Алматыда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төра­ғалығымен Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің екінші отырысы өтті.
Жасанды интеллект – жаңа мүмкіндік
83
оқылды

Мемлекет басшысы жиында сөйлеген сө­зінде әлем технологиялық транс­фор­мация­ның мүлдем жаңа кезеңіне қадам бас­қанына назар аударды. Президенттің ай­туынша, қазіргі өзгерістер XIX-XX ға­сырлардағы индустриялық революциямен са­лыстыруға келмейді. Өйткені оның жыл­дамдығы мен ауқымдылығы сон­ша­лық, физикалық болмыс пен цифрлық кеңіс­тік арасындағы шекара жойылып бара­ды.

– Жасанды интеллект жаһандық эко­но­миканың басты арқауы, ал үлкен дерек­тер қоры аса маңызды ресурс санала бас­­­тады. Сондықтан Қазақстан жасанды ин­теллектіні аса маңызды стратегиялық ба­ғыт ретінде қарастырады. Алдымызға Қа­зақстанды заманауи цифрлық мем­ле­кет­ке айналдыру жөнінде өршіл мақсат қой­дық. Тиісті институционалдық алғы­шарт­тар мен базалық инфрақұрылым қа­лыптасты. Енді жасанды интеллект тех­нологиясын экономиканың барлық са­ласына енгізуіміз қажет. Бұл ретте «тех­нологиялық сақтық шараларын» бас­шы­лық­қа алып, ұлттық мүддені де ұмытпаған жөн, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пайым­дауын­ша, жаңа технологиялық парадиг­ма­ға көшу үшін қазіргі жағдайға объек­тив­ті, шынайы баға беру қажет.

– Цифрлық экономика туралы тұ­жырым­дама әлі толық жасақталмаған, қол­даныстағы әдістеме бір ізге түспеген. Ішкі жалпы өнімді бес пайызға жеткізу тура­лы айтқанда, нақты экономика сек­то­рындағы өсім мен инновация нәти­же­сін­дегі табыстың аражігін ажырата білу ке­рек. Жалпылама көрсеткіштер көбіне жұ­мыстың тиімділігін емес, алдамшы кө­рініс қалыптастырып жатады. Сондықтан бұл цифрландыру мен жасанды интел­лек­тінің ел экономикасына қосқан нақты үле­сін бағалауға мүмкіндік бермейді. Үкі­мет Стратегиялық жоспарлау және ре­фор­малар жөніндегі агенттікпен бір­лесіп, цифрлық экономиканың ІЖӨ-ге әсерін бағалау бойынша ұсыныстар енгіз­ге­ні жөн, – деді Мемлекет басшысы.

Президент әлемдік деңгейдегі жетекші зерт­ханалардың соңғы деректеріне сүйене оты­рып, дамыған және дамушы экон­о­ми­­­калар арасындағы алшақтық тез ұл­ғайып келе жатқанын атап өтті.

– Жасанды интеллектінің бір ерек­ше­лігі – капитал да, технология да көш­бас­шы­лардың қолына шоғырланады. Уақы­тылы әрі батыл шешім қабылдамаса, ер­тең «технологиялық алшақтықты» қыс­қар­ту қиынға соғады. Бұл – Қазақстан үшін алаңдатарлық ахуал. Қазіргі жағ­дай­ды егжей-тегжейлі саралап, нақты интел­лек­­­­­туалдық өнімдер жасауға қабілетіміз қаншалықты жететінін анық түсіну керек. Еліміз классикалық «Орта табыс дағда­ры­сына» тап болды деген сарапшылардың пікірімен келіспеске амал жоқ. Мұндай кез­де табиғи ресурстар мен арзан жұмыс кү­ші секілді дәстүрлі ресурстар сарқыла бас­тайды, ал экономикалық өсімге серпін бере­тін жаңа салалар тиісті деңгейде да­мымайды немесе іске қосылмайды. Эко­номиканың тұралауына жол бермеу үшін үлкен цифрлық платформалар құру қажет. Сол арқылы цифрлық экономикаға жедел ауысу амалын іздеген дұрыс. Мемлекеттік деректердің бірыңғай жүйесі болмаса, жасанды интеллектіден пайда жоқ. Осы орай­да мемлекеттік сервистерді көзге көрін­бейтін, бірақ өте тиімді операциялық жүйеге трансформациялау керек. Сонда ша­мадан тыс бюрократиялық талаптардан құ­тыламыз. Қазіргі жүйе бойынша сұра­ныс жіберуден бастап шешім қабылдауға дейін­гі аралыққа бірнеше күн немесе бірнеше апта кетеді. Негізі, аталған цикл бір­неше секундқа дейін қысқаруға тиіс. Сол кезде елдегі капитал айналымы же­дел­­дей түседі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Дүниежүзілік банктің мәліметінше, цифрлық экономиканың әлемдік ІЖӨ-дегі үлесі 15 пайыздан асқан. Бұл жаһандық бәсекенің тауар нарығынан дерекқор мен стандарттар нарығына қарай ойысқанын анық көрсетеді.

