Кітап жәрмеңкесі Ақтау қаласы әкімдігінің қолдауымен Маңғыстау облыстық Қабиболла Сыдиықұлы атындағы әмбебап кітапханада және Каспий теңізінің жағалауында ұйымдастырылды.
Мерекелік іс-шараның алғашқы рәсімі қазақ әдебиетінің көрнекті тұлғасы, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаев ескерткішіне гүл қоюдан басталды. Салтанатты іс-шараның лентасын Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов пен Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы-драматург Роза Мұқанова қиды.
Қала әкімі Әбілқайыр Байпақов жиында құттықтау сөз сөйлеп, мұндай кітап жәрмеңкесінің ерекшелігіне тоқталды. Сонымен қатар кітап оқитын ұлт қалыптастырудың маңызы мен рухани құндылықтар жайында пікір білдірді.
Тұңғыш рет ұйымдастырылған кітап жәрмеңкесіне еліміздің әдебиет және мәдениет саласындағы белгілі тұлғалары қатысты. Атап айтқанда, жазушы-драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Роза Мұқанова, ақын, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Оңайгүл Тұржан, ақын, Жазушылар одағы Маңғыстау филиалының төрағасы Анар Шамшадинова, ақын, Ақпарат саласының үздігі Гүлайым Дәуітбаева, жазушы, халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты Бақытгүл Сәрмекова, жазушы, Мәдениет және ақпарат саласының үздігі Қанат Тілеухан, ақын-жазушы Ақберен Елгезек, ақын-драматург Ұларбек Нұрғалым сынды қаламгерлер арнайы келді.

Бұдан бөлек, жәрмеңкеге елімізге танымал баспалар да қатысты. Олардың қатарында: Qasymkitap, Steppe&World, «Абай», Arman-PV, ZIYAT, SANA, MAZMUNDAMA, Marfu, «Отбасы хрестоматиясы», WIK HOUSE баспалары бар.
«Кітап керуен – Ақтау» жәрмеңкесіне арнайы дайындалған автобус та қала көшелерін аралап, тұрғындарды рухани іс-шараға шақырды.
15-16 мамыр күндері өткен екі күндік жәрмеңке аясында кітаптарға арнайы жеңілдіктер ұсынылып, түрлі мәдени-әдеби бағдарлама ұйымдастырылды. Сонымен қатар әдебиет пен шығармашылықты дамытуға арналған секциялық отырыстар, жаңа кітаптардың таныстырылымдары мен тұсаукесерлері өтті. Атап айтқанда, жазушылар: Қанат Тілеухан мен Аслан Тілеген құрастырған «Атабаев лекциясы» кітабы, ақын Оңайгүл Тұржанның «Ағаштар үнсіз өседі» кітабының, ақын әрі жазушы Ақберен Елгезектің «Дардай» романының, жазушы Әлішер Рахаттың «Иесіз көлеңке» кітабының, жазушы Мәрия Омардың «Ақбалжан» кітабының және Arman-PV баспасынан шыққан «Көшпенділер ойыны» танымдық энциклопедиясының таныстырылымы болды.
Жәрмеңкенің екінші күні Каспий теңізінің жағалауында жалғасып, сенбілік демалысқа шыққан халық сүйікті авторларымен кездесіп, суретке түсіп, кітаптарын қолтаңбасымен алды.
