Қазақстан мен Израиль президенттері кеңейтілген құрамда келіссөз өткізді.
Белсенді саяси диалог орнады
112
оқылды

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ицхак Герцогтың ке­ліссөзі екі ел делегациясының қатысуымен кеңей­­­тілген құрамда жалғасты.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Израиль­дің сан қырлы байланыстары ұзақ уақыттан бері жалғасып келе жатқанын атап өтті.

– Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бас­тап елдеріміз арасында достық қарым-қатынас ор­нады. Израиль Мемлекеті Қазақстанның еге­­­мендігін алғашқылардың бірі болып мойын­дады. 1993 жылы дипломатиялық өкілдік­тері­міз­ді аштық. Содан бері белсенді саяси диалог қа­лыптасты. Сауда-экономикалық және инвес­тиция­лық ықпалдастықта елеулі жетістіктерге қол жеткіздік, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің пікірінше, Ибраһим келісім­дері өңірлік тұрақтылыққа, сауда-экономикалық ынтымақтастықты жандандыруға берік негіз қа­лайды.

– Өзіңізге мәлім, Қазақстан бұған дейін қа­был­даған шешімін ұстанады. Ибраһим келі­сім­дері­не ресми түрде қосылу рәсімін таяу келешек­те Астанада ұйымдастыруға болады деп есеп­тей­міз. Сонымен қатар жасанды интеллект және цифр­ландыру салаларындағы ынтымақтастықты ны­ғайтуға мүдделіміз. Биыл Қазақстанда Жа­сан­ды интеллект және цифрландыру жылы бо­лып жарияланды. Мен бұл мәселеге айрықша мә­н беремін, – деді Мемлекет басшысы.

Өз кезегінде Ицхак Герцог Қазақстан мен Израиль арасындағы әріптестік қарқынды да­мып келе жатқанын айтты.

– Президент мырза, Қазақстан толерант­ты­лық пен конфессияаралық диалогтың бірегей үл­­гісін көрсетіп отыр. Сол үшін Сізге алғыс ай­тамын. Сонымен қатар екі ел арасындағы іс­­­­­­керлік байланыстар мен тауар айналымын арт­тыруға мүмкіндік мол екеніне назар аударғым келеді. Бұл бағытта нақты шаралар қабылдай ала­мыз. Атап айтқанда, біз тікелей әуе қаты­на­сын ашуға мүдделіміз. Ол іскерлік және сауда қа­тынастарына оң ықпал етеді. Бұдан бөлек, екі­жақты құқықтық-келісімшарт базасын кеңей­туге ниеттіміз. Қазіргі кезде бірқатар ке­лі­сім, соның ішінде қосарланған салықты алып тастау туралы уағдаластық пысықталып жатыр, – деді Израиль Президенті.

Мемлекеттер басшылары өңірлік және ха­лық­аралық өзекті мәселелер жөнінде пікір ал­масты.

Келіссөз қорытындысы бойынша тараптар тұрақ­ты саяси диалогты жалғастыруға, барлық дең­гейдегі ықпалдастықты жандандыруға, сон­дай-ақ бірлесе күш жұмылдыра отырып серік­тес­тікті жаңа әрі сапалы кезеңге шығаруға ке­лісті.