Алматыны дамыту орталығы жанындағы жобалық кеңсенің «Көлік жүйесін дамыту» базалық бағытын іске асыру тобының жетекшісі Артур Шахбазян Алматы таулы кластеріндегі көлік қолжетімділігі қалай өзгеретінін айтты.
Көкжайлау: Алматы таулы кластерінде көлік жүйесі өзгереді
Фото: istockphoto.com
151
оқылды

Алматыны дамыту орталығы жанындағы жобалық кеңсенің «Көлік жүйесін дамыту» базалық бағытын іске асыру тобының жетекшісі Артур Шахбазян Алматы таулы кластеріндегі көлік қолжетімділігі қалай өзгеретінін айтты. Оның сөзінше, жоба жеке көліктердің қозғалысын шектеп, қоғамдық көлік пен шаттл жүйесін күшейтуге бағытталған.

Көлік тұжырымдамасы 2024 жылдан бері әзірленіп жатыр

Артур Шахбазян соңғы үш жылда Алматы агломерациясының көлік жүйесін дамыту бағытында жұмыс істегенін айтып, мәселе тек Көкжайлауға емес, жалпы Алматы тау кластеріне қатысты екенін жеткізді.

Оның айтуынша, 2024 жылы Кіші Алматы шатқалының көлік қолжетімділігі тұжырымдамасы әзірленген. Ал 2025 жылы Туризм басқармасы Үлкен Алматы шатқалының көлік қолжетімділігі бойынша концепция дайындаған.

«Бұл тұжырымдама жеке автокөліктердің кіруін шектеуді, бірақ қоғамдық көлік арқылы қолжетімділікті арттыруды көздейді», – деді ол.

Қаланың ішінде және шатқал бойында тұрақтар салынады 

Жоба аясында арнайы перехваттық тұрақтар салу жоспарланған. Олар қаланың ішінде де, тау бағытындағы жолдардың бойында да орналасады.

«Қалаға жақын орналасқан тұрақтардың сыйымдылығы үлкен әрі қолжетімді болады», – деді Шахбазян.

Оның сөзінше, жүргізушілер көліктерін сол тұрақтарға қалдырып, ары қарай шаттлдармен қатынай алады.

Электрлі шаттлдар 10 минут сайын жүреді

Жоспар бойынша, бағыттарға 30 адамға дейін сыятын шаттлдар мен электрлі шағын автобустар қатынайды. Олар туристік курорт инфрақұрылымымен бірге іске қосылмақ.

«Шаттлдар кемінде әр 10 минут сайын қатынайды. Сонымен қатар 12, 21, 28 және Үлкен Алматы шатқалына қатынайтын 211 бағыттағы автобустардың жұмысы күшейтіледі», – деді маман.

Жол бәріне ашық болмайды

Жоба аясында жаңа кіреберіс жолдар салынғанымен, олар барлық жүргізушіге қолжетімді болмайды.

«Бұл жолдар барлық жеке көлік үшін емес. Олар шаттлдарға, қоғамдық көлікке және курортты қызмет көрсетуге арналған техникаларға пайдаланылады», – деді Артур Шахбазян.

Оның айтуынша, негізгі мақсат – жолдарды кеңейту емес, көлік ағынын дұрыс ұйымдастыру.

«Кептеліс көлік көптігінен емес, қозғалыс дұрыс болмағандықтан пайда болады»

Маман қазіргі таңда таулы аймақтарда көлік қозғалысы реттелмегенін айтты.

«Кептеліс көлік саны көп болғандықтан емес, қозғалыс дұрыс ұйымдастырылмағандықтан пайда болады. Сондықтан негізгі міндет – ағынды дұрыс басқару», – деді ол.

Шахбазянның сөзінше, бұл шешімдер қазір Көкжайлау мен Алматы тау-шаңғы курорты жобасын әзірлеп жатқан мамандармен бірге талқыланып жатыр.

Андрей Кукушкин: Алматы тау кластері экономикаға қызмет ететін кез келді

PR маманы, Еуразиялық тау курорттары альянсының бас хатшысы әрі өзі де тау шаңғысымен тұрақты түрде айналысатын Андрей Кукушкин әлемнің көп мемлекеттерін аралағанын, таудағы курорттарымен шаңғы жолдарымен таныс екендігін айта келе, Алматы тау кластері бәсекеге қабілетті және Көкжайлау жобасы экономикаға қызмет ететін кез келгенін атап өтті.

Алматыда тау кластерін дамытуға арналған қоғамдық тыңдаулар барысында жекелеген азаматтар іс-шараның қалыпты өтуіне кедергі келтіруге әрекет жасады.

Залда болған кейбір азаматтар өздерін қоғамдық белсенділер ретінде таныстырып, тыңдаудың барысын бірнеше рет бұзуға тырысты. Олар орындарынан айқайлап, зал ішінде бір орыннан екінші орынға өтіп жүріп, агрессивті мінез көрсетті. Ұйымдастырушылар мен модераторлардың ескертуіне қарамастан, тәртіп сақталмаған жағдайлар тіркелді.

Оқиға барысында қоғамдық тәртіпті бұзған азаматтардың бірін Алматы қалалық Полиция департаментінің қызметкерлері залдан алып шықты. Қазіргі уақытта қоғамдық тыңдаулар жалғасып жатыр.

