17 ақпанда Ақтау гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінде сарбаз Р. Жайғалиевтің қаза табуына байланысты қозғалған қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Тергеу барысында әскери бөлім командирінің қызметтік міндеттеріне салғырт қарағаны анықталған. Атап айтқанда, жеке құрамды бақылау және қаруды пайдалану тәртібіне қатысты жарғы мен ведомстволық бұйрықтар талаптары тиісті деңгейде орындалмаған. Соның салдарынан қайғылы жағдай болған.
Бас әскери прокуратураның мәліметінше, әскери прокурорлардың тұрақты бақылауы мен жедел-тергеу тобының үйлесімді жұмысының нәтижесінде қысқа мерзімде барлық қажетті дәлелдер жиналып, сот сараптамалары жүргізілген.
Қазіргі уақытта қылмыстық іс сот қарауына жіберілді.
Сонымен қатар, барлау-шабуыл батальонының командирі, оның орынбасары және рота командирі қызметтерінен босатылды. Бұдан бөлек, 10 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылған.
Бас әскери прокуратура әскери қызметшілердің өліміне әкелген қылмыстар бойынша жазаның бұлтартпау қағидаты қатаң сақталатынын мәлімдеді.
