Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен жалпы отырыста депутаттар телекоммуникациялар нарығын және деректерді өңдеу орталықтарын дамыту, радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу және сайлауды жетілдіру мәселелері жөніндегі заң жобаларын бірінші оқылымда мақұлдады. Екінші оқылымда педагог мәртебесі, білім беру, денсаулық сақтау және бала құқықтарын қорғау мәселелері туралы заң қабылданды.
Мәжіліс телекоммуникациялар нарығы және радиоактивті қалдықтар туралы заң жобасын мақұлдады
102
оқылды

Телекоммуникациялар нарығын және деректерді өңдеу орталықтарын дамыту мәселелері бойынша заңнамалық түзетулер байланыс инфрақұрылымын дамытуға, перспективалы телекоммуникациялық технологияларды енгізуге және халықты сапалы әрі қолжетімді байланыс қызметімен қамтамасыз етуге бағытталған. Заң жобасының негізгі ережелерімен депутаттарды Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев таныстырды.

– eGov, e-Otinish, ұлттық Aitu мессенджері және басқа да қосымшалар сияқты әлеуметтік маңызы бар мемлекеттік сервистерге трафигі есептелмейтін, яғни тарифсіз қолжетімділікті енгізу ұсынылады. Сондай-ақ Заттар интернет желілері және Тіркеп-белгіленген сымсыз абоненттік қолжетімділік сияқты жаңа технологиялар үшін құқықтық негіз жасалуда. Халықаралық транзиттік интернет-трафикті кедергісіз өткізу бөлек бекітіледі. Дата-орталықтарды салу немесе іске қосу кезінде оларды стратегиялық объектілер қатарына енгізу ұсынылады. Азаматтарды телефон алаяқтығынан қорғау үшін заңды тұлғалардан келетін қоңырауларды таңбалау енгізіледі, – деді министр.

Мәжіліс депутаты, жұмыс тобының жетекшісі Руслан Қожасбаев түзетулер арқылы байланыс қондырғыларын, оның ішінде антенна-бағана қондырғыларын және тағы басқаларын салу үшін жер телімдерін беру тәртібі жеңілдетілетінін айтты. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда белгіленген тәртіппен байланыс желілерін салуға рұқсат беріледі. Ал әкімдіктерге байланыс нысандарын салу үшін электр энергиясы тартылған жерлерді бөлу құзыреті беріледі.

Бұдан бөлек, ұялы байланыс абоненттік құрыл­ғыларын верификациялау функциясын Мемлекеттік радиожиілік қызметінің қарамағына беру қарас­тырылуда. Руслан Қожасбаев атап өткендей, бұл шара тұтынушыларға сатып алынатын құрылғы­лардың түпнұсқалығы мен сапасына кепіл­дік алуға мүмкіндік береді, қоғамдық және жеке қауіп­сіздікті арттырады, бизнес үшін әділ бәсеке­лестік пен ба­ғаны ашық белгілеуге жағдай жасайды, ал мемлекет үшін кедендік бақылауды күшейтіп, ұялы телефон ұрлығын азайтуға көмектеседі.

Талқылау қорытындысы бойынша депутаттар заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдау туралы шешім қабылдады. Оны талқылау уәкілетті органдардың және сарапшылардың қатысуымен жұмыс тобының отырыстарында жалғасады.

Сондай-ақ бірінші оқылымда «Радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу туралы» заң жобасы мен оның ілеспе түзетулері мақұлданды. Мәжілістегі Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы, құжат авторларының бірі Еділ Жаңбыршин заң жобаларын таныстырып, олардың мақсаты қауіпсіздік, жауапкершілік, ашықтық және радио­активті қалдықтармен жұмыс істеудің мем­лекеттік бақылау қағидаттарына негізделген кешенді жүйесін құру екенін атап өтті. 

– Заң жобасын Парламент депутаттары осыдан екі жылдан астам уақыт бұрын әзірлеген болатын. Ол Үкіметпен тиісті келісулерден және сараптама­лардан өтті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 9 қазанда Душанбе қаласында өткен «Орталық Азия – Ресей» екінші саммитінде Ядролық отын циклі және радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы өңірлік құзыретті кеңес құру туралы бастамасына байланысты оның өзектілігі арта түсті, – деді депутат.

Мәжіліс депутаты, жұмыс тобының жетекшісі Дүйсенбай Тұрғанов бүгінде бұл саланы әртүрлі нормативтік актілердегі бөлек-бөлек нормаларға негізделгенін тілге тиек етті. Ал жаңа заң алғаш рет оларды бірыңғай құқықтық базаға біріктіреді.

Заң жобасы арқылы радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы негізгі ұғымдар, объектілер мен субъектілер айқындалады. Сондай-ақ олардың түрлері мен пайда болу көздері белгіленеді. Қалдық­тарды жинау, қайта өңдеу, кондициялау, сақтау, тасымалдау және түпкілікті көму процестері, сондай-ақ тиісті инфрақұрылымды жобалау, салу және пайдалану процестері реттеледі. Мемлекеттік есепке алу және бақылау тетіктері құрылып, мемлекеттік органдардың өкілеттіктері нақтыланады.

