Автордың бұған дейінгі академиялық еңбектеріне қарағанда, жаңа кітап қалың оқырман қауымға арналып отыр. Сұлтан Әкімбеков тарихты баяндаудың дәстүрлі сипаттамалық тәсілінен бас тартып, «Неліктен оқиғалар дәл осылай өрбіді?» деген іргелі сұраққа жауап іздейді.
Астанада Сұлтан Әкімбековтің жаңа кітабының тұсауы кесілді
129
оқылды

«AMANAT» партиясының Орталық аппаратында Қоғамдық саясат институтының  SocioExpertClub  диалог алаңында белгілі тарихшы, саясаттанушы әрі Азиялық зерттеулер институтының директоры Сұлтан Әкімбековтің «27 битв кочевников Евразии» атты жаңа кітабының тұсауы кесілді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Кездесуге еліміздегі жетекші тарихшылар, саясаттанушылар, әскери сарапшылар және талдаушылар қатысты. Пікірталас барысында дала өркениеті мұрасын жаңадан зерделеу, оның жаһандық әскери өнерге ықпалы мәселелері, сондай-ақ тарихи жадтың қазіргі ұлттық бірегейлікті қалыптастырудағы рөлі талқыланды.

Автордың бұған дейінгі академиялық еңбектеріне қарағанда, жаңа кітап қалың оқырман қауымға арналып отыр. Сұлтан Әкімбеков тарихты баяндаудың дәстүрлі сипаттамалық тәсілінен бас тартып, «Неліктен оқиғалар дәл осылай өрбіді?» деген іргелі сұраққа жауап іздейді.

Зерттеушінің негізгі тұжырымына сәйкес, көшпенділердің негізгі артықшылығы – дербес әскери шеберлігінде немесе қару-жарақ сапасында ғана емес, қоғамды ұйымдастырудың бірегей жүйесінде. Отырықшы мемлекеттер еңбек бөлінісіне тәуелді болса, ұлы дала төріндегі әрбір ер адам мобильді әскери жасақтың құрамына кірді. Осындай тұрақты қауіп Қытай сияқты алып мемлекеттерді бірыңғай орталықтандыру қадамына баруға, Ұлы Қытай қорғанын салуға мәжбүрледі. Ал қуатты империяларға қарсы тұру қажеттілігі көшпенділерді алып далалық бірлестіктер құруға итермеледі.

Кітапта және пікірталас барысында әскери-саяси ұйымдасу феноменіне ерекше назар аударылды. Автор шығыс тайпаларының тарихи тұрғыда батыс тайпаларынан неге басым болғанын, сондай-ақ жоңғарлардың қатаң басқару жүйесі ұзақ уақыт бойы бытыраңқы қазақ тайпаларына қалай қауіп төндіргенін жан-жақты талдады.

Осы текетірестегі маңызды кезеңдердің бірі – аңызға айналған Аңырақай шайқасы. Дәл осы тұста қазақтың үш жүзі бірлесіп, ортақ жасақ құрды. Қаптап келген қалың жауды тоқтатты. Бұл қадам – мемлекеттіліктің болашағын айқындаған тарихи оқиға.

«Біз қазір – тарихи жады үшін жүріп жатқан соғыс дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Өткенімізді білмесек, тамырынан айырылған, басқаруға оңай халыққа айналамыз. Тарих – шаң басқан кітаптар емес, ол – болашақта елімізді аман алып қалар кодымыз. Ұзақ уақыт бойы көшпенді халықтардың тарихын дала ұландарына сыни көзқараспен қараған отырықшы өркениеттер жазып келді. Бүгінде біз бұған басқаша қараймыз. Біздің тарихымыз – үздіксіз қозғалыстың, бейімделудің және икемділіктің шежіресі. Көптеген өзге мемлекеттер жойылып кеткен тұста да дәл осы әлеуметтік және саяси икемділік қазақтарға ұлан-ғайыр аумағы мен өзіне тән болмысын сақтап қалуға мүмкіндік берді. Бұл кітап соғыс туралы емес, қазіргі шындығымызды қалыптастырған тарихи контекст туралы», – деді Сұлтан Әкімбеков.

Жаңа кітаптың тұсаукесеріне қатысқан азаматтар көшпенділер өркениеті қазіргі Қазақстанға тек аумақтық шекараларды ғана емес, сонымен қатар жаңашылдыққа ашықтық, бейімділік және еркіндікке деген терең ұмтылыс секілді маңызды менталдық негізді де мұра етіп қалдырғаны туралы ортақ пікірге келді. «27 битв кочевников Евразии» кітабының таныстырылымы дала өркениетінің Еуразия аумағындағы тарихи үдерістерге ықпалын ғылыми тұрғыда талдаудың жаңа кезеңін айқындады.