Мемлекеттік кірістер органдары кәсіпорындарды қайта ұйымдастыру арқылы салықтық жеңілдіктерді заңсыз алуға тырысқан бірқатар жағдайды анықтады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Белгілі болғандай, кейбір компаниялар қосылған құн салығы (ҚҚС) бойынша міндеттемелерден жалтару үшін түрлі схемаларды пайдаланған.
2021-2024 жылдар аралығында қайта ұйымдастыру кезінде ҚҚС сомаларын негізсіз есепке алған 263 заңды тұлға анықталды. Жалпы көлемі 31,7 млрд теңгені құраған бұл сомалар есептен шығарылып, нәтижесінде бюджетке 3 млрд теңге түсті.
Сонымен қатар ҚҚС бойынша артық есептелген 20 млрд теңге қысқартылды. Салық органдары жүргізген жұмыстардың заңдылығын сот та қолдап отыр. Бүгінге дейін кассациялық сотта қаралған 10-нан астам іс толықтай мемлекеттік кірістер органдарының пайдасына шешілген.