– Бүгінгі өзгерістердің әсерін еліміз әлі толық сезіне қойған жоқ. Өткен айда Қазақстан бірыңғай кедендік рәсімдеу платформасына өтті. Енді декларация толтыру уақыты бір минуттан аспайды, құжаттардың басым бөлігі автоматты түрде қаралады. Сонымен қатар Smart Cargo ұлттық логистика платформасы жасалып жатыр. Ол 127 дерек көзіне тікелей қосылады. Тұғырнама адал жұмыс істейтін компанияларға шекарадан тез арада өтуге мүмкіндік береді. Салық саласында да түбегейлі өзгерістер орын алды. Салықтық әкімшілендірудің біртұтас жүйесі құжаттарды өңдеу уақытын бір сағаттан бір минутқа дейін қысқартып, екі миллион салық төлеушінің сервисті пайдалануын жеңілдетті. Smart Data Finance платформасының іске қосылуы – елеулі жетістіктердің бірі. Жүйе мобильді аударымдардан бастап ұшақпен сапарлауға дейінгі әрекеттердің бәрін қамтитын 78 дереккөзден аналитикалық мәлімет жинайды. Бюджетке онлайн-мониторинг жасау жүздеген миллиард теңге тәуекелі бар төлемдердің алдын алады. Ұлттық тауарлар каталогына 23 миллионнан астам өнім түрі енгізілді. Осы арқылы мемлекеттік сатып алулардың болжамдық-талдамалық моделі жасалып, жыл сайын 200 миллиард теңгеден астам қаржыны үнемдеуге болады, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканы цифрландыру заман талабы екенін айтты. Бұл ретте Президент Біріккен Араб Әмірліктері қолма-қол төлемсіз экономикаға көшуді жоспарлап отырғанын мысалға келтірді. Қытайдан да үлгі алуға болады. Көршілес ел жыл сайынғы триллион доллар транзакцияларды цифрлық платформада өңдеу ісін жолға қойды.

– Қазақстан да бұл бағытта оң нәтижеге қол жеткізді: еліміздегі қолма-қол ақшасыз төлемдердің үлесі 80 пайыздан асты. Осы жиынға қатысып отырған отандық фин-тех компаниялар кәсіби деңгейлері жоғары екенін көрсетті. Цифрлық теңгені кеңінен қолдану шын мәнінде «ойын ережесін» өзгертеді. Өйткені бюджеттің ашықтығын қамтамасыз етіп, транзакция үшін алынатын комиссиялық төлемдердің шығынын қысқартады. Бұл Қазақстанның дүниежүзінен көбірек капитал тартып, жетекші инвестициялық және қаржылық орталыққа айналуына көмектесуге тиіс. Былтыр елімізде алғаш рет цифрлық активтер мен криптовалютаны реттейтін құқықтық база қалыптасты. Жылжымайтын мүлікті, алтынды, ірі өндіріс кәсіпорындарының акцияларын және басқа да активтерді токенизация жасауға мүмкіндік пайда болды. Мақсатымыз – аймақтағы жетек­­ші криптохабқа айналу. Үкімет пен Ұлттық банк цифрлық активтерді дамытудың бас­ты бағыттарын бекіткені жөн. Бұл – шұғыл міндет, уақыт күтпейді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент «нақты уақыт экономикасына» көшу өте маңызды екеніне назар аударды. Себебі дәстүрлі жүйеде мемлекет үнемі «ізінен қуып» отырады.

