Екінші дүниежүзілік соғыстың жүрекке салған жарасы әлі күнге жазылмағаны анық. 9 мамыр – Жеңіс күні жақындаған тұста сол бір қанды майдандағы зұлмат жылдар талайдың көз алдынан өте шығатындай.
Жамбылдан шыққан жазушы жауынгерлер
94
оқылды

Себебі біреуі соғыста әкесінен айырылса, енді екіншілердің ет жақын бауырлары қайтпады. Әлі күнге туған-туыстарын Мәскеуден бастап Берлинге дейінгі бауырластар моласынан іздеп жүргендер аз емес.

Бұл соғыс қазақ халқына оңай соқпады. Аталарымыз қару асы­нып майданға аттанса, апала­рымыз бен балалар тылдағы ең­бекте қалды. Бұл жайында белгілі тарихшы, академик Манаш Қо­зы­баев: «Қазақстан соғыс жыл­да­рында шын мәнінде майдан арсе­налына айналды. Республика еңбекшілері майдан талаптарына сай еңбек ете жүріп, соғыста аса маңызды стратегиялық мәні бар түсті металдар өндіруде өзінің одақтағы жетекші рөлін нығайта түсті. Соғыс жылдары Қазақстан май­данға және қорғаныс өндірі­сіне қажетті мыстың үштен бірін өндіріп отырды. Майданда атыл­ған он оқтың тоғызы Қазақстанда құйылған қорғасыннан жасалды. Республикада сонымен бірге Қо­ңырат молибден кен орны, Жез­дідегі марганец өндіру кен орны, Ақтөбедегі Хромтау, Ақшатау мо­либден-вольфрам, Текелі поли­металл комбинаттары жедел са­лынып, іске қосылды. Осының арқасында одақтық өндірісте молибденнің – 60, висмуттың – 65, полиметалл кендерінің 79 проценті Қазақстанда шыға­рыл­ды», – дейді тарихшы.

Бұдан бөлек, Шымкент қала­сында өндірілген қорғасын, Ем­бінің мұнайы, Орталық Қазақ­стан­ның түсті металы, Қа­ра­ған­дының көмірі тонналап майдан шебіне жөнелтіліп отырды. Бұл аз десеңіз, оқтан да қымбат асты­ғымыз да майданға вагондарға тиеліп ағылды. Мәселен, жамбыл­дықтар 1942 жылы Брянск май­данына – 13, 1943 жылы Солтүстік Батыс майданына 16 вагон астық жеткізген. Сондай-ақ жаудан бо­са­тылған елді мекендерге төрт-түлік пен шаруашылыққа қажетті жылқы да берген. Тізіп айта бер­сең, тылдың майданға деген қол­дауы аз болмаған. Ал ең қымбаты қазақ даласы Ұлы жеңіс жолында ұлы мен қызын да аямады. Буыны әлі қатпаған бозбалар да, еңкейген қариялар да, өмірдің қызығын көріп үлгермеген қаракөздеріміз де қару асынып, қан майданға аттанып кете барды. Олардың қа­тарында шығармашылық адамда­ры да аз болмаған. 

Жамбылдық жауынгер жазу­шы­лар туралы сөз қозғағанда ойы­мызға ең әуелі даңқты қолбас­шы, Жуалының тумасы Бауыржан Момышұлы келері сөзсіз. Ер Бәу­кең ұлт әдебиетімен қатар, әскери әдебиетке де қомақты олжа сал­ғаны даусыз. Бауыржан Момыш­ұлының құнды жазбаларын бұған дейін ғалым Мекемтас Мырзах­мет­ұлы жинақтап, көшірмесін Жамбыл облысының мемлекеттік архивіне тапсырса, түпнұсқасы Алматы қаласындағы Респуб­ли­калық Орталық архивте сақтаулы тұр. Ал алдыңғы жылы Батыр Бәу­кеңнің немересі журналист Бе­кет Момынқұлов Мәскеу мұра­ғатынан маңдай тердің күшімен тың деректерді тағы алдырып, Бауыржан Момышұлының әс­кери жазбаларын жаңғырта түсті. Бұл сөз жоқ, ұрпақ үшін мол мұра, үлкен қазына. 

Жамбыл жерінен қан майданға аттанған қаламгерлердің қата­рын­да Талас өңірінің тумасы Шона Смаханұлы, Кенигсберг түбінде ерлікпен қаза тапқан Рахымбай Құлбаев, ауыл мұғалімі болған Аманғали Сегізбаев, май­данда дивизиялық газет редакторы болған Жайық Бектұров, Жамбыл жерінде жасақталған 105-ші атты әскер дивизиясы құрамында болған Мыңатай Қыстаубаев пен Қалмахан Әбдіқадыров та бар. 

Алматы қаласында Қазақстан Жазушылар одағы ғимаратының кіреберісіндегі мәрмәр тақтада ұрыс даласынан оралмаған жа­зушылардың есімдері таңбаланып жазылған. Онда жамбылдық қаламгер Аманғали Сегізбаевтың есімі де тұр. Қаламгер – Қостанай облысы, Ақсу ауылының тумасы. Молдадан хат танып, еңбек жо­лын ауыл мұғалімдігінен бастаған. Баспасөз беттерінде ойлы өлең, өткір мақала, фельетондарымен танылып, 1924 жылы Орынбор қаласындағы «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан») га­зетіне шақырылады. Соғыс бас­та­лар тұста ол осы газеттің Жамбыл облысы бойынша меншікті тіл­шісі болып, майданға Әулиеата жерінен аттанған.

