Жиында Дания Еспаева жаңа Конституцияда адами капитал, білім беру, ғылым мен инновацияны дамытудың стратегиялық басымдығы бекітілгенін атап өтті. Бұл ретте Мемлекет басшысы елдің технологиялық дамуын қамтамасыз етуге қабілетті инженерлік-техникалық кадрларды даярлаудың маңызына бірнеше рет тоқталған болатын.
Еңбек министрлігінің дерегіне сүйенсек, жасанды интеллект Қазақстанда жүздеген кәсіпке әсерін тигізеді, олардың біразы қысқарады, біразы өзгеріске ұшырайды, ал кейбіреуі жойылып кетеді.
– Сонымен қатар жасанды интеллект пен экономика салаларының қиылысында жаңа мамандықтар қалыптасуда, алдағы жылдары оларға сұраныс өсе бастайды. Экономиканың негізгі салаларына жасанды интеллектіні жедел енгізу жоғары білім беру жүйесінен цифрландыру және автоматтандыру жағдайларында маман даярлау мүмкіндігін талап етеді. Осы мақсатпен жоғары білімнің қолжетімділігі айтарлықтай кеңейіп, мемлекеттік қолдау күшейтілді, – деді Мәжіліс Төрағасының орынбасары.
Алайда Дания Еспаева қабылданып жатқан шараларға қарамастан, бірқатар өзекті мәселе бар екеніне назар аударды. Ол еңбек нарығындағы сұранысқа ұзақмерзімді болжам жасалмағанын, соның салдарынан білім беру жүйесі еңбек нарығының трансформациясына ілесе алмай отырғанын атап өтті. Сондай-ақ демографиялық жүктеменің артуы, оқу жоспарларының жеткілікті деңгейде жаңармауы және жастардың инженерлік мамандықтарды таңдауға деген құлшынысының төмендігі басты мәселелердің бірі ретінде тілге тиек етілді.
Жоғары аудиторлық палатаның мүшесі Тілеген Қаскин кадр даярлау мәселесі бойынша жүргізілген аудит қорытындысын баяндады. Оның айтуынша, қазіргі жоғары білім жүйесі нәтижеден гөрі процесті көбірек қаржыландырып отыр. Негізгі міндет тек грант пен шығынды көбейту емес, сапаны нақты бақылауды және бірыңғай цифрлық есепті қалыптастыру, мемлекеттік тапсырысты еңбек нарығымен сабақтастыру болуға тиіс.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек өз баяндамасында қалыптасқан жағдай білім беру бағдарламаларын жедел жаңартуға мүмкіндік беретін, икемді реттеу моделіне көшуді талап ететінін айтты.
– Жаңа кәсіптер атласы бойынша жұмыс аяқталды. Өңірлік атластар экономиканың 27 саласын қамтып, жаңа кәсіптердің жасанды интеллект, цифрландыру, орнықты даму және автоматтандыру бағыттарында қалыптасып жатқанын, ал бірсарынды еңбектің рөлі төмендеуге бет алғанын айқын көрсетіп отыр. Жалпы, осы атластардың негізінде 1 750-ден астам жаңа білім беру бағдарламасы енгізілді. Осылайша, біз болжауды, білім беру жүйесі мен еңбек нарығын біртұтас логикамен байланыстыратын жүйе қалыптастырдық. Сөйтіп, келесі кезеңге, яғни еңбек нарығын предиктивті талдауға көшіп отырмыз, – деді министр.
Министрліктің ақпараты бойынша, қазір білім беру жүйесінің жаңа архитектурасы қалыптасып жатыр. Атап айтқанда, экономиканың нақты секторына арналған ЖИ-шешімдерді әзірлеп, оларды өндіріске енгізе алатын мамандар даярлауға бағытталған AI-Sana бағдарламасы іске қосылды. OpenAI-мен ынтымақтастық аясында жоғары оқу орындарының оқытушылары мен ғылыми қызметкерлерін ЖИ құзыреттілігіне оқыту жүргізілуде. Сондай-ақ ЖИ саласында кадр даярлаудың жоғары оқу орындарына ортақ стандарты енгізілді. Биыл университеттердің цифрлық ұлттық рейтингі іске қосылмақ. Бұл рейтинг мемлекеттік білім беру тапсырысын қаржыландырудың жаңа моделі бойынша бөлуге негіз болады.
