Мемлекет басшысы телекөпір арқылы 14 өңірдегі Tomorrow School мектептерінің желісін ашты.
Қасым-Жомарт Тоқаев Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығына барды
Фото: Ақорда
145
оқылды

Орталықта жасанды интеллект саласындағы ғылыми-зерттеулер мен білім беру бағдарламалары жүргізіліп, стартап-бастамалар мен басқа да қолданбалы шешімдердің енгізілуіне жағдай жасалады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты Akorda-ға сілтеме жасап.

Іске асырылып жатқан жобалар ЖИ технологиясын мемлекеттік секторда, бизнесте және күнделікті өмірде қолдануға мүмкіндік береді. Жалпы, Орталық Мемлекет басшысының Қазақстанды технологиялық, заманауи және бәсекеге қабілетті елге айналдыруды көздейтін стратегиялық бағдарын орындау мақсатында құрылған.

Айта кетейік, 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы үш жыл ішінде елді цифрлық даму бойынша көшбасшылар қатарына шығаруды мақсат етіп қойды. Биыл 6 қаңтарда 2026 жылды – Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялау туралы Жарлыққа қол қойылды.

Цифрландыру жылы аясында жаңа жобалар іске қосыла бастады. Осылайша, Астанада «Alem.ai (http://alem.ai/) халықаралық жасанды интеллект орталығы» ашылды.

Сонымен қатар, бүгін Мемлекет басшысы орталыққа арнайы барып, оған Presight компаниясының «Astana Smart City» жобасы – жаңа буындағы зияткерлік қалалық инфрақұрылымды құруға бағытталған ауқымды бастама таныстырылды.

Бұл – интеллектуалды қала инфрақұрылымының жаңа буынын қалыптастыратын маңызды бастама. 

Presight.AI компаниясының бас директоры Томас Прамотедхам қала жүйелері мен деректерді нақты уақыт режимінде біріктіретін бірыңғай АІ-платформаны, сондай-ақ оның шаһарды басқару тиімділігін арттыру барысындағы қолдану мүмкіндіктерін таныстырды. 

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар білім беру бастамасын іске қосу рәсіміне қатысты. Айта кетейік, Президенттің тапсырмасымен 2024 жылы Astana Hub жанынан Tomorrow School жасанды интеллект мектебі құрылған болатын. Енді оның табысты тәжірибесі ел көлемінде таратылады. Бұл мектепте кәмелет жастан асқан, соның ішінде ақпараттық технология саласына жаңа қадам басқан азаматтар тегін білім алады. 

Іс-шара аясында Қасым-Жомарт Тоқаев «alem.ai battle» жасанды интеллект саласындағы ұлттық байқаудың жеңімпаздарын марапаттады.

Сондай-ақ, мемлекеттік органдар арасындағы AI Governance Cup байқауының жеңімпаздарына алты номинация бойынша марапаттар табысталды: «AI Азаматтарға Қызмет», «AI Экономика», «AI Әлеуметтік Саясат», «AI Қауіпсіздік», «AI Өңір» мен «AI Квазисектор».

Елдің нәтижелері әлемдік цифрлық аренада да көрініс табуда.

«Alem.Cloud» ұлттық суперкомпьютері әлемдегі ең қуатты есептеу жүйелерінің TOP500 халықаралық рейтингіне (86-орын) енді. Government AI Readiness Index 2025 индексінде Қазақстан 195 елдің ішінде 60-орынға көтеріліп, бір жылда позициясын 16 тармаққа жақсартты. БҰҰ-ның E-Government Development Index рейтингінде 193 елдің ішінде 24-орынды иеленді, ал теңізге шығатын жолы жоқ дамушы елдер арасында бірінші орынға шықты. Сонымен қатар, 2025 жылғы қаңтарда Ookla компаниясының мобильді интернет жылдамдығы рейтингісінде Қазақстан 8 позицияға көтеріліп, 49-орынға жайғасты.