«Таза Қазақстан» – жауапкершілік мәдениеті

Соңғы жылдары елімізде қоршаған ортаның жай-күйіне бейжай қарамау ұстанымы қоғам мәдениеті мен азаматтық жауапкершілікті айқындаушы өлшемдердің бірі ретінде қалыптасуда. Тазалық енді тек тұрмыстық мәселе ретінде ғана емес, жетілген қоғамның маңызды көрсеткішіне айналуда.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Таза Қазақстан» бастамасы осы үрдістің жан-жақты орнығуына тікелей ықпал етуде. Бұл бастама экологиялық науқан аясында шектелмей, қысқа уақыттың аралығында жалпыұлттық қозғалысқа ұласты. Президент атап өткендей, бүгінде тазалық ұғымы ұлттық бірегейліктің ажырамас бөлігіне және еліміздің негізгі құндылықтарының біріне айналып отыр.

Президенттің бұл бастамасы аясында нақты нәтижелерге қол жеткізілуде. 

Жоба іске қосылғаннан бергі екі жыл ішінде еліміз бойынша 1,5 мыңнан астам экологиялық іс-шара өткізілді. Оларға миллиондаған отандасымыз қатысты. Елді мекендерді көгалдандыру және экожүйелерді қалпына келтіру бағытында ірі жобалар жүзеге асырылуда. Соның ішінде Арал теңізінің құрғаған табанында жүргізіліп жатқан ауқымды орман-мелиорациялық жұмыстары да бар.

Алайда бастаманың басты нәтижесі шығарылған қоқыс көлемімен өлшенбейтіні анық. Ең маңыздысы – ҚОҒАМНЫҢ ТАЗАЛЫҚ ПЕН ТӘРТІПКЕ ДЕГЕН КӨЗҚАРАСЫНЫҢ БІРТІНДЕП ӨЗГЕРУІНДЕ. Президент атап өткендей: «Таза Қазақстан» идеологиялық тұжырымдамасының түпкі мәні көшелерді, аулаларды және айналамызды таза ұстаудан ғана емес, Қазақстан азаматтарының әл-ауқатын арттыруға бастайтын ниет пен пейілдің тазалығынан көрініс табады».

Мемлекет басшысы өз сөзінде тазалық ұғымына материалдық тұрғыдан әлдеқайда кең, терең мағынада қарайды. Ниет пен пейілдің тазалығын тілге тиек ету арқылы тазалық ең алдымен адамның ішкі мәдениетінен бастау алатыны туралы айтып отыр. Себебі жүректің тазалығы, көңіл мен ойдың тазалығы адамның әрекетін анықтаушы негізгі факторлар. Таза ниет, таза ой, таза пейіл – адамның ішкі тазалығының көрінісі. 

Хакім Абай «Адамның адамшылығы істі бастағандығынан білінеді, қалайша бітіргендігінен емес» деген. Ойшылдың осы сөзінен адамның іс-әрекетінің қалай аяқталатыны, нәтижесі оның қандай ниетпен басталатынына байланысты екенін ұғынамыз. Адамның іс-әрекеті оның бастапқы ниетіне байланысты болады. Сондықтан қоршаған ортаны қорғауға бағытталған біздің барлық әрекетіміздің нәтижесі оны ішкі мәдениетімізбен саналы тұрғыдан сезінуімізге, шын ынтамыздың болуына байланысты. 

Тазалыққа егіз ұғым адалдық. Адалдық ниет пен пейіл тазалығының көрінісі. Президент атап көрсеткен Адал азамат ұғымының астарында ары таза, қолы таза, жүрегі таза адамның тұлғасы туралы ой жатыр. Тазалық пен Адалдық қағидатының біздің өміріміздің барлық саласына орнығуы ерекше маңызға ие. Сонда қоғамда жемқорлыққа қарсы тұру иммунитеті қалыптасады. Адалдық пен жауапкершілік адамның іс-әрекетіне жетекшілік етеді.

Таза Қазақстан туралы айтқанда, тазалықты біз бір қырынан ғана емес, оған осылай кең мағынада қарағанымыз жөн. 

Мұндай пікір «Таза Қазақстан» бастамасы мазмұнының әдеттегіден едәуір кеңірек екенін білдіреді. Мұндағы негізгі мақсат – қоршаған ортаны аялауды қоғамдық мінез-құлықтың тұрақты нормасына, ал тазалық, адалдық, жауапкершілікті әр азаматтың күнделікті әдетіне айналдыру.

Қоршаған ортаға деген ерекше көзқарас пен қатынастың тарихи тамыры тереңнен бастау алады. Ұлы даладағы дәстүрлі мәдениетке сай, бабаларымыз  әрдайым табиғатпен етене байланыста, үйлесімділікте өмір сүрген. Өзін табиғатты бағындырушы емес, оның ажырамас бір бөлігі ретінде сезінген.

Әдет-ғұрып нормалары, соның ішінде «Жеті жарғы» заңдар жинағының ережелері, ортақ игілік саналатын жер мен табиғи ресурстарға деген жауапкершілікті бекітті. Біздің ата-бабаларымыз табиғатпен өзара әрекеттесудің бірегей үлгісін қалыптастырды. Ол маусымдық тепе-теңдікке, жайылымдарды ұтымды пайдалануға және су көздеріне ұқыпты қарауға негізделді. Бұл ғасырлар бойы дала экожүйелерінің тұрақтылығын сақтауға мүмкіндік берді.

