2023 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заң азаматтардың қарыз жүктемесін азайтуға нақты мүмкіндік беріп отыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Бұл туралы Сенат отырысында Мемлекеттік кірістер комитетінің дәрменсіз борышкерлермен жұмыс басқармасының басшысы Меруерт Сисембаева мәлімдеді.
Ресми мәліметке сәйкес, заң күшіне енгеннен бері 66 мыңнан астам азамат банкрот деп танылған.
Атап айтқанда, мемлекеттік кірістер органдары арқылы 65 765 азамат банкрот мәртебесін алып, олардың 134,8 млрд теңге қарызы есептен шығарылған. Ал сот тәртібімен 632 азамат банкрот деп танылып, 115 млрд теңге берешегі жойылған.
Осылайша, жалпы саны 66 397 азаматтың шамамен 250 миллиард теңге қарызы кешірілген.
Сонымен қатар 1 118 азамат төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін қолданған.
Меруерт Сисембаеваның айтуынша, заң бірнеше рет жетілдірілген. Соңғы өзгерістер нәтижесінде рәсімдерді қолдану тәртібі жеңілдетіліп, кейбір талаптар алынып тасталған. Сондай-ақ өтініш беру процесі оңтайландырылып, жекелеген санаттар үшін банкроттық мерзімі қысқартылған.
Дегенмен, мамандар әлі де шешімін таппаған мәселелер бар екенін айтады.
Мәселен, кей азаматтардың иелігінде құны өте төмен ETN бағалы қағаздарының болуы банкроттық рәсімінен өтуге кедергі келтіреді. Көп жағдайда азаматтар мұндай активтердің бар екенін білмейді.
Бұдан бөлек, қаржы ұйымдарының заң талаптарын бұзған жағдайдағы жауапкершілігі нақты айқындалмаған. Сондай-ақ кей банктер мен қаржы ұйымдары мемлекеттік органдардың шешімдеріне жиі шағымданып, қосымша тексеріс талап етеді.
Сарапшылардың пікірінше, банкроттық туралы заң азаматтарға қарыздан құтылуға мүмкіндік бергенімен, оны әлі де жетілдіру қажет. Әсіресе, қаржы секторымен өзара жұмысты күшейту маңызды бағыттардың бірі болып қала береді.
