Бүгінде сап түзеген сарбаздардың абыройын асырып, темірдей тәртіпке бағынған әскери қызметтің мәртебе-беделін көтеру, жауынгерлік қабілетін арттырып, жүйені жаңғырту үшін жаңа бастамалар мен кешенді шаралар қабылданып жатыр. Ал әскерден оралған азаматтарға қандай әлеуметтік қолдау көрсетіледі? Цифрландыру жылында саланы заман талабына сай икемдеу үшін не істелмек?
Армияның жаңа антропологиясы
Сарбаздың бейнесі – мемлекеттің беделі. Армия қатарындағы патриот азаматтың қоғамдағы орнын айқындайтын, әскери қызметтің мәртебесін биіктететін кешенді реформалар кезеңі басталды. Заманауи армия – тек күш құрылымы емес, тұлға қалыптастырушы мектеп. Тегеурінді қуат пен рухани кемелдік тоғысқан жерде нағыз отаншылдық рух тумақ. Бүгінгі күннің сарбазы – кешегінің жауынгерінен ерек, болмысы бөлек. Ол тек темірдей тәртіп пен қатаң тайм-менеджментке бағынуды үйреніп қоймайды, сонымен бірге рухани мәдениеті толысқан, бейбіт өмірге қажетті кәсіптің қыр-сырын меңгерген бәсекеге қабілетті маманға айналады. Түрлі додада дараланып, жүлде алған дарын, үлгілі азамат болып оралады. Сондықтан қоғамда бұрыннан бар: «Бүгінгі солдат – ертеңгі күзетші» деген келемеж-әзіл өзектілігін жойып, орнын «Бүгінгі жауынгер – ертеңгі білікті тұлға» деген нық сенім басқандай.
Мысалы, биыл енгізілген «әрбір сарбаз Отан алдындағы борышын өтеу кезінде кемінде 5 кітап оқуға міндетті» деген талап – әскери ортадағы интеллектуалдық серпілістің айқын айғағы. Ұлттық әскери-патриоттық орталықтың әскери-ғылыми кітапханасының меңгерушісі Оксана Әлжанованың пайымдауынша, бұл бастама жеке құрамның ақыл-ой көкжиегін кеңейтіп, тұлға ретінде дамытып, сыни ойлау қабілетін ұштайды, берік құндылықтарды қалыптастыруға ықпал етеді.
– Қазақстанның Қарулы Күштерінде оқу мәдениетін қалыптастыру жұмысы жүйелі түрде жүргізіледі. Бүгінде әскери бөлімдер мен мекемелерде 322 кітапхана жұмыс істейді. Олардың қорында 52 434 дана көркем әдебиет және 198 293 оқу басылымы бар. Кітапханаларда отандық авторлардың, әскери жазушылар мен әскери ғалымдардың көптеген еңбегі сақталған. Бізде сирек кездесетін кітап өте көп. Жыл басынан әскери қызметшілерге 48 837 кітап берілді, – деді О.Әлжанова.
Ұлттық армиямыз тек қару ұстауды емес, өнер мен спорттың шыңына шығуды да насихаттайды, талант иелеріне төл асқар-шыңын бағындыруына дем береді. Мысалы, жуырда «Астана» өңірлік қолбасшылығы 31775 әскери бөлімінің рота старшинасы Тимур Ержанов 200 шақырымға жүгіріп, ультрамарафонда жеңіс тұғырына көтерілді және Қарулы күштер рекордын орнатты: Қарағанды – Ұлытау облыстары арасындағы ультрамарафон қашықтығын 34 сағат 55 минутта еңсерді.
Өткен аптада қазақстандық әскери қызметшілер қазақ күресі мен самбодан ТМД елдері чемпионатында бірден 10 алтын медаль алды. Сөйтіп, ұлттық және әскери-қолданбалы спорт түрлеріндегі жоғары дайындық деңгейін дәлелдеді. Қазақстан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстаннан 70-тен астам спортшы қатысқан жарыста ұлттық құрама жалпыкомандалық есепте бірінші орынды иеленді.
Қазақы күш-қайрат пен жасын-жігер ғана емес, ұлттық өнері де әскерде енді өгей емес. Биылғы 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні өзге этнос өкілдері арасында өткен «Алтын шаңырақ» республикалық ұлтаралық айтысында Қарулы күштердің қызметшісі, ақын Эльдана Габерман қазақ тілінің құдіретін айқын көрсетіп, жүлделі екінші орын алды. «Ұлтым неміс болғанымен, жүрегім қазақ деп соғады. Мен үшін айтыс – жай ғана жарыс емес, қазақ халқына және тілімe деген құрметім, – деді ұлттық өнерді ұлықтап, Ұлы дала рухын бойына сіңірген өнер иесі.
