Бұл туралы Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Тұрғындардың жоғары қызығушылығы мен іс-шараға қатысуға өтініштердің көп түсуіне, сондай-ақ мереке күніне байланысты жүгіру жарыстары мен турнирлерге қатысушыларды онлайн тіркеу туралы шешім қабылданды. Онлайн тіркеу тәулік бойы ашық, қатысушылар алдын ала өтінім беріп, өзіне қолайлы бағытты таңдай алады.
Жүгіру жарыстарына қатысу тегін, алайда орын саны шектеулі. Қатысушылардың жалпы лимиті – 1600 адам. Ең жоғары шекке жеткеннен кейін тіркеу автоматты түрде жабылады.
5 км қашықтыққа 10 жастан бастап қатысуға рұқсат етіледі, ал 400 метрлік балалар жарысына 6-дан 10 жасқа дейінгі балалар қатыса алады», – делінген баспасөз хабарламасында.
Сонымен қатар фестиваль бағдарламасына дене шынықтыру, командалық турнирлер, жеке жарыстар және спорттың әртүрлі түрлері бойынша ашық жаттығулар енгізілген.
Елорда тұрғындары мен қонақтары йога, street workout жаттығуларына тегін қатысып, сондай-ақ Василий Тахтай командасымен және қаланың жетекші фитнес-клубтарының кәсіби жаттықтырушыларымен бірге жекпе-жек түрлерінен көрсетілімдерді тамашалай алады.
Осы күні күштік спорт түрлері бойынша жеке жарыстар да өтеді. Тіркеу сол жерде сағат 10:30-да басталады. Қатысушыларға гір спорты, армрестлинг, брусьяда жаттығулар, турникке тартылу және салмақты уақытқа ұстап тұру бойынша бақ сынауына мүмкіндік туады.
