Бұл – Ұлттық әскери-патриоттық орталығының құрамында ашылып отырған үшінші филиал. Негізгі музейдің бірі Астана қаласында орналасса, екіншісі Алматыда бой көтерді. Әскери-тарихи музейдің Родина ауылында ашылуының да өзіндік мәнісі бар.
Салтанатты іс-шара Ұлы Отан соғысы батырларына арналған ескерткішке гүл шоғын қою рәсімімен басталды. Ұлы Отан соғысына қатысып, жеңіс жолында жан аямай күрескен 130-дан аса ақмолалық батырдың есімі осы ескерткішке қашап жазылған. Рәсімге Қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов, Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, Халық қаһарманы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев, Қарулы Күштердің ардагерлері, қоғам өкілдері мен өңір тұрғындары қатысты. Жаңа музей кешені жастарды әскери-патриоттық рухта тәрбиелеу мен тарихи жадты қалыптастыруда маңызды мәдени орталыққа айналып отыр.
– Біз жай ғана музей емес, болашақ құрметпен ұрпақ тәу етер тәрбие орнын ашып отырмыз. Мұндай жобалар арқылы жастар бейбіт өмірдің қадірін, аға буынның ерлігін және Отанға қызмет етудің маңызын тереңірек түсінетін болады. Тарих тек оқулықтарда немесе цифрлық кеңістікте ғана болмауы керек, оны көріп, сезіне білу қажет, – дейді Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов.
Музей қорында Ұлы Отан соғысы кезеңіндегі қару-жарақ пен әскери техника үлгілері, архивтік материалдар, жауынгерлік тулардың түпнұсқасы, Ақмола өңірінің Жеңісті жақындатуға және елдің дамуына қосқан үлесі туралы баяндайтын жәдігерлер жинақталған. Жалпы, музей кешені ауылдың іргетасы қаланған кезден бүгінге дейінгі тарихи кезеңді толық қамтыған.
– Музейде 100-ден астам жәдігер бар. Барлығы да шынайы өмірде, қан майданда пайдаланылған қарулар мен құрал-жабдықтар. Көбі Ұлттық әскери-патриоттық орталығында іріктеліп, осында жеткізілді. Еліміздің бүкіл өңірінде және Родина ауылында да «Жас сарбаз» балалар мен жасөспірімдер қозғалысы жұмыс істейді. Осы қозғалыс та іс-шараның өтуіне атсалысып жатыр, – дейді Ұлттық әскери-патриоттық орталығының басшысы Арман Әсенов.
Музей кешенінде 1939-1944 жылдары шығарылған 16 әскери техника да бар, ауыр әскери техника құралдарының кейбірі соғыс кезінде қолданылып, кейін жөндеуден өткен. Атап айтқанда, бронды техника, артиллериялық жүйелер, ұшақ үлгілері, атыс қарулары және әскери тұрмысқа қатысты заттар сақтаулы тұр. Музейді ашу кезінде заманауи әскери-музейлік кешендерді қалыптастырудағы озық шетелдік тәжірибе де назардан тыс қалмаған.
– Музей жас ұрпақтың патриоттық тәрбиесіне үлес қосып, батырларымыздың ерлігін ұлықтап, тарихқа деген құрметті арттырады. Мұнда халқымыздың қайсарлығы, рух күші мен ерлігі көрініс тапқан. Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күні қарсаңында ашылуы – ардагерлер мен ел қорғаған азаматтарға көрсетілген зор құрмет. Музей өңір үшін маңызды мәдени ағартушылық орталыққа айналады деп сенемін, – дейді облыс әкімі Марат Ахметжанов.
Бір айтарлығы, Әскери-тарихи музейдің филиалы «Родина» агрофирмасының бас директоры Иван Сауэрдің бастамасымен және Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің қолдауымен ашылып отыр. Сонымен қатар мемлекет, қоғам және әскери қайраткерлер, оның ішінде Мұхтар Алтынбаев, Бақытжан Ертаев, Руслан Жақсылықов, ардагерлер қоғамдастығының өкілдері де кешенді құруға сүбелі үлес қосқан. Марат Құсайынов жетекшілік ететін «Мемориалдық аймақ» іздестіру жасағының да еңбегін атап өту керек.
Родина ауылының еліміз үшін экономикалық бағыттағы орны ерекше, ал музейдің қызмет етуі ауылдың тарихи-мәдени тұрғыдан да маңызын арттырмақ. Жаңа кешен ұрпаққа туған өлкенің батырларын ұлықтаумен шектелмей, ауылға келетін қонақтар үшін де қымбат болары анық.
Айсұлу СЪЕЗХАН