– Мысалы, бюрократиялық рәсімдер мен бітпейтін келісулер қаржының тиімділігін 30 пайызға дейін азайтады. Тексеріс салық жинау кезеңінің қорытындысы бойынша жүргізіледі. Ал ол кезде бюджет қаржысы әлдеқашан игеріліп қояды. Жасанды интеллект арқылы күшейтілген платфор­малық тәсіл бұл ретте едәуір алға озуға жағ­дай жасайды. Атап айтқанда, үздіксіз предиктивті мони­торинг мақсатсыз немесе күмәнді тран­закцияларды алдын ала анықтайды. Бұл ретте тек мемлекет ресурсына сенім арту стра­тегиялық тұрғыдан қате екенін ескерткім келеді. Қабылданған платформалық шешім жеке капиталдың бәсекеге қабілеттілігін сақтайтын басты құрал болуға тиіс. Негізгі міндет – осындай институционалдық орта қалыптастыру. Үкімет бизнесті ынталан­дыратын нақты ұсыныстар енгізуі керек, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканы цифрландыру тиімділігін арттыру үшін өлшемді көрсеткіштер қажет екенін еске салды.

– Есепсіз немесе көзге көрінбейтін дүниені басқару қиын. Сондықтан Үкімет көп созбай, ведомстволар деңгейіндегі жағдайға базалық есеп жүргізетін жүйені қолданысқа енгізгені жөн. Бұған салғырт қарауға болмайды, жұмысты кешіктірмеу керек. Цифрландыру мен мемлекеттік жобалардың пайдасын жан-жақты зерделеу қажет. Үкімет Digital Qazaqstan стратегиясы аясында «ізашар жобаларды» іріктеп шы­ғарды. Оларды мұқият сараптап, эконо­ми­каға тікелей әсерін анықтау керек. Жалпы, қай салада болсын, түпкі нәтижеге жету үшін әркім жеке жауапкершіліктен қашпауы қажет. Бізде басқа таңдау жоқ: не тиімді цифрлық экономика құрамыз, не өркениет көшінің соңында қаламыз. Басқаша айтқанда, «не боламыз, не бордай тозамыз», – деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, зияткерлік капиталды күшейтіп, еңбек өнімділігін арттырмаса, тек демографиялық өсім бәсекеге қабілетті ел болуға кепілдік бермейді.

– Кеңестің осыған дейінгі отырысында қабылданған шешімге сай биыл Орталық Азиядағы алғашқы Жасанды интеллект университеті ашылады. Шетелдік жоғары оқу орындарымен серіктестік құру арқылы іргелі және қолданбалы ғылымды дамытуды қолға алдық. Бірнеше жобаның тізімі жасалды. Олар барынша жедел таратылуға тиіс. Үкімет қысқа мерзім ішінде «ғылымнан нарыққа дейінгі» кезеңдерді түгел қамтитын тізбек жасауы керек. Алдымызда қолданбалы әзір­лемелерді тез арада коммерцияландыру, са­лықтық ынталандыру және келешегінен көп үміт күттіретін жобаларды бірлесе қар­жыландыру құралдары қарастырылған то­лыққанды венчурлық экожүйе қалып­тастыру міндеті тұр. Мұндай пәрменді тетік болмаса, ғылыми әлеуетіміз тек академиялық ортамен шектеліп қалады, – деді Мемлекет басшысы.

Президент сенімді инфрақұрылымды цифрлық экономиканың тағы бір берік тұғыры ретінде атады. Бұл – технологиялық дербестіктің алғышарты. Оның маңызы энергетика немесе логистика саласынан кем түспейді.