Еске салайық, Алматыда Көкжайлау жобасы аясындағы Almaty Superski бастамасына қатысты қоғамдық тыңдаулар өтіп жатыр. Жиынға қала тұрғындары, экологтер, қоғам белсенділері, туризм және бизнес саласының өкілдері, сондай-ақ жобаға қызығушылық танытқан барлық азаматтар қатысуда. Тыңдаулар барысында тау кластерін дамыту, туристік инфрақұрылымды жетілдіру, экологиялық мәселелер мен экономикалық тиімділік жан-жақты талқыланып жатыр.

Алматы Орталық Азиядағы ең ірі тау туризмі орталығына айналуы мүмкін – Шоқанов

Қазақстан альпинизм және спорттық құзға өрмелеу федерациясының президенті Нұрсұлтан Шоқанов Алматының Орталық Азиядағы ең ірі тау туризмі орталығына айналуға толық мүмкіндігі бар екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, Almaty Super Ski жобасын жүзеге асыру және тау кластерін кеңейту қала экономикасына айтарлықтай серпін беріп, халықаралық бәсекеге қабілеттілігін арттыра алады.

Алматыдағы тау инфрақұрылымын дамытуға арналған талқылау барысында Нұрсұлтан Шоқанов қаладағы тау кластеріне түсетін жүктеменің жыл сайын артып келе жатқанын айтты. Оның сөзінше, қазіргі инфрақұрылым сұранысты толық қамтамасыз ете алмай отыр.

– Біз күн сайын инфрақұрылым тапшылығын және Алматы тау кластеріне түсетін жүктеменің артып жатқанын көріп отырмыз. Қаланың әрі қарай дамуы үшін нақты қандай шешімдер қажет екенін жақсы түсінеміз, – деді ол.

Шоқановтың айтуынша, бүгінде Алматы – Қазақстандағы спортшыларға жыл бойы толыққанды дайындық жасауға мүмкіндік беретін жалғыз қала. Қазіргі таңда альпинизм және спорттық құзға өрмелеу бойынша ұлттық құраманың 60 пайыздан астамын алматылық спортшылар құрайды.

Федерация президенті Almaty Super Ski жобасы аясында 150 шақырымнан астам жаңа шаңғы трассасын салу жоспарланып отырғанын айтты. Жоба Шымбұлақ, Пионер, Oi-Qaragai, Кимасар және Бутаковка курорттарын біртұтас жүйеге біріктіруді, сондай-ақ Көкжайлау бағытын дамытуды көздейді.

– Алматының Орталық Азиядағы ең ірі тау туризмі орталығына айналуына барлық алғышарт бар, – деді Нұрсұлтан Шоқанов.

Ол бұл бағыт тек шаңғы трассалары мен аспалы жолдар салумен шектелмейтінін атап өтті. Оның пікірінше, саланы толыққанды дамыту үшін қонақүйлер, көлік қолжетімділігі, инженерлік желілер, қауіпсіздік жүйелері және заманауи сервистік инфрақұрылым қатар дамуы қажет.

Спикер туризм саласының экономикалық әлеуетіне де тоқталды. Оның мәліметінше, тек 2025 жылдың өзінде Алматыға шамамен 2,5 миллион турист келген. Ал туристік қызметтердің көлемі 110 миллиард теңгеден асқан.

– Қосымша бір миллион турист өңір экономикасына шамамен 900 миллион доллар тікелей экономикалық әсер әкелуі мүмкін, – деді федерация президенті.

Нұрсұлтан Шоқанов Азиядағы тау туризмі саласындағы бәсеке де күшейіп келе жатқанын айтты. Оның сөзінше, Қырғызстан халықаралық туристік бағыттарды белсенді дамытып жатыр, ал Қытай қысқы спорт түрлеріне жүйелі түрде инвестиция құюда.

Сондықтан ол Алматы үшін өз әлеуетін кәсіби, жүйелі әрі экологиялық талаптарды сақтай отырып дамыту маңызды екенін атап өтті.

Көкжайлауға қатысты барлық күмәнді ойлар ортаға салынды

Дәл осы сәтте Алматыда өтіп жатқан Almaty Superski тау курорты жобасына арналған қоғамдық тыңдауда қоғам қайраткері Мұхтар Тайжан жобаны қолдап сөз сөйледі. Ол Көкжайлау төңірегінде көп жылдан бері қалыптасқан күмән мен қорқыныштардың басым бөлігі бұрынғы таптаурын түсініктерге негізделгенін айтады.

Спикер соңғы 13 жылда аумақтың инфрақұрылымсыз қалғанын сынға алып, соның салдарынан қауіпсіздік мәселелері, қоқыс пен табиғатқа түсетін салмақ артқанын айтты. Оның пікірінше, заманауи туристік инфрақұрылым бұл түйткілдерді жүйелі түрде шешуге мүмкіндік бермек.

Мұхтар Тайжан жоба аясында тұрғын үй кешендері салынбайтынын, жер мемлекет меншігінде қалатынын ерекше атап өтті. Сондай-ақ курорт халықаралық деңгейдегі туризм орталығына айналып, Алматы экономикасына серпін беруі мүмкін екенін жеткізді.

Қоғам беосендісі жоба балалар спорты мен қысқы туризмді дамытуға да жол ашатынын атап өтті. Мектеп оқушыларын шаңғы спортына тегін баулу тәжірибесін Еуропа елдеріндегідей енгізуге мүмкіндік тумақ.

Мұхтар Тайжан экология, қар, көшкін және су ресурстары төңірегіндегі алаңдаушылықтарға да тоқтала келе, қазіргі технологиялар қауіпсіздік пен табиғатты қорғау талаптарын қамтамасыз етуге қабілетті екенін атап өтті. Сонымен қатар тарихи-мәдени мұра нысандары сақталып, бағыттардың бір бөлігіне айналатынын жеткізді.