Махаббат пен әскери шеннің үйлесімі

Азаматтық саланың адамдары үшін әскери қызметшілердің өмірі әрдайым ерекше, тіпті біршама жұмбақ көрінетіні рас. Олардың тік жүрісі, артық сөзге жоқ салмақты мінездері сырт көзге өзгеше әсер қалдырады.

Әсіресе, олардың бір мекенге бауыр басып үлгермей жатып, қызмет бабымен қайта-қайта қоныс аударуы – көпшілікке таңсық құбылыс. Он жыл ішінде бес-алты рет мекен ауыстыру әскерилер үшін қалыпты өмір салтына айналған. Ал бір шаңырақтың астында ері де, әйелі де әскери қызметте болса, мұндай отбасының тыныс-тіршілігі тіптен бөлек әлем сияқты.

Біздің кейіпкерлеріміз – Т.Бигелдинов атындағы Әуе қорғаныс күштерінің Әскери институты қабырғасында қызмет ететін подполковник Андрей Борщевский мен майор Айгерім Садықова. Екеуі де әскери саланың өз ісіне берілген білікті мамандары. Андрей Борщевский ұшуларды басқару жүйесінде жауапты міндет атқарса, Айгерім Садықова Байланыс және радиотехникалық қамтамасыз ету бөлімінде тәрбие және идео­логиялық жұмыстар жөніндегі орын­басар қызметін атқарады.

Алайда оларды тек қызмет жолы ғана емес, ортақ тағдыр мен отбасылық құнды­лықтар да біріктіреді. Ел қауіпсіздігі жол­ын­да еңбек етіп жүрген қос офицер – ең алдымен, айрандай ұйыған, берекелі отбасының тірегі. Олар Мұхамедәли, Әмина, Әмира және Арлан есімді төрт баланы тәрбиелеп отыр. Әр баланың өз қызығушылығы мен талпынысы бар. Тұңғыштары бокс үйірмесіне қатысса, қос қыздары көркем гимнастикамен айна­лысып, мектепте үздік оқиды. Ал кен­же ұлдары – балабақша тәрбиеленушісі.

Қоғам алдындағы жауапты қызмет пен отбасы тіршілігін қатар алып жүру – кез келген жанға оңай соқпайды. Балалардың сабағына көңіл бөлу, оларды мектеп пен балабақшаға апарып-әкелу, үй шаруасының тынымсыз тірлігі – мұның бәрі ата-анадан тек күш-қуатты ғана емес, өзара түсіністік пен сабырды талап етеді. Бұл ретте Борщев­с­кийлер отбасының берік ұстанымы – сыйластық пен сенім.

– Біз үйдегі шаруаны бөлісіп атқарамыз. Кім бірінші босаса, сол кіріседі. Тамақты да бірге дайындаймыз. Күйеуім тарапынан «мынау неге істелмей қалды?» деген сөз бол­ған емес. Өйткені ол менің қызметімді түсінеді. Мен де оны түсінемін, – дейді Айгерім. Айтпақшы, Айгерім әскери қыз­мет­ке 2005 жылы келіп, 2006 жылы ант қабылдаған. Биыл оның әскери саладағы қызметіне 20 жыл толып отыр. Бұл – табан­­дылық пен адал еңбектің айқын көр­сет­кіші. Еңбегі еленіп, кеше ғана «Мінсіз қызметі үшін» медалін де иеленген жайы бар.

Шынында да, әскери өмірдің өзіне тән тәртібі бұл отбасының күн­де­лікті тұр­мысынан да айқын байқалады. Жас кезден бойға сіңген тәртіп пен жауап­кер­шілік олардың өмір сүру дағдысына айнал­ған. Үй шаруасына арналған нақты кесте бар. Бұл тек ата-ананың уақытын үнемдеп қана қоймай, балалардың да тәртіпке бейімделуіне оң ықпал етеді.

Айгерімнің балалық шағы да әскери ортамен тығыз байланысты. Ол Семей облысы, Жарма ауданы, Георгиевка ауыл­ында дүниеге келген. Әке-шешесі де әскери қызметте болғандықтан, әскери қалашықта өсіп, сол ортада тәрбиеленді. «Кішкентай кезімде-ақ қатарластарымды сапқа тұрғызып, өзімше команда бере­тінмін», – деп күледі ол. Ал жолдасы Андрей де әскери ортада ержеткен. Ол – Тал­ды­қорған қаласының тумасы. Екеуінің өмір жолы ұқсас болғандықтан, бір-бірін түсінуі де қиынға соқпаған. Олар 2008 жылы Қара­ғанды қаласындағы авиациялық базада танысқан. Сол кездегі жас лейтенант Андрейдің Айгерімге деген ықыласы бірден байқалып, көп ұзамай олардың өмір жолы бір арнаға тоғысады.

Әскери отбасының тағы бір ерек­шелігі – уақытпен санаспайтын өмір ырғағы. Кез келген сәтте қызметке шақырту болуы мүмкін. Дегенмен мұндай жағдайда олардың басты артықшылығы – бір-бірін үнсіз түсінуінде. «Біз бір-біріміздің жұмысы­мыздың қиындығын да, маңызын да жақсы білеміз. Сондықтан артық сөзге бармаймыз. Бұл біздің отба­сымызды одан сайын шың­дай түседі», – дейді кейіпкерлеріміз.

Бұл отбасыда тұрмыстық кикілжіңге орын жоқ. Көмекке келетін туыс та, арнайы қолғабыс ететін адам да жоқ. Соған қара­мас­тан, барлық қиындықты бірге еңсеріп келеді. Жоғарыда айтқаны­мыздай, кім бірінші үйге келсе, сол үй шаруасына кі­рі­седі. Бірі шаңсорғышпен тазаласа, екіншісі еден жуады. Балаларды мектепке апару мен әкелу де кезекпен жүзеге асады. Әскери тәртіп олардың әрқайсысының жеке өміріне де әсер етеді. Айгерімнің айтуын­ша, ол тіпті қарапайым кездесулерге де ерте келуді әдетке айнал­дырған. Бұл да жылдар бойы қалыптасқан дағды. Бала­лары да осы тәртіпке үйреніп өсіп келеді. Жылдам әрекет ету, уақытты тиімді пайдалану – олардың өмірінің ажырамас бөлігі.

Тәртіп пен талап, сыйластық пен сенім қатар өрілген бұл отбасының өмірі – бүгінгі қоғам үшін үлкен үлгі. Себебі олар үшін әскери қызмет тек жұмыс емес, тұтас өмір салты. Ал сол өмір салты отбасы ішіндегі берекені бекемдеп, болашақ ұрпақтың тәрбиесіне берік негіз қалайды.

Айгүл СЕЙІЛ