Талас өңірінің перзенті Шона Смаханұлы да ел басына күн ту­ғанда сарбаздар қатарында сап түзеді. Сол кездегі Оңтүстік Қа­зақстан облысында ұзақ жылдар партияда басшылық қызметте болған жазушы Әбжапар Жыл­қышиев те майданға туған жері қазіргі Тұрар Рысқұлов ауданынан аттанды. Құлан жеріндегі бір ауыл осы кісінің есімімен аталады. Қордайдың Шарбақты ауылында 1925 жылы дүниеге келген Сан­­­сыз­бай Сарғасқаев та соғысқа қа­ты­сып, оралған қаламгердің бірі. 

Жазушы Жайық Бектұров та майданға Жамбыл жерінен аттан­ды. Ол 1939 жылы Жамбыл облы­сы құрылғанда Алматыдан облыс­тық газетке бас редактор болып келген. Сол жылдың қарашасы­нан 1942 жылдың мамырына дейін осы қызметті басқарған. Ақмола облысы Қызылағаш ауы­лының тумасы Жайық Бектұров майданда дивизиялық газет редакторы болған. Елге оралған соң 1958 жылдан бастап ұзақ жыл Жазушылар одағының Қарағанды облысындағы облысаралық бө­лім­шесін басқарған.

1919 жылы өмірге келген Бал­табай Адамбаев Сарысу ауданы, Байқадам ауылының тумасы. Майданда рота командирі болды. Өлең жинақтары, деректі әңгі­мелер мен повестерінен тұратын кітап жинақтары бар.

Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарын­да Қазақстанда 12 ат­қыштар ди­визиясы мен 4 ұлттық дербес атты әскер дивизиясы, 7 бригада, 50-ге жуық полк, ба­тальон және өзге де әскери құ­ра­малар жасақталды. Олардың бә­рін киім-кешекпен, тамақпен қам­тамасыз етуде жам­былдықтар ерен еңбектің үлгісін көрсетті. 

1941 жылы қараша айында Жамбыл қаласында 105-ші дербес ұлттық атты әскер дивизиясы қа­уырт құрылды. Облыс басшылығы тікелей жұмылдырылған бұл науқанның қиындығы өз алдына еді. Ұлттық болған соң, оған ұлт азаматтары көптеп тартылуы ке­рек болды. Бұл ауылда елді ең­­бекке жұмылдырып жүргендердің қатарының тағы да сирей түсуіне әкеп соқты. Ол аз десеңіз, жұмыс­қа жегіліп жүрген атты да май­­­данға жөнелту міндеті қойылды. Бұл, әсіресе Жамбылда 105-ші дербес ұлттық атты әскер диви­зиясын жасақтауға байланысты шешімнің қабылдануына орай күрделене түсті. 

– Облыстық архивтің 282-қо­рының 1-тізіміндегі 453-ісінің 29-бумасында 1943 жылдың қыр­күйегіне дейін Жамбыл об­лысында және Жамбыл қала­сында қандай әскери құрамалар құрылғаны туралы мәлімет сақ­таулы. Осы мәліметке сүйенсек, 1941 жылы маусым айында 678-ші жеке атқыштар батальоны құ­рылды. Осы жылдың тамыз айын­да 81-ші атты әскер дивизиясы жасақталды. Соғыстың басталған жылы облыс және қала тұрғын­дары үшін аса қауырт болғанын байқауға болады. Осы жылдың қараша айында Бас қолбасшының бұйрығы бойынша Жамбыл об­лы­сында 105-ші дербес ұлттық ат­ты әскер дивизиясы жасақ­тал­ды. Шілде айында дербес инже­нер­лік-құрылыс батальоны Жам­был қаласынан майданға аттанды. Осы жылдың соңында облыста газсыздандыру отряды құрылды. 

Жамбыл қаласында жасақта­лып жатқан ұлттық атты әскер дивизиясының сапына алынып, әскери дайындықтан өткен Қал­махан Әбдіқадыров бұл кезде ел таныған ақын болған. Әйгілі «Мың бір түн» хикаясын қазақша сөйлеткен жазушы Қ.Әбдіқады­ров Қызылорда облысы Шиелі ауданының тумасы болатын. ­Со­ғыстан аман-есен оралған Қ.Әбді­қадыров Қазақстан Жазу­шы­лар одағында, Жамбыл ақын­ның мұражайында қызмет атқа­рып, 1964 жылы өмір­ден өт­ті, – дейді Жамбыл облысы мем­лекеттік архивінің бөлім басшысы Сағындық Зейнуллаұлы.

Жамбыл облысынан Қалма­хан Әбдіқадыровпен бірге 105-ші атты әскер дивизиясында бол­ғандардың бірі – Талас ауданының Қызыләуіт ауылында 1922 жылы дүниеге келіп, соғысты Берлинде аяқтаған Мыңатай Қыстаубаев та бар. Аға лейтенант шенінде май­даннан оралып, туған ауылында ұзақ жылдар ұстаздық еткен ол алайда Жазушылар одағына өт­пеген. Атақтардан алыс жүрген­ көрінеді. Алайда туған ауылы Қызыләуіттегі орта мектеп Мы­ңатай Қыстаубаевтың есімімен аталады.

Байқап тұрсаңыздар, жамбыл­дық жазушы жауынгерлер қан май­данның барлық шебінде бол­ған. Тылдан жөнелтілген қол­дау­лардан бөлек, қазақ қаламгерлері майданда сарбаздарды отты өлең­дерімен, әсерлі әңгімелерімен де рухтандарып отырған. Бұл да Ұлыс жеңіс таңының атуына өзін­дік үнін қосқаны анық. 

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы