нүкетаева.
ҰБТ жүйесі өзгерсе, мектептегі білім де соған сай жаңара ма?
Осы орайда Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек өз сұхбатының бірінде: «Біз ҰБТ-ға қатысты реформа қабылдауымыз қажет. ҰБТ өз алдына қойған міндетін 100% орындады. Ендігі реформа міндеті – сапалы білім және білім ордасы трансформациясы» деді. Бұл тұста «Егер халықаралық стандартқа сай тест түрленетін болса, соған сай орта білім беру жүйесіне қандай өзгеріс жасалуы керек?» деген заңды сұрақ туындайды емес пе? Біз Оқу-ағарту министрлігі Орта білім комитеті баспасөз қызметіне хабарласып, алдағы уақытта жалпы орта білім саласында қандай жаңалықтар болғалы жатқанын сұрағанбыз.
Орта білім комитеті баспасөз қызметі сұрағымызға: «Оқу-ағарту министрлігі педагогтарды аттестаттау жүйесіне бірқатар өзгеріс енгізуде. Жүргізіліп жатқан реформалардың негізгі мақсаты – педагог еңбегін әділ әрі ашық бағалау жүйесін қалыптастыру, артық талаптар мен негізсіз қаржылық шығындарды қысқарту. Жаңа аттестация педагогтардың жұмыс нәтижелеріне негізделеді әрі барынша түсінікті, объективті форматқа көшіріледі. Аталған өзгерістер 2027 жылдан бастап енгізілетін аттестаттау жүйесіне байланысты екенін естеріңізге саламыз», – деп жауап берді.
Алайда күн сайын қайта-қайта мектептерге енгізілетін жаңалықтар туралы министрдің мәлімдемелерін әлеуметтік желі арқылы бақылап отырғанымызбен, мектеп қабырғасынан бағыт-бағдары, мақсат-мұраты айқын азамат тәрбиелеп шығаруға арналған нақты бағдарламаның жасалып жатқаны туралы естімейміз. Себебі мектеп адам өміріндегі – ең маңызды кезең. 11 жыл бойы мектеп партасында баланың нақты дағдысы, ойлау қабілеті, шешім қабылдай білу әдеті қалыптасуы керек. Бұл – кейінгі жылдары білім саласына енгізуге талпынып жатқан нақты жаңалықтардың бірі. Бірақ оның әлі де жүйеленбей жатқаны жасырын емес. Соның салдарынан оқушылар арасында да, студенттер арасында да білім сапасы мен мамандыққа адалдық мәселесі күрделі күйінде қалып отыр. Жастардың арасында жоғары білім алуға ұмтылатындар саны көп. Бірақ дипломды жастардың бәрі өздерінің алған мамандықтары бойынша жұмыс істемейді. Нарықта жұмыссыз жастардың қатарын толтырып, нақты экономикаға ешқандай пайда әкелмейді.
Сарапшылар мемлекет тарапынан жоғары білімге салынған қомақты инвестицияға және жыл сайын мыңдаған білім беру гранты бөлінетініне қарамастан, мамандық бойынша нақты жұмысқа орналасу коэффициенті төмен деңгейде қалып отырғанын айтып, дабыл қағуда. Президент жанындағы ҚСЗИ Қоғамдық пікірді зерттеу бөлімінің бас сарапшысы Гүлназ Қасымованың пайымдауынша, жүргізген таңдаулы сауалнама нәтижелеріне сәйкес, бүгінде жас мамандардың бестен бір бөлігінен астамы өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді: бұл көрсеткіш техникалық және кәсіптік білім (ТжКБ) түлектері арасында – 29%, ал жоғары білім алғандар арасында 17%-ды құрайды. Салдарынан елімізде ЖОО бітірген дипломды мамандардың 60-80 пайызы алған мамандықтары бойынша жұмыс істемейді.
Мұрат Бақтиярұлының сөзінше, көптеген Еуропа мемлекетінде жастардың басым бөлігі ең алдымен орта арнаулы білім алуға ұмтылады.
– Мәселен, Германияда жастардың көбі таңдаған мамандығы бойынша орта арнаулы білім алып, оқуын бітіріп, сала бойынша шеберліктерін шындаған соң ғана жоғары білім алуға ден қояды. Ал бізде мектеп бітіргендердің 80 пайызға жуығы жоғары оқу орындарына құжаттарын тапсырады. Мәселен, Ұлттық статистика бюросы мәліметінше, 2025-2026 оқу жылының басында елдегі жоғары оқу орындарында 678,1 мың студент білім алып жатыр. Бірақ солардың жыл сайын 120-140 мыңдайы жоғары оқу орындарын бітірсе, бұлардың 20-30 пайызы ғана өз мамандықтары бойынша жұмыс істейді. Мен дамыған мемлекеттердің білім саласын көп зерттеп көрдім, ол мектептерде оқушылардың бейімділігіне қарай жаратылыстану математикалық және қоғамдық гуманитарлық білім беру қарастырылған. Сондай-ақ балалар мектепте 12 жыл оқиды, 1-6-сынып бастауыш, 6-9-сынып орта білім, кәсіптік оқуға бейімдеу, 10-12-сыныптарда таңдаған мамандыққа сәйкес пәндерді оқытады. Біз мектептерде қаптаған пәндерді танымдық, кіріспе бағытында оқытуға көбірек мән береміз. Дамыған елдер ғылымға баулиды, логикаға, жүйелі ойлауға баулиды. Өзіңіз білесіз, Назарбаев зияткерлік мектептері 12 жыл оқиды. Біз де осы стандартқа көшуіміз керек. ҰБТ-ны да әлемдік стандартқа негіздеу керек, – деді ол.
Р.S.
Еліміздің білім саласына жасалатын ендігі өзгеріс мектептер мен жоғары оқу орындарының арасындағы сәйкессіздікті жоюға бағытталғаны дұрыс сияқты. Егер Ғылым және жоғары білім министрлігі ҰБТ жүйесіне өзгеріс енгіземіз десе, соған сай мектептегі білімнің бағыты қалай өзгереді, Оқу-ағарту министрлігі мұны да ойлап жатқан болса керек.
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ
