Отанды сүю – ұранмен өлшенбейтін, жүректен басталатын терең ұғым десек қателеспейміз. Ел тарихын біліп, батыр бабалардың ерлігін ұлықтау – мұның бәрі бүгінгі жас ұрпақтың бойында патриоттық сезімді қалыптастыратын әрі рухын көтеріп, жігері мен намысын оятатын рухани өзек.
Ерболат Өтепов, подполковник: Айбынды армия – тірегіміз
111
оқылды

Бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның болашағы – саналы, білімді әрі елжанды жастардың қолында екені айқын. Сондықтан да жастар тәрбиесі, оның ішінде әскери патриоттық бағыт – қоғам алдындағы аса стратегиялық маңызы бар міндет. 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні қарсаңында осы өзекті мәселелер төңірегінде Ақмола облысының қорғаныс істері жөнін­дегі департамент бастығының орынбасары, подполковник Ерболат Өтеповті әңгімеге тартып, ел қорғаны, әскери қызмет және жастар тәрбиесі туралы ой өрбіткен едік...

– Ерболат Еленұлы, әңгімеміздің әлқис­сасын тарихи сабақтастықтан бастасақ. Ұрпақтың кешегі өткен қиян-кескі соғыста оқ пен оттың ортасында қан кешкен батыр тұлғалардың ерлігімен сусындауы қаншалықты маңызды деп ойлайсыз?

– Иә, айтуыңыз өте орынды. Ең алдымен, кешегі сұрапыл соғыс жылдарында жанын пида еткен боздақтар рухына тағзым етеміз. Ұлы Отан соғысы халқымыз үшін аса үлкен сын болды. Сол кезеңде тек қана Ақмола өңірінен ғана мыңдаған азамат майданға аттанып, олардың 47-сі Кеңес Одағының Батыры атанған еді. Бұл – теңдессіз ерліктің айқын дәлелі. Сол көзсіз ерлігімен көзге түскен ержүрек батырлардың қатарында екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атанған даңқты ұшқыш Талғат Бигелдинов, Рейхстагқа алғаш ту тіккен Рақымжан Қошқарбаев, көрнекті ғалым әрі батыр Мәлік Ғабдуллин, еліміздің тұңғыш Қорғаныс министрі, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов сияқты тарихи тұлғаларымыз бар. Осындай қайсар ерлердің ерлігі – бүгінгі Қарулы Күштердің рухани тұғыры екені сөзсіз. Сондықтан да бүгінгі жас ұрпақ, яғни болашақ Отан қорғаушылар жоғарыдағы тұлғалардың тарихымен тереңірек танысуға тиіс. Тәуел­сіздік алған­нан кейін 1992 жылғы 7 мамырда Қазақстан Қарулы Күштері құрылып, бұл күн мем­ле­кеттік деңгейде Отан қорғаушы күні ретінде белгіленді. Бұл – әскери дәстүрдің жалғастығы мен ел қауіпсіздігінің символына айналған күн. 

– Жастардың әскери міндетін орындауға ұмтылысы қалай? Қазіргі әскердің тыныс-тіршілігі және шақыру науқаны қалай жүріп жатыр?

– Әскерге шақыру жұмыстары жүйелі әрі ашық жүргізіледі. Былтыр облыс бойынша 1 747 азамат шақырылуға жатқыз­ы­лып, 1 899 жас алдын ала даярлықтан өтті. Оның ішінде 861 азамат нақты әскери қызметке іріктелді. 22 әскери команда жасақталып, олар еліміздің аумағындағы түрлі әскери бөлімдерге жіберілді. Биыл көктемгі шақыру барысында 900-ден астам жас әскер қатарына қосылды. Жалпы, жыл қорытындысында екі мыңға жуық азаматты әскери қызметке жіберу жоспарланып отыр. Ең бастысы, қазіргі уақытта жас­тардың әскерге өз еркімен тіпті сұранып баруы көбейді. Бұл олардың азаматтық позиция­сының қалыптасқанын айғақтай түседі.

– Жастардың әскери өмірге әзірлігі балалық шақтан басталуға тиіс дейтіндер көп. Бұл орайда болашақ сарбаздарды тәрбие­леп шығаратын әскери оқу орындары­ның рөлі қандай? Сондай-ақ әскери қызмет­­тің заңнамалық негіздері туралы не айтасыз?

– Бізде барлық жұмыс «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заң аясында жүргізіледі. Сонымен қатар әскери-техникалық мамандарды даярлау жүйесі де нақты реттелген. Жас­тардың ерте бастан әскери өмірге бейімделіп, ширыққан шымыр болып өсуі аса маңызды. Өйткені қазіргі кезде өкінішке орай физикалық дене дайындығы төмен, аурушаң балалар саны басым болып барады. Сондықтан бүгінгі ұрпақтың саналы түрде Отан қорғауға дайын болуы үшін психо­логиялық және физикалық дайындығына баса мән берілуі тиіс деген ойдамын. Бұл орайда әскери бағыттағы мектептер мен оқу орындарының рөлі ерекше. Мәселен, Щучинск қаласындағы әскери-техникалық мектепте былтыр 105 сарбаз оқып, 81-і оқуын сәтті аяқтады. Қараша айында тағы 54 азамат даярлықтан өтті. Бұдан бөлек, Қарағандыда жүргізуші мамандар даярланып, кейін әскери бөлімдерге жіберіледі. Мұны­мен қоса, жалпы білім беретін орта мектеп­терде де балаларды әскер сапына дайын болуы үшін барынша әзірлік шараларына мән беру қажет деп санаймын. 