Заң жобасының негізгі жаңалықтарының бірі – радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу жөніндегі Ұлттық оператор институтын құру. Ол еліміздің ядролық және радиациялық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі негізгі буын ретінде радиоактивті қалдық­тармен жұмыс істеу және оларды түпкілікті көмуге қатысты толыққанды әрі кешенді жауапкершілікті өзіне алады деп күтілуде.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасының аумағына шетелдік радиоактивті қалдықтарды әкелуге, орналастыруға және көмуге тікелей тыйым салынады. Бұл норма экологиялық егемендікті, ұлт­тық мүдделер мен мемлекеттің қауіпсіздігін қорғауға бағытталған.

Жалпы отырыс барысында депутаттар «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға енгізілген өзгерістерге байланысты сайлау жүйесін жетілдіруге бағытталған түзетулердің екі пакетін бірінші оқылымда мақұлдады. Оны депутат­тарға Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин таныстырды.

Мәжіліс депутаты, жұмыс тобының жетекшісі Үнзила Шапақтың айтуынша, жаңа нормаларда округтік сайлау комиссияларының мүшелерін сайлау және мәслихат депутаттарының өкілеттігін тоқтату, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқару органдарының интернет-ресурстарында қоғамдық жиналыстар туралы ақпаратты міндетті түрде жариялау қам­тылады. 

Бұған қоса кандидаттардың сайлау қорларынан тыс қаражатты немесе өзге де материалдық көмекті тартқаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізіледі. Онлайн-платформаларды қолданушылар үгіт жүргізудің, сайлауалды пікірталастардың тәртібін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік белгілеу ұсынылады.

Мәжіліс екінші оқылымда педагог мәртебесі, білім беру, денсаулық сақтау және бала құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі заңды ілеспе түзетулері­мен қабылдады. Мәжіліс депутаты, жұмыс тобының жетекшісі Жанарбек Әшімжанов атап өткендей, құжаттың қолданылу аясының кеңеюіне байланысты оның атауы өзгертілді.

Ұсынылған нормалар мұғалімді артық жүктеме­ден арылтып, оның кәсіби еркіндігін қамтамасыз етеді. Енді педагогтардың білім алушылар алдындағы жауапкершілігі тек оқу процесі барысында ғана ай­қындалады. Бұл мұғалімді өзіне тән емес функция­лардан қорғайды. Сондай-ақ заң жобасында есепті қағаз және электронды форматта қатар жүргізуге тыйым салынады.

Сонымен қатар баланың өмірі, денсаулығы мен қауіпсіздігі үшін ата-аналардың жауапкершілігі де кеңейтілді. Бұған қоса, орта білім беру ұйымдарында ұялы құрылғыларды пайдаланудың бірыңғай қағи­далары бекітілді. Бұл жаңашылдық оқушы назарын білімге аударуға және кибербуллингтің алдын алуға септігін тигізеді. Қазақстан аумағында озық шетелдік жоғары оқу орындарының қызметі үшін қолайлы құқықтық режимді бекіту және басқа да нормалар қабылданды.

Талқылау барысында денсаулық сақтау мәселе­лері жеке блок ретінде енгізілді. Оның аясында ин­тег­рацияланған модельге көшу арқылы медициналық білім беруді жетілдіру, денсаулық сақтау нысандарын салу мен пайдалануда мемлекеттік-жекешелік әріп­тестік тетіктерін тиімді қолдану нормалары қарас­тырылған.

Сонымен қатар Мәжіліс Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру мақсатында әзірленген «Қазақстан Республикасының мемлекеттік награда­лары туралы» заңға түзетулерді қабылдады. Құжатта AL-FARABI, QOJA AHMET YASAUI және «Мейірім» ордендерін тағайындау, сондай-ақ ордендермен және медальдармен марапаттау тәртібін өзгерту жөніндегі нормалар қарастырылған.

Жалпы отырыс барысында өткен аптада Қызыл­орда облысының әкімі лауазымына тағайындалған Мәжіліс депутаты Мұрат Ергешбаевтың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы мәселе де қаралды.

Осыған байланысты Парламент палаталарының бірлескен комиссиясының «Қазақстан Респуб­ликасындағы сайлау туралы» ҚР Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заң жобасы жөніндегі құрамына өзгерістер енгізілді. Комиссиядағы Мұрат Ергеш­баев­тың орнына Мәжіліс депутаты Берік Бейсен­ғалиев келді.

Жалпы отырыс соңында депутаттар мемлекеттік органдарға өзекті әлеуметтік және экономикалық тақырыптар бойынша 13 депутаттық сауал жолдады. Оның барлығы Мәжілістің ресми сайтында және Telegram-арнасында жарияланды.