Атырауда өрт қаупі күшейді. Мамандар осы бастан-ақ дала өрті қарашаға дейін жалғасатынын айтып отыр. Жыл сайын қайталанатын қамыс өрті өңірге айтарлықтай салмақ түсіруде.
Қамыстан төнер қауіп көбейді
135
оқылды

Ресми мәлімет бойынша, биылғы өрт қаупінің кезеңі 26 наурыздан басталған. Содан бері резерват күшейтілген режимге көшіп, алдын алу шараларын жүргізуде. Алайда мамандар мен қоғам белсенділері мәселенің түпкі себебі жүйелі түрде шешіл­мей отырғанына наразы. 

«Ақжайық» резерватының күзет инженері Гүлмаржан Бейімбетованың айтуынша, өрттің алдын алу мақсатында биыл 24 ша­қырым жаңа минералдандырылған жолақ салынып, 131 шақырым қорғаныс жолағы жыртылған. Ғылыми зерттеулер негізінде 16,31 гектар аумақта қамыс шабу және тазалау жұмыстары жүргізілген. Соны­мен қатар ауылдық округ тұрғындары­мен кездесулер өтіп, ескерту тақталары жаңартылған. «Қазір резерват аумағында тәулік бойы патрульдік бақылау ұйымдас­тырылып отыр. Үш бекетте кезекшілік қойылып, дрон арқылы әуеден бақылау жүргізілуде. Техника жеткілікті. Қазір арна­йы техника, мотопомпа, трактор, КамАЗ, Трекол және сулы-батпақты жер­лерге арналған екі арнайы көлік дайын тұр. Тағы екі техника сатып алынбақ. Бұдан бөлек, өртті ерте анықтауға арналған үш бақылау мұнарасы орнатылған. Әр мұнара 15-20 шақырым радиустағы түтінді анықтай алады. Түтін байқалған жағдайда резерв басшылығы, Төтенше жағдайлар департа­менті мен инспекция қызметкерлері бірден іске кіріседі»,  – дейді ол.

Соған қарамастан, кейінгі жылдары қамыс өртінің көлемі азаймай отыр. Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракция­сының мүшесі Әділ Жұбановтың айтуынша, 2023-2025 жылдары резерват аумағында ұзақтығы 35 күнге дейін созылған барлығы 18 ірі өрт тіркелген. Депутат бұл жағдайды тек табиғи факторлармен байланыстыруға болмайтынын ашық айтты.

«Бұл тек табиғи апат емес, жүйесіз бас­қару­дың салдары. Материалдық-тех­никалық база әлсіз, бақылау жеткіліксіз», – деді депутат Үкімет басшысына жолдаған сауалында.

Әділ Жұбановтың мәліметінше, 2023-2027 жылдары резерваттың материалдық-техникалық базасын жақсартуға 1 миллиард теңге қарастырылған. Бұдан бөлек, табиғатты қорғау мекемелеріне техника мен бақылау жүйелерін сатып алуға 55,1 миллиард теңге бөлінген. Бірақ депутаттың пікірінше, бөлінген қаржы нақты нәтиже бермеген.

Сын тек Парламенттен ғана емес, қоғам тарапынан да айтылып отыр. Себебі көктем мен жаз мезгілінде Атырау қаласын қою түтін басып, тұрғындар бірнеше апта бойы қолайсыз жағдайда өмір сүруге мәжбүр болады. Экологтар қамыс өрті тек ауа сапасына әсер етіп қоймай, адамдардың саулығына, сирек кездесетін құстар мен жануарлардың мекен ету ортасына қауіп төндіретінін айтады.

Лаура Маликова – созылмалы демікпеге шалдыққан қала тұрғыны. «Шыны керек, мен тек қыс мезгілінде ғана емін-еркін жүре аламын. Жылдың басқа мезгілдерінде мен үшін өз қаламда өмір сүру қиындайды. Күн жылынысымен басталатын қамыс өрті күз аяқталғанша жалғасады. Қамыс өртінің бір күнде өшпейтіні белгілі. Әрине өрт сөндіретін жігіттердің еңбегін жоққа шығарғым келмейді. Бірақ билік өртті өшірумен ғана шектелмей, оны болдырмау­дың жолдарын қолға алса екен», – дейді ол. Үнемі дәрінің күшімен жүретін Лаура өрт кезінде дем ала алмай, тұншығатынын жеткізді.

Атырау облысы денсаулық сақтау бас­қар­масының мәліметіне қарағанда, Атырауда бронхиалды демікпеге шалдыққан тұрғындар саны көбейген. 2024 жылы 447 адам есепке алынса, 2025 жылы аталған сырқатқа шалдыққан 630 адам анықталған. Сондықтан қамыс өртінің тұрғындар саулығына зиянының қаншалықты зор екенін осы сандарға қарап та бағамдауға болады. 

Қамысты кәдеге асыру мәселесі Атырауда бірнеше жылдан бері көтеріліп келеді. Алайда бұл мәселенің талқыдағы тақырып деңгейінен аса алмай келе жатқаны өкінішті. Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов өңірде қамыс қоры жеткілікті екенін және инвесторларға қолдау көрсетуге дайын екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, осыдан біраз бұрын Қытайдан келген инвесторлар қамыстан қағаз өндіретін зауыт салуға қызығушылық танытқан. Алайда жоба көп мөлшерде су мен энергия ресурсын қажет еткендіктен, тоқтап қалған.

Ал бұл уақытта Атырау жастары мәселені технология арқылы шешуге талпынып жа­тыр. Атыраудағы техникалық бағытта білім беретін JasUp орталығында оқушылар Нұр­дәулет Нұрмұхан мен Парасат Сакишев қамыс өртін ерте анықтайтын робот-дрон жобасын жасап шығарды. Құрылғы инфра­қызыл камера арқылы өрт белгілерін анықтап, ақпаратты жедел қызметтерге жібереді. 

Жобаның техникалық бөліміне жауапты Парасат Сакишевтің айтуынша, дрон то­лық­тай қолдан құрастырылған. «Бұл – он дюймдық дрон. Яғни қатты жел сияқты қолай­сыз ауа райында да тұрақты ұша ала­ды. Қазір біз оның мүмкіндіктерін әлі де жетілдіріп жатырмыз», – дейді жас өнертапқыш.

JasUp жобасының менеджері Асқар Алданның айтуынша, жоба авторлары дронды бір жылдан астам уақыт бойы дамытып келеді. Алдағы уақытта Төтенше жағдайлар департаменті және жергілікті әкімдікпен бірлесіп жұмыс істеуді жоспарлап отыр екен.

Жас өнертапқыштардың бастамасы қоғамда үміт тудырғанымен, мамандар мәселені тек дронмен немесе уақытша шаралармен шешу мүмкін емес екенін айтады. Өрттің алдын алу үшін кешенді экологиялық саясат, нақты бақылау, тұрақты қаржыландыру және жауапты мекемелер арасындағы үйлесімді жұмыс қажет.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА,

Атырау облысы