– Есептеу қуатын, деректерді және байланыс арналарын бақылауда ұстау айрықша өзекті. Қазіргі заманда мұны өзгелерден тәуелсіз болудың бұлжымас қағидасы десек, артық айтқандық емес. Бізге жасанды интеллект пен «бұлтты» технология қызметтеріне арналған инфра­құрылымдық базаны дамыту керек. Осы бағыттағы басты жоба – «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабын» құру ісін жүйелі жүргізу қажет. Бұл – алдағы уақытта эконо­микамыздың жаңа индустриялық тірегіне айналатын ауқымды кластер. Мұндай орталықтар кәсіпкерлер мен ғалымдарды есептеу ресурстарымен қамтамасыз етеді. Сенімді цифрлық инфрақұрылым еліміздің стратегиялық активіне айналуға тиіс. Үкімет «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы» жобасын мұқият пысықтауы қажет. Бұл ретте халықаралық стандарттар және осы саладағы жетекші компаниялар бекіткен талаптар ескерілуге тиіс. Ең бастысы, бұл аса маңызды жоспар еліміздің сұранысы­на сай және заманауи озық үрдістерді еске­ре отырып жасалғаны жөн. Дата-орталық­­тар – сәнді цифрлық технологиялар көрмесі емес, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев киберқауіпсіздік жіті қадағаланбаса, кез келген инфрақұрылым сыр беретінін мәлімдеді.

– Ұлттық технологиялық өнімнің бәріне қауіпсіздік стандарттарын енгізу керек. Дербес деректерді қорғау міндеті Конститу­цияда нақты бекітілді. Сондықтан бұл жұмыс құпиялық, тұтастық, қолжетімділік қағидаттарына негізделуі қажет. Мемлекеттік цифрлық қызметтердің тұрақты әрі қауіпсіз жұмыс істеуі – басты талаптың бірі. Ашық­тық, жаһандық интеграция және ұлттық мүдде арасындағы теңгерімді сақтау – айрықша маңызды. Мемлекет осы жұмысты тиімді ұйымдастырғаны дұрыс. Цифрлық қауіпсіздік мәселесі виртуалды кеңістік ауқымынан әлдеқашан шығып кетті. Таяу Шығыстағы оқиғалар жаһандық тәртіптің осал тұстарын айқындап берді. Өкінішке қарай, бүгінде дамыған елдердің цифрлық инфрақұрылымына қатер төніп тұрғаны жасырын емес. Мұндай жағдайда халық­аралық бизнеске қауіпсіздік ауадай қажет. Жаһандық технологиялық қауымдастық үшін институттар мен құқықтық жүйенің тұрақты, ал цифрлық инфрақұрылымның сапалы болғаны өте маңызды. Қазақстанды «цифрлық хабқа» айналдыру жөнінде міндет қойдық. Демек, осы талаптың үдесінен шыға білу қажет, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге әлемнің әр түкпірінен білікті мамандар шақыру және инвестиция тарту үшін барлық жағдай жасалғанын атап өтті.

– Қазақстанды жайлы аймақтық хаб ретінде таныту үшін көші-қон үдерістері оңтайландырылып жатыр. Оның бәрі толық цифрлық форматқа көшіріледі. Таяуда қолданысқа енгізілген «Алтын виза» осы бағыттағы елеулі шешімдердің бірі болды. Бұл визаның иегерлері ұзақ уақыт бойы еліміздің резиденті бола алады. Артық әкімшілік жүктемеден босатылады. Оларға едәуір салық жеңілдігі беріледі. Бағдарла­ма­ға қатысушылардың және олардың отбасы мүшелерінің Қазақстан азамат­тарымен бірдей сапалы білім алуға, ме­дициналық қызметті пайдалануға мүмкіндігі болады, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды ин­теллектіні тиімді қолдану үшін деректерге бағдарланған басқару моделін енгізу керек деп санайды.

