Маңғыстау облысы Жетібай ауылындағы балабақшалардың бірінде болған жағдай қоғамда алаңдаушылық туғызды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Ата-аналардың айтуынша, тәрбиеленушілердің бірі ұзақ уақыт бойы өзге балалар мен тәрбиешілерге қысым көрсетіп келген.
Олардың сөзінше, «директордың баласы» деп танылған балаға ерекше еркіндік берілген. Ол тыныштық сағатында жатын бөлмеге кіріп, балаларды оятып, мазасын алған.
Кейбір ата-ана тәрбиешілердің өздері де бұл жағдайдан кейін күйзеліске түскенін айтады. Бірақ олар нақты шара қолдана алмаған.
Оқиға шарықтау шегіне бала кеңсе пышағын алып, жатын бөлмеге кірген кезде жеткен. Ол пышақты бұлғап, қыз балаларды қорқытқан. Ата-аналардың бірінің айтуынша, бала ұйықтап қалсаңдар «бір жеріңді кесемін» деп қорқытқан.
Оқиға кезінде тәрбиешінің қайда болғаны және неге дер кезінде әрекет жасалмағаны әзірге белгісіз.
Маңғыстау облыстық білім басқармасы аталған дерек бойынша 20 сәуірден бастап қызметтік тексеріс басталатынын хабарлады.
