Қазір елімізде әр салада жаңалық ашып, қоғамның игілігі үшін жұмыс істеп жатқан жас зерттеушілердің үлесі 48 пайызға жеткен. Бұл соңғы 5 жылда ғалымдар саны 30 пайызға артты деген сөз. Президент отандық ғылымды дамыту, елдің ғылыми әлеуетін арттыру үшін ғалымдарға қолайлы жағдай жасап, оларды баспанамен қамтып келеді.
Осындай қолдаудың игілігін көріп, ғылым жолында табандылықпен еңбек етіп жүрген жас ғалымдардың бірі – Жадырасын Нұрбекова. Оның ғылыми бағыты агромәдениет және өсімдіктер физиологиясымен байланысты. Жас ғалым Израильдің беделді Бен-Гурион университетінде өсімдіктердің абиотикалық стреске төзімділігін зерттеу зертханасында 7 жыл ғылыммен айналысқан. Ол жерде Үндістаннан, Эфиопиядан, Бразилиядан келген ғалымдармен бірлесе отырып, ғылымды тереңірек түсінуге мүмкіндік алған. Сол кезеңде Жапония және Германия елдерінде ғылыми тәжірибе алмасу мүмкіндігіне ие болып, конференцияларда дәріс оқыды.
Жадырасынның ғылыми жаңалығын еліміз ғана емес, әлем жұртшылығы кәдесіне жарата алады. Ол өсімдіктің қартаюын баяулататын Альдегид оксидаза 3 генінің жаңа қасиетін тапты. Ғалым бес жыл бойы Arabidopsis thaliana өсімдігіне эксперименттік зерттеулер жүргізген.
Соның нәтижесінде Aldehyde Oxidase 3 генінің бұрын белгісіз болған жаңа қасиеті анықталып, өсімдік өмірін ұзартудың тиімді жолдары айқындалды. Зерттеу көрсеткендей, өсімдіктің тіршілік ету мерзімі стресс жағдайларына байланысты өзгеріп отырады. Мәселен, қолайлы ықпалдардың арқасында оның өмірін 20 күнге немесе 1 айға дейін ұзартуға мүмкіндік бар. Бұл ғылыми жаңалық еліміздің аграрлық саласын дамытуға елеулі үлес қосуы мүмкін. Жас ғалым жүргізген зерттеу нәтижелері өсімдіктану саласындағы беделді басылымдардың бірі The Plant Journal журналында жарияланды. Бұл жөніндегі ғылыми мақалада бірінші автор ретінде көрсетілген Жадырасынның есімін отандық ғылымның дамуындағы ауыз толтырып айтарлық нәтиже деуге болады.
– Ең басты ғылыми жетістігім – Aldehyde Oxidase 3 генінің жаңа қасиетін анықтау. Бұл ген өсімдіктерде бұрыннан белгілі болғанымен, оның тағы бір маңызды қызметі белгісіз еді. Зерттеу барысында біз осы геннің қосымша функциясын аштық. Атап айтқанда, өсімдіктерге абиотикалық және биотикалық стресс әсер еткен кезде олардың ағзасында уытты метаболиттер түзіледі. Ал аталған ген сол зиянды қосылыстарды залалсыздандыруға қатысады. Соның нәтижесінде, өсімдіктің қартаю үдерісі баяулап, тіршілік ету мерзімі ұзаруы мүмкін. Бұл – маңызды ғылыми жетістік. Аталған жаңалықты Қазақстанда ғана емес, басқа елдерде де түрлі ауыл шаруашылығы дақылдарына қолдануға мүмкіндік бар. Осы бір геннің қасиетін толық дәлелдеу үшін бес жыл уақытымды арнадым. Бұл – аз мерзім емес. Дегенмен ірі ғылыми жаңалыққа қол жеткізу үшін табандылық пен уақыт қажет. Зерттеу барысында түрлі қиындық та, шабыт сыйлаған сәттер де болды. Нәтиже шыққан кезде, ерекше қуаныш сезімін бастан өткересіз. Ғалым үшін ең үлкен қуаныш – нақты нәтиже. Ал күткен деңгейдегі нәтиже болмаған жағдайда, әрине, тығырыққа тірелгендей күй кешесің. Бірақ ғылымға деген шынайы қызығушылық мұндай сәттерден өтуге көмектеседі. Ғылым жолында құлдырау мен өрлеу қатар жүреді, бірақ дәл осы үдерістің өзі оны қызықты етеді. Жалпы, карбонилді қосылыстар өсімдіктерде үнемі түзіліп отырады. Оларды залалсыздандыратын арнайы ферменттер де бар. Алайда стресс факторларының әсерінен бұл қосылыстардың деңгейі күрт артқанда, өсімдіктің қартаюы жеделдеп, кей жағдайда оның жойылуына әкелуі мүмкін. Біздің зерттеуіміз көрсеткендей, Aldehyde Oxidase 3 гені осы зиянды қосылыстарды уытсыздандыру арқылы өсімдіктің қартаюын белгілі бір деңгейде баяулатады, – дейді ғалым.

Биотехнология саласында елеулі жаңалық ашқан ғалымның айтуынша, бүгінде биотехнологтардың басты миссиясы – экологиялық және азық-түлік мәселелерін табиғи жолмен шешу. Яғни, зиянды химиялық қоспаларды қолданбай, қауіпсіз әрі тиімді әдістер арқылы қоршаған ортаны қорғап, сапалы азық-түлік өндіру осы саланың негізгі бағытына айналып отыр. Яғни, химиялық пестицидтердің орнына микроорганизмдер негізінде жасалған биоконсорциумдарды қолда нуға мүмкіндік бар. Мұндай тәсіл ауыл шаруашылығы өнімдерінің өнімділігін арттырып қана қоймай, топырақтың құнарлығын жақсартуға да ықпал етеді. Өйткені барлық пайдалы элемент топырақ арқылы өсімдікке беріледі, ал өсімдік – адам тұтынатын негізгі азық-түлік көзі.
Қазір тұздану мәселесі тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде ауыл шаруашылығына кері әсер ететін негізгі абиотикалық стресс факторлардың бірі ретінде қарастырылады. Ол – әсіресе, дәнді дақылдардың өнімділігін төмендететін маңызды себептердің бірі. Сондықтан жас зерттеуші Жадырасын Нұрбекова тағы бір ауқымды ғылыми еңбегін тұзға төзімді өсімдіктерді зерттеуге арнапты.
– Осы бағытта жүргізілген зерттеулер аясында біз тұзға төзімді өсімдік түрлерін, соның ішінде галофиттерді жан-жақты қарастырдық. Нақтырақ айтқанда, олардың қай сорттары жоғары тұз концентрациясына төзімді екенін анықтауға басымдық бердік. Мұндай төзімді сорттарды іріктеу – агроагромәдениетті дамытуға, өнім сапасы мен тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік береді. Бұл зерттеулердің маңызы тек ұлттық деңгеймен шектелмейді. Ғылыми жұмыстардың ағылшын тілінде жариялануы олардың халықаралық ғылыми қауымдастыққа қолжетімді болуына жол ашады. Осылайша, отандық ғылымның нәтижелері әлем ғалымдарының назарына ұсынылып, жаһандық деңгейдегі өзекті мәселелерді шешуге үлес қосады, – дейді ол.
Қазақстан ғылымы бүгінде қарқынды даму кезеңіне қадам басқан. Бұл үрдісті ғалым да нақты факторлармен жүйелеп айтып берді. Оның пікірінше, негізгі айырмашылық ғылыми әлеуеттен емес, жүйелік ұйымдастыруда көрінеді. Шетелдік тәжірибе бұл бағытта үлгі бола алады. Мәселен, Жапониядағы ғылыми-зерттеу институттарында зерттеушілерге зертханаға тәулік бойы кіруге мүмкіндік жасалған. Арнайы ID-карта арқылы кез келген уақытта ғылыми жұмыстарын жалғастыра алады. Ал Қазақстанда мұндай жүйе әлі толық жолға қойылмағанымен, ғылыми инфрақұрылым кезең-кезеңімен жетілдіріліп келеді. Сондай-ақ кейіпкеріміз шетелдік университеттерде студенттердің ғылыми ізденісіне ерекше мән берілетінін айтты. Көптеген оқу орнында студенттердің зерттеу жұмыстарын жүргізуіне арнайы қаржылық қолдау қарастырылған. Тіпті, кейбір университеттерде әр студентке дипломдық жұмысына жеке қаражат бөлініп, оны ғылыми жетекшісімен бірлесіп басқару мүмкіндігі ұсынылады.

Ғылыми ізденіс жолының жартысына жуығы шетелде өткендіктен, Қазақстанның ғылым саласындағы оң өзгерістерін елге оралғаннан кейін анық байқаған ғалым, бүгінде халықаралық ғылыми байланыстардың кеңейіп, жас зерттеушілерге берілетін мүмкіндіктердің артқанын айтады. Оның сөзінше, елде ғылымға деген қолдау күшейіп, бұл сала қарқынды дамып келеді.
– Жақында ғылымға қосқан үлесім үшін Мемлекет басшысының атынан пәтер кілтін алдым. Мұны жас ғалымға көрсетілген үлкен қолдау деп бағалаймын. Жалпы, Қазақстан ғылымының даму қарқыны жаман емес, тіпті үлкен биікке көтеріліп келеді деп айтуға болады. Шетелдегі ғылыммен салыстырсақ та, бізде ауқымды зерттеулер жүргізіліп, заманауи зертханалар жұмыс істеп тұр. Мұндай мүмкіндіктер көптеген жас ғалымның шетелден елге оралуына да ықпал етуі әбден мүмкін, – дейді кейіпкеріміз.
Сондай-ақ ол бүгінде ғалымдардың жалақысы заңнамалық деңгейде бекітіліп, гранттық қаржыландыру арқылы шетелдік ғылыми іссапарларға шығуға мүмкіндік бар екенін де негізге алды. Бұл өз кезегінде халықаралық әріптестікті нығайтып, бірлескен ғылыми жарияланымдардың көбеюіне ықпал етеді. Университеттерде де ғылымды қолдауға бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Мәселен, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ғылыми нәтижелерді коммерцияландыруға арналған JANA ASU бағдарламасы жүзеге асуда. Ғылыми жаңалықтың практикалық маңызы дәлелденсе, зерттеушілерге қаржылай қолдау көрсетіледі. Қысқасы, қазіргі кезең – Қазақстан ғылымының дамуы үшін қолайлы уақыт. Жадырасын сынды ғылымның басқа да саласына үлес қосып жүрген ізденімпаз жастарға мүмкіндік мол. Өйткені ғылым экономиканың қозғаушы күші, инновацияның негізі, ұлттың зияткерлік әлеуетін айқындайтын басты факторы саналады. Сондықтан жастардың ғылымға келуін мемлекет болашағына қосылған үлес деп түсінуіміз керек.
С.БЕГІМБАЙ
