Соның айқын дәлелі ретінде Кентау қаласына қарасты Хантағы ауылында салынып жатқан заманауи демалыс аймағы мен облыс орталығында бой көтеріп жатқан ауқымды экопаркті атауға болады. Бұл бастамалар өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырып қана қоймай, халықтың өмір сапасын жақсартуға бағытталған стратегиялық жобалар санатына жатады. Бұл – аймақтың жаңа экономикалық және экологиялық моделін қалыптастыруға бағытталған кешенді қадам.
Хантағы – жаңа туристік нүкте
Кентау өңіріндегі көркем табиғат аясында орналасқан Хантағы ауылында бүгінде «Хантау» демалыс аймағының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Ерекшелігі мұнда алғаш рет капсулалық форматтағы заманауи демалыс орындары салынуда. Бұл жоба туристерге жаңа форматтағы демалыс ұсынуды көздейді. Жалпы құны шамамен 1 миллиард теңгені құрайтын жоба іске қосылған жағдайда бір мезетте 200-ден астам келушіні қабылдауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар ай сайын 20 мыңға жуық туристке қызмет көрсету жоспарланған. Бұл өңір үшін айтарлықтай көрсеткіш.
Жоба тек демалыс орнын салумен шектелмейді. Инвесторлар инфрақұрылымды дамытуға да ерекше мән беріп отыр. Атап айтқанда, су үстінен көпір салынып, 6 шақырымға дейін электр желілері тартылған. Бұл тек туристер үшін емес, болашақта осы аумақта кәсіп бастаймын деген азаматтарға да жаңа мүмкіндік ашады. Осылайша, Хантағыдағы демалыс аймағы Түркістан облысының туристік картасындағы жаңа нүктеге айналып, ішкі және сыртқы туризмді дамытуға серпін бермек.
Экопарк – экологиялық мәдениеттің жаңа үлгісі
Ал облыс орталығында жүзеге асырылып жатқан «Түркістан» экопаркі – экологиялық бағыттағы ірі жобалардың бірі. Қарашық өзенінің маңында 50 гектар аумақта орналасқан бұл парк Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырмасына сәйкес «Таза Қазақстан» акциясы аясында қолға алынған. Жоба табиғи ландшафтты сақтай отырып, заманауи демалыс аймағын қалыптастыруды көздейді. Қазір аумақта ауқымды жұмыстар атқарылуда. Жерді тазалау, ағаштарды күтіп-баптау, өзен жағалауын ретке келтіру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар жаяу жүргіншілер жолының алғашқы кезеңі пайдалануға берілген.
Инфрақұрылым да кезең-кезеңімен дамуда. Аумақ қоршалып, мыңдаған ағаш көшеті отырғызылған. Жалпы саны 10 мыңға жуық ағаш егу жоспарланып отыр. Оның ішінде өңір климатына бейімделген сан алуан ағаш түрі бар. Болашақта экопарк аумағында жаяу серуендеу аймақтары, көпірлер, күн панельдерімен жұмыс істейтін жарық шамдары, балалар ойын алаңдары, барбекю аймақтары және шағын сәулеттік нысандар орналастырылатын болады. Барлық элемент экологиялық талаптарға сай жүзеге асырылуда.
Хантағыдағы туристік жоба мен Түркістандағы экопарк мазмұны бөлек болғанымен, мақсаты ортақ бастамалар. Бірі экономиканы туризм арқылы дамытуға бағытталса, екіншісі экологиялық тепе-теңдікті сақтай отырып, халыққа қолайлы орта қалыптастыруды көздейді. Бұл жобалар жаңа жұмыс орындарын ашып, шағын және орта бизнестің дамуына серпін береді. Ең бастысы, Түркістан өңірінің дамуы құрылыспен ғана емес, жүйелі жоспармен жүзеге асып жатқанын көрсетеді. Бүгінде Түркістан облысы тек тарихи-рухани орталық ретінде емес, заманауи туризм мен экологиялық мәдениеттің жаңа үлгісін қалыптастырып жатқан аймаққа айналып келеді. Хантағыдағы демалыс аймағы мен «Түркістан» экопаркі осы бағыттағы нақты қадамдардың көрінісі. Алдағы жылдары мұндай жобалардың саны артып, өңірдің әлеуеті толық ашылады деген сенім бар.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Түркістан облысы
