Бұл – мемлекеттік тіліміздің жаһандық ғылыми-білім беру кеңістігіне ықпалдасуының маңызды қадамы.
Қазақ тілі алғаш рет халықаралық олимпиадада жұмыс тілі ретінде бекітілді
Фото: gov.kz
112
оқылды

Азиаттық-Тынық мұхиты лингвистикалық олимпиадасында (APLO-2026) қазақ тілі алғаш рет халықаралық пәндік олимпиаданың жұмыс тілі ретінде қолданылды, – деп хабарлайды Аikyn.kz.

Олимпиада барысында тапсырмалар мен олардың ресми шешімдері ұйымдастырушылардың платформасында қазақ тілінде жарияланды. Осылайша, қазақ тілінің халықаралық академиялық коммуникация құралы ретіндегі әлеуеті іс жүзінде дәлелденді.

APLO-2026 олимпиадасы Азиаттық-Тынық мұхиты елдері Қазақстан, Қытай, Жапония, Малайзия, Корея Республикасы, Сингапур және Таиландтан келген 300-ге жуық дарынды оқушыны біріктірді. Аталған зияткерлік жарыс  – дарынды жастарды анықтауға және оларды Халықаралық лингвистикалық олимпиадаға даярлауға бағытталған беделді алаң.

Қазақстан құрамасы бұл олимпиадаға үшінші рет қатысып отыр. Биыл ел намысын 8 оқушы қорғады. Нәтижесінде, қазақстандық оқушылар 1 алтын, 1 күміс және 2 қола медаль жеңіп алып, жоғары дайындық деңгейін көрсетті. Сонымен қатар 4 қатысушы Құрмет грамотасымен марапатталды.

Жеке есепте Азия елдерінен іріктелген үздік қатысушылар арасында Шыңғыс Қарасаев 9-орынды иеленді. Ал командалық есепте Қазақстан құрамасы 8-орынға тұрақтады. Алтын медальді Орал қаласындағы жаратылыстану-математика бағытындағы Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Шыңғыс Қарасаев жеңіп алды.

Күміс жүлдені Астана қаласының Нұра ауданындағы жаратылыстану-математика бағытындағы Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Әмірбек Азатбеков иеленді. Ақтау қаласындағы мамандандырылған IT-лицейінің 11-сынып оқушысы Рамазан Бутантаев пен Қостанай облысы Жітіқара ауданындағы Абай атындағы мектеп-лицейдің 11-сынып оқушысы Кирилл Тұрғымбаев қола медаль иегері атанды.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.