– Жүйеленген деректер – жасанды интеллектіні дамытудың экономикалық негізі. Мұндай деректер технологияның әлеуетін пайдаланып, өнімділікті арттыруға жол ашады. Осы ретте тіл бүкіл жүйені біріктіретін басты құрал болуға тиіс. Ең алдымен, қазақ тілін заманауи цифрлық жүйелерге толық кіріктіру керек. Сонда ғана деректерді құрылымдап, инновацияны барлық салаға енгіземіз. Ортақ деректер жинақталып, өзара үйлесімді және машина оқи алатындай форматта болуға тиіс. Әйтпесе, ең мықты алгоритмнің өзі дұрыс жұмыс істемейді, оның еш пайдасы болмайды. Қазір аса құнды ақпараттың көбі архивтерде шаң басып жатыр. Оның бәрін цифрлық форматқа көшіру қажет. Біз уақыттан ұтылып, мүмкіндікті пайдалана алмай жатырмыз. Үкімет жасанды интеллект үлгілерін оқыту үшін архивтердегі және қолданыстағы мәліметтерді сапалы деректер торабына жинақтауға тиіс. Бұл жұмысқа дереу кіріскен жөн. Бұдан бөлек, Страте­гиялық жоспарлау және реформалар агенттігі деректер сапасын айқындайтын ұлттық стандартты бекітуі керек. Ол экономика, ғылым және бизнес өкілдеріне қолжетімді болғаны абзал. Жалпы, деректерге бағдар­ланған басқару үлгісіне толық көшу үшін Үкімет мемлекеттік бағдарламалардың нормативтік базасы мен мазмұнын қайта қарап шығуға тиіс. Мәліметтерді жүйелеп, «деректер қоймасы» деп аталатын бірыңғай желіге кіріктіру маңызды. Жұмыстың тиімділігі соған қарап бағаланады. Біз осы бағытта шұғыл шараларды қолға алмасақ, салынған инвестиция құмға сіңген судай жоқ болады, – деді Президент.

Мемлекет басшысы жасанды интел­лектінің стратегиялық маңызы моделдің ауқымына қарай емес, керісінше эко­номиканың нақты секторымен қаншалықты үйлесім тапқанына байланысты анық­талатынын айтты.

– Шын мәнінде, парадигмалар түбегейлі өзгеріп жатыр. Жасанды интеллектіні нақты уақыт режимінде пайдалану өсімнің басты факторы санала бастады. Сондықтан бізге деректерді, үдерістер мен адамдарды бірік­тіретін біртұтас жүйе құру қажет. Осындай негіз қалыптасқанда ғана пилоттық шешім­дермен шектелмей, жасанды интеллектіні экономиканың барлық секторына енгізуге жол ашылады. Жаһандағы технологиялық жарыста бірде бір ел өз бетінше жасанды интеллект әлеуетін толық пайдалана ал­майды. Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңес, ең алдымен, экономика және цифрлық платформа саласында келісілген тәсілдер әзірлеп, озық тәжірибе­лермен алмасу үшін құрылды. Осыған орай Кеңестің келесі отырысында жасанды интеллектіні өнеркәсіпке енгізу мәселесін қарастыру қажет деп ойлаймын. Өйткені өндіріс – қосылған құны жоғары өнім өндіретін және жаңа технологияны сынап көретін ең басты алаң. Бұл орайда тау-кен кешені, энергетика, агроөнеркәсіп секторы, логистика салаларындағы өнімділікті арттыру, шығынды азайту және басқару тиімділігін жетілдіру мәселелеріне баса мән беруді ұсынамын. Индустриялық деректерді дамытып, өндірістің цифрлық телнұсқаларын енгізу, сондай-ақ процестерді жаппай автоматтандыру арқылы біз стратегиялық мақсаттардың пікірталас күйінде қалмай, нақты іске ұласуына мүм­кіндік жасаймыз, – деді Президент.

Жиында Премьер-министрдің орын­басары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов, Sinovation Ventures және 01.ai бас директоры Ли Кай Фу, Cambrian Futures бас директоры Олаф Дж. Грот, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов, Абу Дабидегі Халифа ғылым және технология университетінің профессоры Меруан Дебба, Тьюринг сыйлығының лауреаты Джон Хопкрофт, БҰҰ-ның «Игілікке арналған ЖИ» бастамасы атқарушы кеңесінің төрағасы Әл Мазруи Эбтесам және Oxford Insights бас директоры Ричард Стирлинг сөз сөйледі.