Әскер – әлеуметтік лифт
Қазіргі қазақстандық армия үлкен өндірістік-техникалық оқу полигоны іспетті. Онда жастар бұрын айтылатындай, «бір жылын босқа өткізбей», жаңа мамандық игеріп шығады. Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, мысалы, сәуір айында Гвардейск гарнизонындағы Құрлық әскерлерінің оқу-жаттығу орталығында 600 сарбаз экономиканың нақты секторында талап етілетін мамандықты игеруін аяқтады. Оларға сертификат тапсырылды: бұл құжаттың мәртебесі дипломмен тең!
Астана, Алматы, Тараз, Шымкент, Орал, Қостанай және Өскемен қалаларынан әскерге алынған жас жауынгерлер 5 айдың ішінде танктің, жаяу әскердің жауынгерлік машинасының, КамАЗ-43114, «Орал-4320», өзге көліктің механик-жүргізушісі, жөндеушісі, аспаз және басқа мамандықты меңгеріпті. Олар С және С1 санатындағы жүргізуші куәлігін қоса алды. Мерзімді әскери қызметін аяқтаған соң көлік, логистика және жүк тасымалдау саласында жұмысқа тұра алады. Түлектердің бірі алысқа, Еуропаға жүк таситын жүргізуші болғысы келетінін жеткізді.
– Шымкенттенмін. Жүк автокөлігінің жүргізушісі курсын оқып, куәлігін алдым. Қазақстан транзиттік мемлекет ретінде дамып келеді. Президент елді хаб ретінде дамытатынын айтты. Бұл біз сияқты жастарға жоғары табысқа, бизнеске, жарқын болашаққа жол ашады, – дейді қатардағы жауынгер Тахир Әбдіразақов. Жалпы, Құрлық әскерлерінің оқу-жаттығу орталығы жыл сайын 1200 маман даярлап шығарады екен.
Ефрейтор Комрон Тулабоев – ақпараттық технологиялардың білікті маманы болып қана қоймай, әскерде жүріп, төл стартаптарын бастаған көрінеді. Өз бастамасымен ол бірқатар цифрлық жоба әзірлеп, енгізді. Атап айтқанда, ақпараттық қауіпсіздікті мониторингтеу жүйесін, әскери қызметшілердің өзара байланысына арналған онлайн-платформаны және деректерді цифрландыру құралдарын іске қосты. Бұл шешімдер жұмыс үдерісін жеңілдетіп, шешім қабылдау жылдамдығын арттырған.
Алматыда да екі аптадай бұрын Жөндеуші кіші мамандар даярлайтын оқу орталығының алғашқы түлектері оқуын аяқтады. Олар 4,5 ай ішінде тек армияда ғана емес, азаматтық экономика секторында да сұранысқа ие мамандықтарды меңгеріпті. Өткен жылы құрылған мекемеде оқыту 9 бағытта ұйымдастырылады. Мұнда зымыран-артиллериялық қару-жарақты, сауытты автокөлік техникасын, сондай-ақ металл, ағаш өңдеуші, дәнекерлеушілерді, мотористерді және аккумулятор электриктерін жөндеуші мамандарды даярлайды. Тіпті, Илон Масктың өзі болашақ дәл осындай «көк жағалы» мамандар қолында екенін мәлімдеген. АҚШ-та олар жоғары жалақылы мамандық иесі саналады. Оқу орталығының бастығы, подполковник Нұркен Орынбасаров жастар арасында ел қорғау ісіне деген қызығушылықтың артқанын жеткізді. Мәселен, орталық қабырғасынан түлеп ұшқандардың 30%-ы армиядағы бүгінгі қолайлы жағдайларға риза болып, қызметін әрі қарай келісімшарт бойынша жалғастыруға шешім қабылдапты.
Мемлекеттік қамқорлықтың қарымы
Мемлекет әскерден оралғандардың әлеуметтік жағдайын да назардан тыс қалдырмайды. Солдаттар Қарулы күштерде кәсіп игермегеннің өзінде бұл ниетін азаматтық өмірге оралған соң жүзеге асыра алады. 2026 жылы әскерден оралған 1 мыңнан аса қазақстандық грант иегері атанды: оларға 22 сәуірде ЖОО-да тегін оқуға сертификат табыс етілді.
Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары генерал-майор Асқар Мұстабековтің түсіндіруінше, жас ұрпақты Отан алдындағы борышын өтеуге ынталандыру мақсатында Қорғаныс министрлігінің бастамасымен 2023 жылы «Сарбаз 2.0 – Срочники 2.0» жобасы басталды. Ол кейін заң жүзінде бекітілді. Бұл жоба әскерде борышын өткерген азаматтарға ҰБТ тапсырмай-ақ, университеттерге түсуіне мүмкіндік береді. Жатақханадан орын ұсынылады. Медициналық, педагогикалық мамандықтарды таңдаса, ай сайын – 84 000 теңге, өзге мамандықтарды қаласа, 52 372 теңге стипендия төленеді. Әскерден қайтқандар арасынан мемлекеттік грантқа үміткерлерді іріктеу «Сарбаз 2.0» цифрлық жүйесі арқылы жүзеге асырылды. Мұның бәрі – Отанға адалдығы үшін лайықты құрмет.
2023-2025 жылдар аралығында жүйеде барлығы 180 мыңнан астам әскери қызметші тіркеліп, білім грантын алуға үміткер атанды. Оның ішінен жыл сайын екі мыңнан астамы іріктеледі. «Сарбаз 2.0» жобасы әскери қызметшілерді қолдаудың тиімді құралына айналып, әскердегі қызмет жастарға білім беру, кәсіби өсу және сенімді болашақ үшін нақты мүмкіндіктер ашатынын дәлелдеп отыр.
Цифрлы әскер және заманауи тәртіп
Мемлекет басшысы соңғы Жолдауында барлық саланы цифрландыруды жүктеген еді. Әскерге шақыру процесін цифрландыру мақсатында Қорғаныс министрлігі 2018 жылдан бері төл «Жұмылдыру ресурсының автоматтандырылған есепке алу интеграциялық шлюзі» ақпараттық жүйесін пайдаланып, әскерге шақырылушылар мен әскери міндеттілерді әскери есепке алумен байланысты процесті цифрландырды.
Сонымен қатар ведомство әскери есепке алуға байланысты міндеттерді орындауға жеке және заңды тұлғалардың қатысуын барынша азайтуға бағытталған «Smart военкомат» жобасын қолға алды. Жоба шеңберінде келесі процестер цифрландырылыпты: біріншісі – ішкі көші-қон кезінде азаматтарды әскери есепке автоматты түрде қою. Тұрғылықты жерін ауыстырса, «Әскери есепке қою» мемқызметіне жүгіну қажеттілігі жойылды. 2025 жылы 350 мыңнан астам адам қайта есепке алынды.
Екіншіден, әскер қарсаңындағы 17 жастағы жасөспірімдерді автоматты түрде тіркеу жолға қойылған. Бұрын осы процесс олардың жеке қатысуын талап ететін. Ол үшін бүкіл елде жастарды жаппай жинап, медициналық куәландыру үшін аудан орталығына жеткізуші еді. Жыл сайын осы іс-шараға бюджеттен шамамен 1 млрд теңге жұмсалыпты.
Мұның сыртында мерзімді әскери қызметке шақыруды автоматты түрде кейінге қалдыру және одан босату саласы цифрландырылды. Нәтижесінде, оқушы жастар; үйленген, балалары бар; мүгедектігі бар адамдар; ауылдық жерде жұмыс істейтін педагогтар әскерге шақыруды кейінге қалдыру үшін әскерге шақыру комиссиясының отырысына шақырылмайды. Ол адамның мәртебесі өзгеріп, кейінге қалдыру негізі жоғалса, оны шақыру автоматты түрде жүзеге асырылады.
Әскерге шақырылушыны медкуәландыруды автоматтандырған «Е-медосмотр» ақпараттық жүйесі енгізіліп жатыр. Бүгінде оны Астана және Шымкенттің, БҚО, Жетісу, Алматы облыстарының медкомиссиялары пайдаланады. Бұл өзара іс-қимылды ұйымдастыруға және жазылған аурулар, жарақаттар туралы мәлімет алмасуға мүмкіндік береді. Ал Үкімет басшысы Олжас Бектенов депутаттарды сержанттар мен келісімшарт бойынша қызметшілерді оқытудың үлгілік бағдарламалары енгізіліп жатқаны жөнінде құлағдар етті.
– 2028 жылға дейінгі «Әскердегі заң мен тәртіп» ведомствоаралық бағдарламасы шеңберінде Қорғаныс министрлігі Ғылым және жоғары білім министрлігімен, күштік органдармен бірлесіп, офицерлер мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілерді белсенді оқытудың жаңа формаларының үлгілік бағдарламаларын әзірлеп жатыр. Оған дәріс-диалог, семинар, мастер-класс, тренинг, «іскерлік ойын», брейнсторминг кіреді. Бұл бағдарламалар қызметке әсер ететін факторлардың өзектілігіне байланысты өзгеріп отырады, – деді Премьер-министр.
Ол мерзімді әскери қызметтің тартымдылығын арттырып, оны өткеруге ынталандыру мәселесі уәкілетті мемлекеттік органдардың ұдайы бақылауында екенін хабарлады. Қорыта айтқанда, бүгінгі қазақ әскері тек қару-жарақ емес, білім мен біліктің, рух пен технологияның тоғысқан мекені. Отанды қорғау қасиетті борыш болса, сол борышты өтеу – болашаққа салынған ең сенімді инвестицияға айналмақ.
Айхан ШӘРІП
