Сенат Төрағасы Израиль делегациясына ілтипат білдіріп, көпжылдық ынтымақтастықтың нәтижесінде бүгінде екі мемлекет арасында сенімге негізделген саяси диалог қалыптасқанын атап өтті. Сондай-ақ ол бұл сапар Қазақстан мен Израиль арасындағы қатынастарды одан әрі дамытуға серпін беретініне сенім білдірді.
«Сіздің Астанаға сапарыңыз – Қазақстан-Израиль қарым-қатынасын нығайту жолындағы маңызды қадам. Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевпен өтетін мазмұнды келіссөздер екі ел арасындағы байланысты дамытуға елеулі үлес қосады деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сұхбат барысында тараптар парламентаралық байланыстарды одан әрі жандандыру мәселесіне де тоқталып, заң шығару қызметіндегі ынтымақтастықты кеңейту перспективасына назар аударды.
Сонымен қатар Сенат Төрағасы Израиль тарапына Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезіне тұрақты қолдау көрсетіп келе жатқаны үшін алғыс білдірді. Кездесуде аталған алаң конфессияаралық өзара құрметті нығайтуда маңызды рөл атқарып келе жатқаны сөз болды. Сондай-ақ ол қазіргі күрделі геосаяси жағдайда діни дипломатияның маңызына баса мән беріп, Қазақстанның конфессияаралық келісімді дамыту және жаһандық диалогты ілгерілету жөніндегі бастамаларының мақсаты жөнінде айтты.
Өз кезегінде Израиль Президенті Қазақстанның бейбіт бастамаларына және жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік-экономикалық, саяси реформаларға жоғары баға берді. Сонымен қатар ол Қазақстан мен Израиль арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделі екенін тілге тиек етті.
