Алматыда астыртын жолмен қалаға кірмек болған екі адам ұсталды
Алматыда астыртын жолмен қалаға кірмек болған екі адам ұсталды
180
оқылды
Алматы полициясы карантинге жабылған қала территориясына өтпек болған тағы екі адамды ұстады. 40-тан асқан облыс тұрғындары Құлжа трассасында орналасқан бақылау-өткізу пунктінен айналма жолмен жүріп өтіп, қалаға кірген. Сол арқылы Алматы қаласына кіріп- шығуды шектейтін арнайы режимді бұзған.
«Жұмыс немесе жеке шаруалар үшін қалаға кіруге айналма жолмен өтуге тырысудың қажеті жоқ. Азаматтар үйіне оралған кезде үйдегілерге вирус таратып, жақындары мен туыстарына жұқтырып алуы мүмкін екенін түсінуі керек. Қазіргі уақытта барлық жасырын жолдар, аллеялар, айналма жолдар жабылды, ол жақта тәулік бойы полиция мен Ұлттық ұлан жауынгерлері кезекшілік етеді. Қаланың арғы бетінде Алматы облысындағы әріптестеріміз де кезекшілікте. Қалаға кіру немесе шығу үшін заңға қайшы әрекеттерге баратын адамдар қатаң жазаланады. Саналы азаматтар вирус жұқтырып алмау үшін тіпті үйлерінен шықпайды. Сондықтан біз Алматы қаласы мен Алматы облысының тұрғындарына үйде болу және жақын адамдарына уақыт бөлуге кеңес береміз. Карантин режимінде неғұрлым қатал болсақ, соғұрлым тезірек аяқталады. Мұның бәрі өзімізге байланысты», - деді Алматы қалалық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Нұрлан Алмасбеков.
Карантин режімін бұзғандардың тағдырын Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты шешеді. ҚР ӘҚбК-нің 476-бабының 1-тармағына сәйкес, режим бұзушылар 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынады. Еске салайық, Алматыда бас мемлекеттік санитар дәрігердің міндетін атқарушының 18 наурыздағы № 8 бұйрығына сәйкес 19 наурыз 00:00-ден бастап COVID-19 коронавирус инфекциясының Қазақстан Республикасының басқа аймақтарының аумағы таралуына жол бермеу мақсатында адамдарға Алматы қаласына кіріп-шығуға тыйым салынған болатын.