Үкімет сағатында Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов қосымша баяндама жасап, саладағы жетістіктермен қатар, ашық айтылуға тиіс жүйелі сын-қатерлерге де тоқталды. Оның айтуынша, ЖИ еңбек нарығын түбегейлі өзгертіп жатыр. Халықаралық институттардың бағалауы бойынша, әлемдегі жұмыс орындарының 40%-на ЖИ ықпал етуде.
– Бүгін студенттерге аудиторияда үйретіп жатқан дағдылардың 40%-ы 2030 жылға қарай, яғни небәрі төрт жылдан кейін жаңартуды қажет ететін болады, біз үшін бұл – қауіпті құбылыс. Болашақтағы емес, бүгінгі шындық осындай. Бұған қоса, ЖИ жоғары білімнің мазмұнын өзгертуде. ЖИ дәуірінде, университет бейіндік мамандықтармен шектеліп қалмай, іргелі әрі гуманитарлық бағытты күрт күшейтуіміз керек. Егер бұрын бағдарламалау үшін Python тілін білу керек болса, бүгін «вайб-кодинг» заманы келді: сіз мақсатты қарапайым тілмен сипаттап бересіз, ал ЖИ дайын кодты өзі жазып береді. Сондықтан енді сапалы промпт жазу үшін мәселенің мәнін түсініп, контекст пен оның салдарын көре білу қажет. Оған тек іргелі білімдердің арқасында қол жеткізуге болады. Сондықтан жаратылыстану, математика ғылымдарына баса назар аударумен қатар, гуманитарлық ғылымдарды дамыту қажет, – деді Асхат Аймағамбетов.
Комитет төрағасы сондай-ақ мемлекеттік тапсырыс пен еңбек нарығының нақты сұранысы арасындағы теңгерімсіздіктің сақталып отырғанын атап өтті. Қолданыстағы кәсіби стандарттар ескірген күйде қалып, экономиканың бұрынғы үлгілері бойынша кадр даярлаудың тұйық шеңберін қалыптастыруда. Университеттер өздерінің білім беру бағдарламаларын кәсіби стандарттармен жаңартады, бірақ соңғылары ескірген, ЖИ үшін қажетті құзыреттерге сай келмейді. Жоғары оқу орындары түлектерін сұранысы төмен жекелеген бағыттар бойынша қайта даярлау, жаңа жұмыс орындарының негізін құрайтын біліктілігі орташа деңгейдегі кадрлар тапшылығы әлі де сақталып отыр.
Асхат Аймағамбетов білім беру бағдарламаларына жасанды интеллектіні енгізудің формалды сипатына тоқталды. Атап айтқанда, терең интеграцияның орнына мамандардың бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етпейтін үстірт дағдылар ғана қалыптасуда.
Талқылау барысында депутаттар кадр даярлау жүйесін трансформациялауға қатысты бірқатар мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, жасанды интеллектінің енгізілуіне байланысты жұмыссыз қалуы мүмкін мамандарды қайта даярлау шаралары, сондай-ақ түлектердің кейінгі жұмысқа орналасуын бақылау тетіктері мен олар мамандығы бойынша жұмыс таба алмаған жағдайда жауапкершілікті бөлу туралы сөз болды. Осыған байланысты депутаттар білім беру бағдарламаларын еңбек нарығының қажеттіліктеріне дәлірек бейімдеу үшін оқу орындары мен жеке сектор арасындағы өзара іс-әрекетті күшейту қажеттігін атап өтті.
Сонымен қатар экономикадағы шешуші рөлін ескере отырып, аграрлық, өнеркәсіптік және инженерлік мамандықтардың тартымдылығын арттыру шаралары туралы сұрақтар қойылды. Педагогикалық мамандықтарға оқитын студенттердің цифрлық сауаттылығын арттыру, ЖИ және заманауи цифрлық технологиялар саласындағы оқытушылардың дайындығын тереңдету бойынша ұсыныстар айтылды.
Депутаттар көтерген мәселелер мен ұсыныстар ұсынымдар ретінде жинақталып, Үкіметке жолданатын болады.