Мұндай үлгіні зерттеушілер ғылыми және публицистикалық әдебиеттерде көбіне адам мен табиғаттың жоғары үйлесім табуы ретінде сипаттайды. Оның негізінде табиғатты адам үшін пайдалану нысаны емес, керісінше, аялау мен ұқыптылықты талап ететін ортақ үй ретінде қабылдайтын дүниетаным жатыр.

Бүгін бұл тарихи түсініктер жаңаша қырынан қарастырылуда. Қазіргі әлемде мемлекеттердің орнықты дамуы көбіне тек экономикалық көрсеткіштермен ғана емес, сонымен қатар қоршаған ортаның сапасымен де бағаланады. Экологиялық мәдениет жетілген азаматтық қоғамның негізгі бел­гілерінің біріне айналып келеді.

Бұл, әсіресе климаттық сын-қатерлер күшейіп отырған қазіргі жағдайда, соның ішінде біздің өңір үшін де өзекті. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясының жалпы дебаттарында атап өткендей, Орталық Азияда температура әлемдік орташа көрсеткішпен салыстырғанда екі есе жылдам өсіп келеді. Алатау тауларындағы мұздық­тардың жедел еруі миллиондаған адамның су және азық-түлік қауіпсіздігіне төнетін қатерді айтарлықтай күшейтіп отыр. Осыған байланысты табиғатқа ұқыпты қарау тек мәдениет мәселесі ғана емес, сонымен бірге мемлекеттің ұзақмерзімді тұрақтылығын қамтамасыз ететін маңызды факторға айналуда.

Сондықтан «Таза Қазақстан» бастамасы стратегиялық мәнге ие болып отыр. Ол тек абаттандыру мен тазалықты қамтамасыз ететін құрал ғана емес, сонымен қатар қо­ғамның қазіргі экологиялық сын-қатерлерге бейімделуінің маңызды тетігіне айналуда.

«Таза Қазақстан» іс жүзінде экологиялық жауапкершіліктің біртіндеп жалпыұлттық құндылыққа айналып келе жатқанын көрсетіп отыр, бұл құндылық мемлекет, бизнес және қоғамды біріктіреді.

Әсіресе, бұл акцияға еріктілердің, жастардың, қоғамдық ұйымдардың және кәсіпкерлердің белсенді түрде қатысуы өте маңызды. Соның арқасында қоршаған ортаға деген ұжымдық жауапкершілік қағидасы қалыптасуда.

Іс жүзінде қоғамдық санада айтарлықтай өзгеріс жүріп жатыр. Тазалық мәселелері енді жекелеген қызметтердің ғана міндеті ретінде қарастырылмай, әр азаматтың ортақ жауапкершілігіне айналуда. Экологиялық бастаманың басты нәтижесі жауапкершілік мәдениетін қоғамдық норма ретінде қалыптастыруда болып отыр.

Президент атап өткендей, «Екі жылда аталған прогрессивті бастама жалпыұлттық қозғалысқа айналды. Жоба тың мазмұнмен толығып, шын мәнінде, Әділетті Қазақстан идеясының өзегіне айналып келеді. «Таза Қазақстан» қағидаты, «Заң және тәртіп», «Адал азамат» тұжырымдамалары тұтас құндылықтар жүйесін құрап, мемлекеттік басқару мен қоғамның ажырамас бөлшегі болуға тиіс».

Осыдан жаңа азаматтық сана қалып­тасады. Азаматтық сана жеке адамдардың ортақ құндылықтарды құрметтеуінен, құқықтар мен міндеттерді, қоғамдық ортақ қағидаларды сақтауынан, жауапкершілікті өз мойнына ала білуінен көрінеді.

Онда жауапкершілік қоршаған ортаға ұқыпты қараудан, сонымен қатар заңды сақтау, шешімдердің әділдігі және сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік арқылы да көрініс табады.

Атап өту керек, елімізде аталған құнды­лық­тардың біртұтастығын орнықтыру конституциялық деңгейде жалғасын тапты. Жоғары экологиялық мәдениет, қоршаған ортаға ұқыпты қарау және азаматтық жауапкершілік қағидаттары 2026 жылғы 15 наурыздағы жалпыұлттық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының халықтық Конституциясында нақты белгі­леніп, құқықтық негізге ие болды. Конс­титуцияның 3-бабында мемлекет қызметінің негізгі қағидаттарының бірі ретінде «жоғары экологиялық мәдениетті қалыптастыру» тікелей бекітілсе, 37-бапта азаматтардың табиғатты сақтау және оның байлығына ұқыпты қарау жөніндегі конституциялық міндеті айқындалды. Бұл «Таза Қазақстан» бастамасының уақытша науқан емес екенін, қоршаған ортаның тазалығы, ой тазалығы және басқару тазалығын  біртұтастықта қарайтын мемлекеттік ұзақмерзімді стратегия екенін айқын көрсетеді. 

Олай болса маңызды бастама алдағы уақытта да жалпыұлттық сипат алып, қоғамдық санада жаңа экологиялық мәдениетті қалыптастыруда шешуші рөл атқара берері анық. 

Дархан ЖАЗЫҚБАЙ,

Мемлекеттік қызмет

істері агенттігінің төрағасы