Табиғи қолайсыздық салдарынан елді мекендегі бірқатар нысанның шатыры зақымданып, ұшып кеткен.
Маңғыстау облысында табиғи апаттың кесірінен мал қырылып, нысандар зақымданды
158
оқылды

Маңғыстау облысының Сайөтес ауылында қатты жел мен нөсер жауын салдарын жою жұмыстары жалғасып жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Табиғи қолайсыздық салдарынан елді мекендегі бірқатар нысанның шатыры зақымданып, ұшып кеткен.

Сонымен қатар Сайөтес ауылы мен 7-разъезд аралығындағы аумақта теміржол бойында мал қырылған. Алдын ала дерек бойынша, жүзден астам жылқының өлексесі табылған. Қазіргі таңда нақты саны анықталып жатыр.

Оқиғаның мән-жайын бағалау үшін арнайы комиссия құрылып, шығын көлемін есептеу және өтемақы төлеу мәселелері қаралуда. Қырылған мал ресми тіркеуде болған жағдайда, өтемақы заңнамаға сәйкес төленеді.

Мамандардың айтуынша, малдың қырылуына экстремалды ауа райы себеп болған. Жануарлар бағытынан адасып, алыс және жетуі қиын аумақтарда қырылған.

Жедел жұмыстарға арнайы техника мен дрондар тартылып, жоғалған малды іздеу және аумақты бақылау күшейтілген. Өңірде жедел штаб жұмыс істеп, барлық қажетті күштер жұмылдырылған.