Қазақстандағы президенттік институттың дамуына арналған дөңгелек үстел өтті

ҚР ПІБ Президенттік орталығында «Қазақстан Республикасындағы президенттік институт: жаңа конституциялық модельге көшу» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы өтті.

Қазақстанның саяси дамуының қазіргі кезеңі 2026 жылғы 15 наурызда өткен республикалық референдумда елдің жаңа Конституциясының қабылдануына байланысты ауқымды институционалдық трансформациямен сипатталады.

«Қазақстан Республикасындағы президенттік институт мемлекеттік басқару жүйесінің орталық буыны әрі стратегиялық шешімдер қабылдаудың өзегі болып саналады. 1990 жылғы 24 сәуірде Қазақ КСР Президенті лауазымының енгізілуінен бастап бүгінгі күнге дейінгі кезеңде ол уақыт талабына берілген объективті жауап ретінде эволюцияланып, елдің сындарлы сәттерінде тұрақтылығын қамтамасыз етті. Институционалдық реформалардың заңды жалғасы ретінде 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдумда Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы қабылданды. Жаңа Негізгі заңның идеологиясы мен мазмұны «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласы төңірегінде қалыптасып, ол республиканың саяси жаңғыруының стратегиялық моделіне айналды. Практикалық тұрғыдан бұл бір палаталы Парламентке көшу, Вице-президент лауазымын енгізу, заң шығару бастамасы құқығына ие жоғары консультативтік орган – Қазақстан Халық кеңесін құру және басқа да өзгерістерден көрініс тапты», – деді Қазақстан Республикасы Президенттік орталығының директоры Бақытжан Темірболат кіріспе сөзінде.

Негізгі заң мемлекеттік басқару жүйесінің негізгі элементі әрі стратегиялық шешімдер қабылдау орталығы ретінде президенттік институттың құрылымы мен рөліне тікелей әсер етеді. Сонымен қатар  2026 жылғы Конституцияда Президенттің мәртебесі мен өкілеттіктеріндегі өзгерістер жекелеген емес, жүйелі сипатқа ие болып, мемлекеттік билікті ұйымдастырудың іргелі қағидаттарын қамтиды.

«Қазақстандағы президенттік институттың өзіндік ерекшеліктері мен сипаттары бар, олар елдің ұлттық даму тәжірибесіне және саясат пен экономика салаларындағы жетістіктеріне объективті түрде сәйкес келеді. Айта кету керек, президенттік институт билік пен басқаруды ұйымдастырудың ең демократиялық институты ретінде қалыптасты. Қ.Тоқаев елде жаңа саяси дәстүр қалыптастырды – жазғы демалыстан кейін Парламенттің алғашқы сессиясын халыққа Жолдау жасаудан бастау. Жаңа саяси маусымды аша отырып, Президент алдағы жылдың негізгі бағыттарын айқындап қана қоймай, өтіп бара жатқан жылдың қорытындыларын да талдайды. Мемлекет басшысы бастамашы болған саяси реформалар іргелі сипатқа ие және жаңа саяси дәстүрлерді, жаңа саяси мәдениетті қалыптастырады, бұл өз кезегінде еліміздің одан әрі саяси жаңғыруының негізіне айналады. Реформалардың негізгі әрі басты мақсаты – саяси жүйенің институционалдық негіздерін одан әрі нығайту», – деп атап өтті ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ажар Сағандықова.

Жаңа Конституция президенттік институтты күшейтетін бірқатар тетіктерді бекітеді: негізгі лауазымды тұлғаларды тағайындау құқығы және жаңа саяси институттарды қалыптастыруға ықпал ету мүмкіндігі. Президенттік вертикальді нығайтудың құралы ретінде Вице-президент лауазымының енгізілуі болды. Бұл қадам билік сабақтастығы механизмін институционалдандыруға бағытталған.

Сонымен қатар Президент, Құрылтай және мемлекеттік биліктің өзге де тармақтары арасындағы тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесі күшейтіледі.

Дөңгелек үстел барысында қатысушылар 2026 жылы қабылданған жаңа Конституция аясында Қазақстан Республикасындағы президенттік институттың трансформациясын талқылап, жан-жақты талдау жасады. Пікірталас форматы орын алған өзгерістердің мазмұнын айқындап қана қоймай, олардың жүйелік салдарын анықтауға, сондай-ақ қазақстандық мемлекеттілік моделінің одан әрі эволюциясының бағыттарын белгілеуге мүмкіндік берді.

Іс-шара барысында сондай-ақ Мемлекет тарихы институтының бас ғылыми қызметкері, саясат ғылымдарының докторы Жапсарбай Қуанышев, Нурсултан Назарбаев қоры атқарушы директорының орынбасары Әлкей Марғұланұлы және ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің кеңесшісі Әділ Сейфуллин сөз сөйледі.

Дөңгелек үстел тиімді мемлекеттік саясатты қалыптастыру мен елді жаңғыртудағы президенттік институттың рөлі туралы конструктивті диалог пен пікір алмасуға арналған маңызды алаңға айналды.