– Жалпы, жастарды әскери оқу орын­дар­ына тарту қалай жүзеге асырылады?

– Жастарды әскери бағыттағы оқу орындарына тарту бағытында кеңауқымды жұмыстар жүйелі түрде атқарылып келеді. Тек былтыр ғана 16 мыңнан астам жас кә­сіби бағдарлау шараларымен қамтылып, нәтижесінде 150 азамат әскери оқу орын­дарына түсті. Атап айтқанда, өірде жүргіз­ілген кешенді жұмыстардың арқасында Ал­матыдағы құрлық әскерлері институты­на – 54, Талдықорғандағы әуе қорғаныс күштері институтына – 27, Радиоэлектро­ника және байланыс әскери-инженерлік институтына – 24, Щучинск қаласындағы Шоқан Уәлиханов атындағы әскери кол­леджге 45 азамат қабылданды. Бұл – бола­шақ офицерлер корпусын қалыптас­тыру­дағы аса маңызды көрсеткіш. Кәсіби және психологиялық даярлығы мықты, физикалық жағынан шымыр жастардың әскери саланы таңдауы – біз үшін аса үлкен мақтаныш әрі абырой.

– Көп жағдайда жастардың кез келген саладағы әлеуметтік жағдайға мән беретіні аян. Бүгінгі әскери қызметтің әлеуметтік артықшылықтары қандай? 

– Бүгінгі армия тек міндет емес, аса үлкен мүмкіндік деп те айтар едім. Үздік сарбаздарға жоғары оқу орындарында тегін білім алуға сертификат беріледі. Мәселен, өткен жылы мұндай мүмкіндікті 20 жас пай­­да­ланды. Сондай-ақ әскерден кейін бір жыл ішінде ҰБТ тапсырмай-ақ ақылы бөлімге түсуге болады. Бұл жастар үшін аса үлкен жеңілдік екені сөзсіз. Сонымен қатар сарбаз­дар алты айдан кейін келісім­шартқа отырып, кәсіби әскери қызметін де жалғастыра алады. Сарбаздардың өмірін әскери арнаға бұруы елдің бола­шағының бекем болуы үшін де аса маңызды деп ойлаймын. 

– Аймақта Отан қорғаушылар күні қалай аталып өтеді? 

– Бұл мереке жыл сайын жоғары деңгейде ұйымдастырылады. Мәселен, был­тыр әскери шеруге әскери бөлімдер, құқық қорғау органдары, курсанттар мен әскери-патриоттық клуб мүшелері қатысты. Шараға қатысқан жиырмадан астам азамат марапатталды. Олардың ішінде ерлік көрсеткен қарапайым жастар да бар. Биыл да мерекеге дайындық ерекше қарқынмен жүргізілуде.

– Жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру аймақта қалай жүзеге асырылып кел­еді? Бұл бағыттағы жұмыстардың қан­шалықты маңызы бар?

– Жас ұрпақты әскери-патриоттық бағытта тәрбиелеу елдің ертеңі үшін аса зор жауапкершілігі мол міндет дер едім. Өйткені бұл – ең біріншіден, ел қауіп­сіздігінің негізі. Оның берік болуы жастар­дың Отанын сүюіне, тікелей байланыс­ты. Патриотизм – тек сөз емес, ол нақты іспен дәлелденбек. Бұл орайда біз жастар­мен түрлі бағытта жұмыс жүргіземіз. Әсіре­се, әскери-патриоттық клубтар, жарыстар, оқу-жаттығу шараларына баса мән беріледі. Мәселен, Бурабайдағы «Намыс» клубы, Степногорскідегі «Батыр» клубы, Атбасар­дағы «Арлан» клубы осы бағытта жоғары нәтижелер көрсетіп жүр. «Жас Ұлан» ойын­­дарында «Арлан» клубы­ның тәрбие­ленушілері жүлделі екінші орын алды. Бұл – үлкен жетістік. Осындай игілігі мол шаралар жастарды тек физи­калық емес, психология­лық тұрғыдан да шыңдай түседі. Олар тәр­тіпке, жауапкер­шілікке әрі ұйым­шыл­дыққа үйренеді. Бүгінгі армия – тек қару ұстайтын күш емес, ол – тәртіп пен тәрбиенің, жауапкер­шілік пен рухтың мектебі. Елін сүйетін, оның болашағына бейжай қара­майтын ұрпақ қана мемлекеттің тірегіне айналмақ. Әскери-патриоттық тәрбие ел болашағына салынған кепілді инвестиция деп те айтуға толық негіз бар. Өйткені Отан­ын қорғауға дайын азамат – тәуелсіздік­тің кепілі. 7 мамыр – Отан қор­­ғау­шылар күні құтты болсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш, көгіміз ашық болсын!

– Әңгімеңізге рақмет! Әскеріміз айбын­ды, жастарымыз қайратты, Отанымыздың іргесі берік болсын!

Сұхбаттасқан

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы