Жалпы 11 күдікті ұсталған. Оның ішінде ұйымдасқан топтың 6 негізгі мүшесі қамауға алынған.
Айналымы миллиард теңге: Батыс Қазақстанда есірткі схемасын ұйымдастырған қылмыстық топ ұсталды
133
оқылды

Батыс Қазақстан облысында есірткі тарату схемасымен айналысқан қылмыстық топ ұсталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Polisia.kz сайтының жазуынша, Батыс Қазақстан облысында полиция қызметкерлері ҰҚКД және облыс прокуратурасымен бірлесіп, ұзақ уақыт бойы күшті әсер ететін дәрілік препараттарды заңсыз таратумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топтың жолын кескен.

«Қылмыстық топ өз әрекетін заңды фармацевтикалық қызмет ретінде көрсетіп, жасырын түрде заңсыз сауда жүргізген. Олар арқылы психоактивті, тәуелділік тудыратын және есеңгірететін дәрілер өңір аумағында кеңінен таратылған. Бұл құбылыс жастар арасында таралған «дәріханалық нашақорлықтың» бір түріне айналған. Негізгі тұтынушылар -18-25 жас аралығындағы жастар. Олардың арасында бұрын сотталғандар да, есепте тұрғандар да, сондай-ақ алғаш рет осындай заттарды қолданғандар да бар», - делінген хабарламада.

Жүргізілген жедел-тергеу шаралары нәтижесінде қылмыстық схема толық тоқтатылған. Заңсыз айналымнан ірі көлемдегі дәрілік препараттар, есірткі заттары, оқ-дәрілер және қомақты ақша тәркіленген. Сонымен қатар тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіру деректері анықталған.

Жалпы 11 күдікті ұсталған. Оның ішінде ұйымдасқан топтың 6 негізгі мүшесі қамауға алынған. Алдын ала мәлімет бойынша, қылмыстық топтың айналымы шамамен 1 млрд теңгені құраған. Қылмыстық жолмен алынған мүлікке, оның ішінде жылжымайтын нысандар мен қымбат автокөліктерге тыйым салынды. Тергеу жалғасып жатыр.