Таяуда «Астана Тазалық» ЖШС елордадағы Кәсіптік-техникалық колледжі мен Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығымен бірлесіп көшет отырғызу экологиялық акциясын ұйымдастырды.
Бір мақсат – бір мүдде
106
оқылды

Бір сәтте дәрігерлер, ұстаздар мен коммуналдық қызметкерлер 100-ге жуық көшет отырғызды. Бұл игі іс-шара «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында өтіп отыр. Қаланың тазалығына жауапты мекеме бүгінге дейін бірнеше рет экологиялық акциялар өткізіп, 1000-ға жуық тал-терек отырғызып үлгерген. 

– Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» экологиялық жобасын қолға алғанын білесіздер. Біз де осы жобаға үн қосып, әріптестерімізбен осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Мекемеміздің де аты – «Тазалық». Өзгелерге де үлгі болайық деп, елор­далық мекемелермен меморандумға отырып, бірлесе әрекет етіп жатырмыз. Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы мен қалалық кәсіптік-техникалық колледж ұжымы да жобамызды қолдады, – дейді кәсіп­орынның бас директоры Альберт Есалиев.

Акция аясында елорданың үш бірдей мекемесі ынты­мақтастық туралы келісімге қол қойды. Бұл құжат эко­логиялық мәдениетті дамыту, әлеуметтік жауапкершілікті арттыру жолының бір шарты іспеттес.

– Үш орталықтың басшыларынан бастап, барша қызметкері – дәрігерлер, ұстаздар мен студенттер де акцияға қатысып жатыр. Не себепті үш ұйымның басын қосып отырмыз? Медицина саласы – адам денсаулығының кепілі. Кәсіптік-техникалық колледжі бізге маман дайындап шығарып отыр, бұрыннан байланысымыз берік орныққан, – дейді А.Есалиев.

Осы орайда «Астана Тазалық» мамандары Ұлттық медицинаны үйлестіру орталығының жаңа, жас мекеме екенін ескере, орталық ауласына көшет отырғызуды жөн көрген. Коммуналдық саланың қызметкерлері мұндай бастамаларды үнемі қолдап келеді. Мәселен, былтыр сала мамандары қаланың көрікті орнының бірі – Abu Dabi Plaza кешенінің жанындағы саябаққа «Хабар» арнасының қызметкерлерімен бірген көшет отырғызған, сонымен қатар тұрақты түрде сенбіліктер өткізіп келеді. Бұдан бөлек, қаланың алты ауданында да жобалар ұйымдас­тыруды жолға қойған. Бүгінде қаланың тазалығы мен тәртібін реттеуде кәсіпорынның 2000-нан аса маманы қызмет етіп келеді. Ал Кәсіптік-техникалық колледжінің студенттері жыл сайын «Астана Тазалық» мекемесінен өндірістік-кәсіптік тәжірибеден өтіп, білікті мамандардан ілім алып жүр. Мекеме басшысының айтуынша, әр жылы колледждің 10-15 шақты студенті жұмысқа алынады екен. 

– Еккен теректің санына емес, сапасына қараймыз. Меморандумның маңызы да осында. Ағаштарды отыр­ғызып кетеміз де, күнделікті келіп, күтімін қарай алмай­тынымыз анық. Сол себепті достық пен  ынтымақтастық-ты құптаған ұйымдардың ұжымы теректердің күтіміне жауапты болады. Мұның артында бір күндік іс-шара тұрған жоқ, жобаны ары қарай жалғастыра береміз. Көшет отырғызғаннан кейін көктем және күз мезгілінде өспей қалған жерлерді тексеріп, теректерді қайта толықтырып отырамыз. Санға емес, сапаға мән береміз.

Бұл іс-шара қала жастарының экологиялық мәде­ниетін қалыптастыру үшін керек-ақ. Әсіресе, Кәсіптік-техникалық колледж студенттері экологиялық акция­ларға жиі қатысу арқылы өсімдіктердің күтіміне қы­зығып, тәжірибе жинай бастаған.

– Үшінші рет акцияға қатысып отырмын. Алғашында топыраққа су құю керегін білмеппін. Жерді қазып, көшетті отырғызамын да, бетін қайта топырақпен көміп тастаймын деп ойлаппын. Сөйтсем, алдымен көшет отырғызуға арналған арнайы қарашірік топырақ салып, үстіне су құйып, кейін көшетті отырғызып, бетін қарапайым топырақ пен қарашірікті араластырып қайта жауып, тағы су құяды екен. Ағаш отырғызу үшін жердің жұмсақтығы мен сапасына қарап, 35-50 см шамасында жер қазу қажет. Жастардың акцияларға жиі қатысқанын қалаймын, табиғатқа жанашырлықпен қарауды осылай насихаттай беру қажет, – дейді колледж студенті Бақыт­жан Қайболдиев.

Жастардың әңгімесін тыңдап отырып, акцияның мәнін тереңінен түсіндік. Ал тазалыққа жауапты мекеме «Таза Қазақстан» акциясын әлі де кең ауқымда жал­ғас­тыруды мақсат етеді. 

Айсұлу СЪЕЗХАН